«Бала тәрбиесі – өте өзекті мәселе»

30 Қыркүйек 2020, 14:54 8512

ҚХА Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатовпен сұхбат

Қай заманда болмасын, бала тәрбиесі мәселелері назардан тыс қалмаған. Бала біздің басты байлығымыз болса, ал ең асылы оның тәрбиесі екені рас... «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген қазақ халқы өзінің ұрпағының тәлім-тәрбиесіне барынша назар аударып отырған. Осы бала тәрбиесі жайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

   

– Шерзод Аббозұлы, қайырлы күн. Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген керемет сөз бар... Қоғамның ең кіші бөлшегі отбасы деп аталады. Ал қоғам сол отбасылардан құралады. Егер де осы ең кіші бөлшек сапалы әрі мықты болса, онда қоғам да мықты болмақ. Солай емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз.... Отбасы бұл қоғамның басты ұйытқысы және кез-келген мемлекеттің негізі. Әрбір мәдениет туыстық қатынастарды, оның тамыры мен ұрпақтарына қамқорлықты құрметтейді. Бірақ осының бәрімен бірге әр ұлттың отбасы институтына деген көзқарасы бар. Мысалы, көптеген Еуропа елдерінде кәмелетке толғаннан кейін ата-аналардан толықтай тәуелсіз өмір бастау әдетке айналған. Ал посткеңестік кеңістікте ата-аналар көбіне балаларының ересек болып жетілуіне дейін қолдау көрсетеді. Қазақстанға келер болсақ, отбасылық институт, әсіресе отбасылық тәрбие құндылықтарының жалпыұлттық бірлігі көптеген ғасырлар бойы ең жоғары деңгейде бағаланып келеді. Бұл жерде "не ексең, соны орасың" деген халық даналығын мысалға келтіргім келеді, яғни жас ұрпаққа қандай тәрбие берсек, біздің қоғамымыздың болашағы да солай болмақ. Бүгінде 17 жасқа дейінгі өскелең ұрпақ еліміздің барлық халқының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан тәрбие жұмыстарын жүргізу кезінде халықтың осы бөлігіне ерекше назар аудару керек. Себебі Қазақстанның болашағы осыған тікелей байланысты. Бұл үдерісте, ұлттық құндылықтар принциптерімен рухтандырылған отбасы, қоғамда басты рөл атқаратындығы сөзсіз.

– Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп өркендеуі де отбасынан бастала­ды. Жалпы бала тәрбиесі жайында өзіңіздің пікіріңізді білдірсеңіз...

– Қоғамда болып жатқан кез-келген өзгеріс әрқашан отбасылық тәрбиедегі өзгерістерден туындайды. Бүгін біз балаларды қалай тәрбиелейміз - біздің болашағымыз 10-20 жылдан кейін солай болады. Балаларды тәрбиелеу әрқашан ата-ана өнегесінен және берген жазасынан басталады. Содан кейін маңыздылығы бойынша балабақша, мектеп, достар, институт және т. б. болып табылады. Бала тәрбиесі – өте өзекті мәселе. Баланың жаны- нәзік, оны өз іс-әрекеттерімізбен сөздерімізбен дұрыс емес жолға бағыттау өте оңай. Лайықты азаматты өсіру үшін алдымен өзіңізді тәрбиелеуіңіз керек. Тек өз өнегеңізбен балалардың айналасындағы барлық нәрсеге деген сүйіспеншілігін, бойындағы адалдық, шынайылық, еңбекқорлық және патриотизм сынды сезімдерін дамытуға болады.Тек осындай жағдайда ғана біз болашақ қазақстандықтардың менталитетінде ысырапшылдықты, тәкаппарлықты және оның санасында сыбайлас жемқорлық сынды барлық қасиеттерді жоя отырып, өзгерістер енгізе аламыз.


– Отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік жалпы осы отбасы құн­ды­лық­та­рын одан сайын нығайту жайында не айтар едіңіз...

– Өз халқының тарихына, дініне, өзінің ұлттық және мәдени тамырларына, ұлттың жалпы біліміне деген оң көзқарас- ажырасу, тастанды балалар санының көбеюі немесе баланың өміріне ата-анасының біреуінің қатыспауы мәселесін шешуге қабілетті. Осыған байланысты қазіргі заманғы қазақстандық отбасының мәдени дәстүрлері мен құндылықтарын этнопсихологиялық талдау тұрғысынан зерттеу проблемасының ғылыми және қоғамдық қатынастарының маңыздылығы мен өзектілігі артып келеді.Қазақ халқы әрқашан отбасы институтын ерекше құрметтеуімен ерекшеленген, себебі үлкенді сыйлау балалардың бойына жастайынан сіңіріледі, оларға әрдайым көп көңіл бөлінеді, сондықтан көптеген дәстүрлер бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Бізге өз мұрасын мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрінде қалдырған ата-бабаларымыздың ұлылығын, ұрпақ арасындағы тарихи және рухани байланысынан байқап, танып білуге болады. Бұл жерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын атап өткен жөн. Ол бүкіл Қазақстан халқына бағытталғанымен, басты жолдау жастарға арналған. Бұл жас ұрпақты ұлттық кодты зерделеп сақтау арқылы, сондай-ақ өткен мен болашақ арасындағы рухани дүниені сақтап нығайта отырып, ел болашағын өз қолына алуға шақырады.

– Ықылым заманнан келе жатқан ата-бабаларымыздың әдет-ғұрыптарын бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына барынша дарыту қажет ғой?

– Әлбетте. Сондықтан біз ата – бабаларымыздың тәжірибесін сақтауға бар күшімізді салудамыз. Себебі бұл біздің жалпыұлттық байлығымыз. Дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, тіл, мерекелер арқылы ұрпақтар арасында байланыс пайда болады. Бұл сананы жаңғыртудың, ұлттық кодты сақтаудың басты шарттарының бірі болып саналады. Ал осының бәрінің іргетасы патриотизм болып табылады. Жастар өз елінің, халқының тарихын білуі міндетті. Қазақстан халқында тамыры ғасырлар бойы тереңге жайылған, даланың ұлы ойшылдарының даналығына негізделген бай рухани мұрасы бар. Мысалы, ұлы Абай өзінің еңбектерінде, әсіресе қара сөздерінде ізгілік, жанашырлық және жоғары моральдық – адамгершілік қасиеттер негізінде адамдарды тәрбиелеуге баса назар аударды. Ұлы Абай "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" немесе "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол" – деп айтып өткен. Бұл сөздерде теңдік, ынтымақтастық және парасаттылық қағидаларына негізделген жасампаздықтың мәні жатыр. Біздің елімізде жүргізіліп жатқан этносаясат өзінің бастауын осыдан алады.

– Бүгінгі таңда мектеп балаларды тәрбиелейтін басты мекен деген ұғым біртіндеп ескіріп бара жатыр. Өйткені қазіргі жаһандану дәуірінде әлемді ақпараттар ағыны жаулаған заманда өскелең ұрпақ кез келген техниканың құлағында ойнап, өзін мазалаған сұраққа жауапты ғаламтордан ала алады... Өскелең ұрпақты өз халқының тарихымен кеңірек таныстыру үшін қандай шараларды жасағанымыз жөн деп ойлайсыз?

– Қазір жастарды өз халқының рухани құндылықтарымен, оның ұлттық мәдениетімен, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен терең таныстырудың мәні мен маңыздылығы ерекше түсінікті болды.Тіл, зерде, мәдениет – біздің өміріміздің жаңа шындықтарын ескере отырып, халықтық менталитетті қайта қарастыратын маңызды үштік болып табылады. Қазіргі әлемде «мектеп - балаларды тәрбиелейтін негізгі мекен, ал отбасы - оның көмекшісі және одақтасы» ұғымы біртіндеп ескіріп бара жатқаны рас... Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, отбасы жеке тұлғаның басты тәрбиешісі болып саналады. Күнделікті ережелер мен білім беру әдістері – бұл адамдар танысатын алғашқы заңдар. Балалар бұл заңдар мен ережелерді қайдан алады? Әрине, отбасынан. Жас ұрпақты тәрбиелеудің ғасырлық тәжірибесі - қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, жазылмаған заңдары, отбасының өзіндік моральдық кодекстерінен жасалды.Адамзат тарихында адам тұтастай алғанда ұлт сияқты тәрбиенің объектісі және субъектісі болған және болып қала береді. Адам "өсуі" тиіс, өзін-өзі танып, мәдени және рухани құндылықтарды, дәстүрлерді танып, ана тілін жақсы білуі қажет. Мұның бәрі өткен, бүгін және болашақ арасындағы рухани байланыс. Ал оны ары қарай жеткізушілер - отбасы, дәстүр, достар, мектеп және т.б. болып есептеледі. Қазақстан рухани және киелі мұраға бай. Сондықтан Отанға деген сүйіспеншілікті ояту үшін біз өскелең ұрпақты осы құндылықтармен таныстыруымыз керек. Біздің жастарымыз Ұлы дала халқының бай тарихы мен көпғасырлық мәдениетін біліп, мақтан тұтуы үшін білім беру процесіне еліміздің әсем астанасы мен киелі жерлерді зерттеу және зиярат ету арқылы мұраларымызбен таныстыруды қосуымыз қажет.Қазіргі заманда адамды тәрбиелеу халықтың психологиялық жағдайы, оның әдет-ғұрыптары мен құндылықтарын ескерусіз мүмкін емес. Қазақстан халқында адам өмірін жақсартатын көптеген құнды дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бар.Олар табиғатқа қатысты қарым қатынаста, халық ауыз шығармашылығында, қолданбалы қолөнерде және киім сұлулығында көрініс тапқан.Қазақ халқында адам туғаннан өлімге дейінгі салт-жоралар мен рәсімдер мұқият ойластырылған. Олардың барлығының мағынасы терең, тәрбиелік мәні бар. Жалпы осы отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі жайындағы тақырыптарды күнделікті жұмысымда да көтеріп жүрмін.


– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: