Баласымен бірге іс-түссіз жоғалып кеткен әйел табылды

20 Маусым 2022, 13:22 1231

Түркістан облысының полицейлері кішкентай баласымен бірге із-түссіз жоғалып кеткен әйелді Шымкенттен тапты, – деп хабарлайды El.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

10 маусымда төрт айлық кішкентай баласымен бірге үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, із-түссіз жоғалған жас әйел Түркістан облысы полицейлерінің жүйелі және жоспарлы түрде жасаған жұмысының арқасында табылды. Сауран аудандық полиция бөліміне 14 маусымда жергілікті тұрғын әйел арызданып, келіні мен төрт айлық немересі жоғалғанын айтып, көмек сұраған болатын.

Арыз түсе салысымен киелі өңірдің сақшылары толық құрамда жұмылдырылып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Полицейлер әйелдің баруы мүмкін деген орындарды тексеріп, таныстары арасында сұрастыру жұмыстарын атқарды. Жан-жаққа бағыттамалар жіберілген. Із-түссіз жоғалу жайты болғандықтан, барлық қажетті шаралар жүзеге асырылып, іздеу жұмысына еріктілер де тартылған. Тәртіп сақшылары жоғалған әйелдің айрықша белгілерін жазып, суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдары мен сайттарға жолдады.

Шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, 4 күнде із-түссіз кеткен әйел мен кішкентай нәресте Шымкент қаласындағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығынан табылды. Полицейлер әйелмен байланысқа шығып, онымен психологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Белгілі болғандай, жас әйел енесімен арасында болған отбасылық келіспеушіліктің салдарынан жақындарына айтпай кетіп қалған. 

Қазіргі таңда жоғалған келіншектің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ, жағдайы жақсы. Олар туыстарына аман-есен тапсырылған. Түркістан облысының полицейлері жоғалған жанды тез арада табуға ат салысып, іздеу жұмыстарына қатысқан барша жандарға алғыс білдіреді.

Бөлісу: