Баланың тән саулығы мен жан саулығы. Педиатр мен психолог кеңесі

2 Маусым 2023, 10:26 2303

Бала – бауыр етің. Әкесінің білек еті, анасының – жүрек еті. Бар жақсысын баласына беруге тырысатын ата-ана кейде «Осы істегенім дұрыс па, жалпы мұндайда қандай әрекет ету керек?» деп ойланып жатады. Әлеуметтік желідегі ақылға тұнған жазбалар мен кеңестер «күшті ата-ана болу» синдромына шалдықтыруы мүмкін жағдайлар да болып жатады. Кейде өте қарапайым дүниеге мән бермей, маңызды екенін ескермей жатамыз.  Бүгінгі балаларды қорғау күніне орай, педиатр және балалар психологы бірнеше сұраққа жауап берді.

Пайдалысынан гөрі зиянды әдеттің ықпалына тез түсетін заманда балалардың денсаулығына қамқорлық жасау – әлеуметтік дамудың маңызды аспектілерінің бірі. Балалар-біздің бүгініміз ғана емес, ұлтымыздың болашағы. Ұлттың ең құнды байлығы – балалардың физикалық және эмоционалдық денсаулығына ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтер бойынша, бүгінде елімізде 6 миллионнан астам бала бар. Оның 51,5 пайызы ұлдар болса, қалған 48,5 пайызы қыздар екен.

Баланың денсаулығы мықты болуы үшін не істеу керек?

Педиатр Сұлушаш Қожабайқызы балалардың денсаулығы мықты болуы үшін неге мән беру керек екенін түсіндірді.

Баланың денсаулығы мықты болуы үшін қарапайым бірқатар маңызды қағиданы атап өтейін. Баланың ұйқысына назар аудару керек. Егер 6 жастан төмен бала болса, міндетті түрде күндіз ұйықтауы тиіс. Ал 6 жастан асқан балаларға күндізгі ұйқының айтарлықтай қажеттілігі жоқ, сондықтан ұйықтамаса да болады. Дегенмен, таңертең 7-8-де оянып, кешкі 21:00-22:00 аралығында ұйқыға кету керек. Бөлменің қараңғы және салқын, тыныш болуына да мән берген жөн. Бұл мелатонин гормонының бөлінуі үшін қажетті шарттар. Екіншісі, қимыл-қозғалысының болуы. Қандай жастағы бала болса да организм үшін күнделікті қозғалу керек. Лимфа ағысының және органдардың дұрыс жұмыс істеуі үшін өте маңызды.

Үшінші қағида – дұрыс тамақтану. Тамақ рационында ақуыз, май және көмірсулардың бәрі қамтылатындай жағдай жасау керек. Таңертең, түсте, кешке балалар толыққанды тамақтануы керек. Төртіншісі – су. Салмағына байланысты күнделікті тәуліктік қажеттіліктегі суды ішіп отыруы керек. Осы төртеуі – өте маңызды нәрселер.

Қалай тамақтанғаны дұрыс?

6 айдан бастап қосымша тамақ енгізе бастайды. Сол кезде барынша табиғи өнімдерді қолдану керек. Дүкеннің пюресі мен паучтар сияқты емес, барынша ақуыз, май, клетчатка, көмірсу балансын сақтап, тамақ рационы бай болуы керек. Бала өсіп келе жатқан организм болғандықтан ақуыз ағзаға қажетті негізгі құрылыс материалындай есептеледі. Сондықтан күн сайын рационда міндетті түрде май, ақуыз бен көмірсу болуы керек.

Ақуыздарды баланың өсуі үшін, иммуниеттің қалыптасуы үшін қажетті құрылыс материалы болса, майлар гормондар үшін қажет. Сонымен қатар, ішіп жатқан витаминдердің сіңуі үшін, асқазан-ішек жолының жұмысы үшін майлардың жеткілікті мөлшерде түсіп тұруы маңызды. Ал клетчатка және күрделі көмірсулар тойымды етеді. Яғни, баланың жарты сағат сайын қарны ашып, тамақ сұрамайды.

Баланың тәбетін қалай арттыруға болатынын айтайын. Біріншіден, отбасыңызға тамақтану режимін орнатыңыз. Оған бірге отырып, бір уақытта тамақтану кіреді. Барлық отбасы мүшесі осы режимге бағынуы керек. Жеке отырып немесе жүріп-жүріп, тіскебасарға тойып қалмауы керек. Сол кезде баланың тамаққа қызығушылығы артады. Екіншіден, рационды түрлендіріңіз. Күнде бірдей тамақ,  ұзақ уақыт бойы тек пюре болмауы керек. Бір тарелкеде көкөніс, ақуыз, май балансын сақтап отырыңыз. Үшіншіден, балаға үлгі болыңыз. Балаға қандай тамақ ұсынсаңыз, соны өзіңіз де, басқа отбасы мүшелері де жегені дұрыс. Брокколи алып, балаңызға ғана бермеңіз. Отбасы немен тамақтанса, баланың да соған тәбеті ашылады.  

Қандай профилактикалық тексерістерден өткізу керек?

Бір жасқа дейінгі балалар ай сайын педиатрдан және үш, алты, тоғыз, он екі ай сайын невропатолог, хирург, ортопед сияқты мамандардан өзінің жасына байланысты мемлекет бекіткен жоспарлы тексерістерден өтуі керек. Одан бөлек, жасы үлкен балалар жылына кемі екі рет невропатолог секілді жеке маманнан, ал үш жастан әрі қарай жылына бір рет тексерістерден өтіп тұруы керек. Әрине, бұл аралықта шағым болған кезде педиатрға хабарласып, сол арқылы қажетті тексерістерді жоспардан тыс өткізе беруге болады.

Балалар сау болып өсуі үшін ата-ана не істеуі керек?

Ата-ана балаға қимыл-қозғалысты қамтамасыз етіп, барынша бала болып қалуына мүмкіндік беру керек. Қазіргі заманда гиподинамия, яғни, қозғалыстың аз болуынан көптеген аурулар өршіп жатыр. Бала өз жасына сай дамысын, бала болып ойнасын, қимылдасын, қызығатын дүниесінің бәрін ұстап-көруіне рұқсат беру керек. Осының барлығы баланың физикалық және эмоциналды денсаулық тұрғысынан сау болуына септігін тигізеді.

Тамақтану біздің уақытта қиын мәселеге айналды десем артық емес. Фаст-фудтар мен газды сусындар, неше түрлі торттар мен тәтті бәліштердің қолжетімді болуы кері әсер етіп жатыр. Ал баланың иммунитеті – тікелей тамақтану рационына байланысты. Сондықтан, ата-аналар балаларының не ішіп, не жейтінін қадалағаса деймін. Мектеп жасындағы балаларына дүкеннен алуға болатынын не болмайтынын түсіндіріп, зиянды заттарға шектеу қойғаны жөн. Табиғи өнім, құрамы таза тамақ сатып алу керек.

Қандай витаминдерді анализсіз ішуге болады?

Баланың ағзасына күнделікті түсіп отыруы тиіс бірнеше дәрумендерді атап өтейін. Еліміз йод дефицитті аймақ болғандықтан, профилактикалық дозада барлық адамға күнделікті  йод қабылдау қажет. Йод қалқанша безінің жұмысын реттеп, иммунитетті көтеруге, гормондарды реттеуге қатысады.

Витамин С (аскорбат түрі)- иммунитетті көтеріп қана қоймай, бүйрекүсті безінің шаршағыштығын, тамақпен түсетін темірдің жақсы сіңіруіне әсер етеді. Магний тәулігіне 300-ден астам биохимиялық процесстерге қатысады. Нерв жүйесі, бұлшық ет, жүрек аурулары, іш қату кезінде көмегі зор. Д витамині профилактикалық дозада мезгіл-маусымға қарамастан қабылдануы тиіс. Себебі, өсіп келе жатқан ағзаның сүйек-бұлшық ет жүйесі үшін маңызы зор. Сонымен қатар, иммунитетті арттыруға, нерв жүйесіне де әсер етеді.

Әсем Ілесбай – балалар психологы. Ол баладағы өзгеріс, өзін бағалауы және ауыр травма бойынша жұмыс істейді. Әсем ханымның айтуынша, балалардың психологиялық проблемасы ата-анасымен тікелей байланысты. Психолог көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап береді.

Бала қайтсе бақытты болады?

«Бала ата-анасы бақытты болған кезде бақытты болады». Менің терапиямдағы 15 жасқа дейінгі балалардың психологиялық проблемасы 80-85 пайызы ата-аналарға байланысты болады. Ата-анасының психикалық жағдайы қандай болса баланың жағдайы да дәл сондай. Бақытты балалық шақ сыйлағыңыз келсе – отбасы құрмай жатып, психологтың жеке терапиясына барған дұрыс. Себебі, үлкендердің психологиялық травмасы – балаларға проекцияланады. Сол нәрсе өтпес үшін уақытында саналы түрде жұмыс істеген жөн. Тіпті, терапияға бармайтын жағдайда отбасында әркім өзінің рөлін дұрыс сомдай алғаны дұрыс. Ер адам әке мен күйеу рөлін, әйел адам ана рөлін, ол күйеуіне де анасындай болып кетпеуі керек. Әр адамның өз функциясын атқаруы көптеген мәселенің алдын алады. Балаға көп дүниенің қажеті де жоқ. Оған махаббат пен көңіл бөлінсе болғаны. Бала махаббатқа тойып өссе, анасы жеткілікті емізсе, анасы жұмысқа шығып кетпей, жеткілікті деңгейде қараса, ерте жастан бала-бақшаға беріп жібермесе бала бақытты болады. Көптеген травмалар баланың 1,5 жастағы кезең мен 3 жастағы кезең дұрыс өтпегендіктен болады.

Ата-аналар баласының жеке тұлға болып қалыптасуы үшін қандай жағдай жасауы керек?

Жеке тұлға болып қалыптастыруы үшін ата-ананың өзі жеке шекарасы  бар тұлға болуы керек. Егер ата-анада бұл жоқ болса, баланың да бойында болмайды. Себебі, бала ата-анадан көрген нәрсесін толықтай қайталайды. Сондықтан ата-ана тұлға ретінде қалыптасуы керек. Жеке тұлға болып қалыптасуы үшін баланың жеке шекарасын сақтауымыз керек. Баланың қалауын ескеруіміз керек. Мысалы, тек баланың айтқанын ғана жасап қоймай, керек тұста оның пікірін біліп, ескеруіміз керек. Біз балаға оның қандай маңызды адам екенін, оның пікірі де біз үшін маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Ұнамайтын нәрсесін үнемі ашық талқылап отырған дұрыс. «Неліктен саған ұнамайды? Келесіде қандай болғанын қалайсың?» деген секілді сұрақтар қою арқылы, ойындағысын ашық айтқыза білу керек.

Баланы зорлық-зомбылықтан қалай қорғаймыз?

Балаға жыныстық тәлім-тәрбие беру туралы ойлану керек. Жыныстық сауат – тек жыныс мұшелері емес, жалпы баланың дене мүшелерімен таныс болу. Жыныстық сауаттылықты 3 жастан бастаған дұрыс. «Балам, мынау сенің қолың, аяғың, көзің» деген ұғымдарды 1 жастан бастап түсіндірсек, жыныс мүшесі туралы 3 жаста бастаймыз. Себебі, сол жастан бастап «мен ұлмын, мен қызбын» деген идентификация қалыптасады. Психоанализ бойынша гениталдық кезең деп аталады. Осы кезде «Балам, қыз бен ұлдың өз жыныс мүшесі болады» деп балаға түсіндіру керек. Жыныстық сауаты ерте қалыптасқан баланың түсінігі дұрыс қалыптасады. Ол әр мүшесінің мәнін түсінгенде қызығушылық сезімі болмайды. Неліктен балалар педофилге еріп кетеді? Оған «мына нәрсені көрсетемін» дегенде оның қызығушылығы оянып, қалай көніп қалғанын білмейді. Ал біз балаға «оны сенен басқа ешкім көруіне, ұстауына, тиісуіне болмайды» деп үйретеміз. «Ол іш киіміңнің ішінде, оны сен ғана көріп, ұстай аласың» деп түсіндіреміз. Шектеу де қоймауымыз керек. Себебі, бұл оның өмірінің бір бөлшегі. Ал педофилдар ішкі тірегі қалыптаспаған, ата-анасымен қарым-қатынасы орнықпаған баланы бірден сезеді. Айтсаң еріп кете беретін балалар көбіне зорлықтың құрбаны болады. Оларды бір көргеннен емес, біраз уақыт бойы аңдып, бақылап жүреді. Ұзақ уақыт бойы зерттейді. Ата-анасының көңіліне мұқтаж не жеткілікті байланыс орнатпаған баланы зорлайды. Сондықтан да, баланың жеке тұлға болып қалыптасуы өте маңызды. Баланың осы өмірге келгені үлкен қуаныш, оның бар болғаны маңызды екенін түсіндіріп, шартсыз жақсы көрсе өз-өзіне сенімді болып өседі. Педофилдар өзіне сенімді баладан қорқады. Себебі, олардың да өз травмасы бар. Педофилдар да бала кезінде зорлық-зомбылыққа душар болған. Сол себепті олар бейсаналы түрде өзі секілді әлсіз адамды іздейді.

Баланың агрессивті мінез-құлқымен қалай жұмыс істейміз?

Агрессивті мінез-құлық көбіне бейсаналық түрде болады. Оның себебін бала өзі түсінбеуі мүмкін. Агрессия буллинг пен қорлау, айыптау, мазақ ету секілді әрекеттерден туындайды. Мұндай жағдайларда агрессия баланың психологиялық қорғанысының көрінісі ретінде әрекет етеді. Зерттеулерге сүйенсек, сәбилердің қажеттіліктері қанағаттандырылмаса, жиі ашуланады немесе үйдің тұңғышы қызғанып, жаңа туған інісіне немесе қарындасына қатыгездік танытып жатады. Балабақшадағы режимге бейімделу ұрыс-керіспен, тырнау, түкіру секілді агрессияның ашық көрінісімен байқалады. Бірақ бала пассивті агрессия көрсетуі мүмкін. Пассивті агрессияға қырсығу, тамақтану мен ойнаудан бас тарту, тырнағын тістеу секілді әрекеттер жатады. Ал мектепке дейінгі жаста балалардың агрессистілігі төмендейді. Шыдамсыздықтың шыңы 2 жасқа, ал агрессивтілігі 3 жастағы кезеңге сәйкес келеді. Егер баланың агрессивті әдеттері 13 жастан кейін болса, оларды түзету өте қиынға соғады. Сондықтан агрессиясы бар баламен міндетті түрде жұмыс істеу керек. Агрессияның пайдалы тұстары да баршылық. Баланың әлеуметтену процесінде агрессивті мінез-құлық бірнеше маңызды функцияларды атқарады. Оның бойындағы қорқыныштан арылтып, өз мүдделерін қорғауға көмектеседі. Сыртқы қауіп-қатерден қорғап, ересектер әлеміне бейімделуге ықпал етеді. Баланың мінез-құлқы отбасындағы эмоционалдық климатқа және анасымен қарым-қатынастың деңгейіне байланысты. Анасына бауыр басып қалған бір жасар балалардың 68%-ы жақсы оқып, өзіне сенімді болып, үлкендермен сөз таластырмайды екен. Егер анасы бала тәрбиесіне немқұрайлы қараса, жиі ашуланады. Кейіннен тұрақты агрессивті мінез-құлық қалыптасады. Мысалы, қылмыс жасайтындардың көпшілігі ерте жастан анасынан ажырап қалған болуы ықтимал.

Агрессиямен қалай жұмыс істейміз?

  1. Барлығын бірдей елей бермеңіз. Балалардың агрессиясы қауіпті емес, ересек адамға баланың мінез-құлқына былай жауап берген жөн: баланың не жасөспірімнің реакциясын «байқамаңыз», баланың қандай сезім сезінгені туралы сұрап, түсіндіріңіз.
  2. Баланың жеке өзіне емес, әрекеттеріне назар аударыңыз. Агрессия кезінде баланың мінез-құлқын ауызша сипаттап көріңіз: «Сен агрессивті әрекет етіп жатсың – міндетті түрде іс-әрекетін айту керек», «Сен ашуланып жатсың ба? Нақты айқындайтын іс-әрекетін айтқызыңыз».
  3. Өзіңіздің жағымсыз эмоцияларыңызды бақылаңыз. Агрессиясын көрсеткенде бала қорқыныш, дәрменсіздік, ашулану секілді теріс эмоцияларға бой алдырады. Агрессиясы басылған баламен қарым-қатынас кезінде ересектерде айна тәрізді ұқсас эмоциялар пайда болуы мүмкін. Бірақ, ересек адам өз-өзін ұстай білгені жөн.
  4. Баланың абыройына нұқсан келтірмеңіз. Балаға кейбір ересектер сияқты өз қателігін мойындай салу қиын. Қоғамдық сынды көтере алмауы мүмкін. Мұның салдары болашақта агрессияны одан сайын күшейтеді.

Ең бастысы, агрессиядан арылу үшін балаңызға шынайы қарым-қатынас жасап, шартсыз жақсы көріп, ұдайы қолдау көрсеткеніңіз маңызды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: