Кеше ғана әлеуметтік желіде Түркістан облысында ер адамның кішкентай баланы ұрып жатқан видеосы тарады. Бұл әлбетте қоғамның наразалығын тудырды. Кейін ол баланың өгей әкесі екені анықталған. Бұл бір ғана мысал. Жалпы жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жапа шегетіндер көп. Былтыр статистика бойынша осындай үйдегі зомбылықтан 69 әйел мен 7 бала қаза тапқан. Күн сайын ішкі істер органдарына мұндай жанжалға қатысты 300-ден астам қоңырау келіп түседі. Жалпы отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелді ұру, балаға қорлық көрсету соңғы кездері қоғамның дерті саналатын ауыр тақырыптардың біріне айналды. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осыған қатысты белгілі психологтердің пікірін білген еді.
20 ақпан күні Мәжіліс депутаттары әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Енді заң аясында әйелін ұрғандар 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Ал педофилия мен кәмелетке толмаған балаларды өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды.
Осы заң жобасынан кейін отбасындағы әкенін рөліне алаңдаған депутаттар да болды. Дегенмен жаңа норма отбасы институтының берік болуына ықпал ететінін жеткізді.
Соңғы кездері желіде ата-анасының тарапынан қыспаққа түскен, таяқ жеген балалар туралы көп таралып жатыр. Бірі баласын ұрып тәрбиелесе, енді бірі баламен ашық сөйлесіп, талқылау арқылы тәрбиелейді.
Психолог Серікгүл Сәли балаларды ұрып тәрбиелеудің қате пікір екенін айтып, шетелдік сарапшылар зерттеген баланың психологиясына қатысты мысалдармен бөлісті.
Осыдан 2-3 жыл бұрын америкалық мамандар «адамның психологиясы өте ауыр стресске түссе, оның генетикасына әсер ете ме?» деген зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеудің қорытындысына байланысты ғылыми мақалалар да жарыққа шықты. Ол мақалаларда не мәселе көтерілді? Бұл туралы айтар болсақ, концлагерларда болған, өте қиын жоғары стрессті басынан өткізген балалардың ересек адам болғаннан кейінгі өзгерісі қамтылған.
Олардың ұрпақтарында аномалиялық жағдайлар кездесіп, гендерінде өзгерістер болған. Сонда стресс адамның жарақаты болғаны бұлай тұрсын, ол адамның генетикасына әсерін тигізеді. Егер балаға ұру арқылы ғана емес, айқай-шу арқылы қатты стресс берілетін болса, оның миындағы нейрондық клеткаларды әртүрлі камералармен фотоға түсіріп қараса, жасушаларының белгілі бір бөлігі кәдімгідей өліп-өшіп, нейрондары бір-бірімен байланыспай, салдарынан бала ауыр жарақат алады.
Зорлық-зомбылыққа бейім және бейім емес психотиптегі адамдар болады. Олар мың жерден өмірінде қандай қиындық көріп өссе де, өзінің баласына зорлық-зомбылық жасамайтын адамдар. Себебі, оның психикасында оған бейімділік жоқ. Сол себептен біз адамдардың психикасын тани білуіміз керек, - дейді Серікгүл Сәли.
Психологтің сөзінше, қоғамда ерлердің де, әйелдердің де 20 пайызы зорлық-зомбылық көрсетуші.
Бүгінде қоғамда «Баланы жастан, әйелді бастан» дегенді бұрмалап, тәрбие құралы ретінде қолданатындар бар. Осы тұста маманнан бұл сөздің түп-төркінін түсіндіріп беруін сұрадық.
«Баланы жастан, әйелді бастан» дегенді патриархалдық қоғамда өмір сүрген еркектердің шығарғаны. Әл-Халабидің жазған 3 кітабы бар. Онда әйелдер 12 жыл бойы еркектердің құлдығында болған деп жазылған. Ол кезде патриархалдық заман болды. Әйелдердің ешқандай бостандығы болған жоқ. Тек үй шаруашылығымен айналысып, білім алып, жетілмеді. Міне, 100 жыл уақыт өтті. Әйелдер теңдік алды. Ол заңмен бекітілген, - дейді Серікгүл Сәли.
Қазіргі таңда отбасы институтына қатысты мамандар көп пікір білдіріп, ұсыныстар айтып жатыр. Жақында отбасылық психолог Ержан Мырзабаев жастар отау құрмай тұрып, арнайы курстан өту керек екенін айтты. Бұл тиісінше жастарды отбасылық өмірге жан-жақты дайындауға көмектесетінін жеткізді.
Адамдар баласын ұруға тәуелді. Қандай ата-ана баласын ұрады? Ол – инфант ата-ана. Олар баласынан өзіне бір нәрсені күтеді, махаббат, көмек алғысы келеді. Мысалы, «Менің бар нәрсемді дайындап қоймадың?», «сөйтпедің», «бүйтпедің» дейтіндер инфант ата-ана. Олар өз ішінде кішкентай бала. Балалар бір-бірімен төбелеседі ғой, сол сияқты инфант кісілер баланы ұрып тастайды. Егер үлкен көзқараспен қарайтын адамдар болса, баласына қорлық жасамайды. Менің тәжірибемде баласының ауызын күйдірген, қолында пышақпен тыртық қалдырған ата-аналар болды. Олар сол тәуелділіктен айығып, саналы түрде шешім қабалдамайынша, өзінен әлсіздерге күш көрсете береді, - дейді Ержан Мырзабаев.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Серікгүл Сәли баласын ұрғандардың барлығын ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс білдірген. Дегенмен оның бұл ұсынысы бір жағынан балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаса, бір жағынан ата-анасыз өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Қазір баласын ұрмайтын ата-ана жоқ. Сорақылық осы жерде. Салдарынан балалардың барлығы бірдей жетімдер үйін паналап кетпейді ме? деген ой да туды. Еркектің қолынан әйелді құтқарамыз. Ал әйелдің қолынан баланы қалай құтқарамыз? Баласын ұратын қаншама ана бар, күйеуін ұратын қаншама әйелдер де бар. Біз оларды қалай жөнге келтіреміз? Әрине, еркектер «мені әйелім ұрып жатыр» деп айтпайды. Отбасына күн көрсетпейтін еркектер де бар, - дейді психолог.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай «біздің буынымыз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен едік. Қазіргі кезде «мамам біледі», «мамамнан сұрайын», «мамам шешеді» деген балалардың қарасы көбейіп бара жатыр», деп мінберде пікір білдірген еді. Серікгүл Сәли бұл қоғамда ажырасудың деңдеп кетуінін салдарынан болып жатқанын тілге тиек етті. Сөзінше, бұл баланың тәрбиесі мен көзқарасына тікелей байланысты.
Олай айтып жүрген балалардың үйінде әкесі жоқ. Қазір қоғамда ажырасу деңдеп кетті. Әкесі болған күннің өзінде оның отбасында әкесінің беделін төмен ұстауында. Егер ана әкесінің беделін көтеріп балаға бермейтін болса, ол бала бәрі бір де «менің әкем» деп әкесін жоғары қабылдай алмай қалады. Ондай көзқарас балада тіпті болмайды. Қазіргі кезде «мамасының баласы» деп айтудың көбейіп кеткенінің өзі – ажырасудан. Ерлі-зайыптылар екіге кеткеннен кейін бала анасының қолында қалады, 100-ден екеуі ғана әкесімен қалуы мүмкін. Сондықтан баланың көзіне анасы ғана көрінеді, - дейді маман.
Оның сөзінше, кейбір отбасында әкелердің беделі жоқ. Оларды жоғары санамайды. Әкелердің баламен де жақсы қарым-қатынастары жоқ. Әке тікелей баламен қарым-қатынас құратын адам емес. Әке мен баланың ортасында сембиоздық қарым-қатынас. Ана мен баланың ортасында аналық инстинкт арқылы қатынас орнайды. Сондықтан ана мен бала ортасындағы қарым-қатынас тереңде болады. Ал әке мен бала ортасындағы қарым-қатынас ол – ана арқылы болады.
Психолог екінші рет отбасын құратын адамдарға белгілі бір психологиялық курс не терапиядан өтуге міндеттеме тағайындау керек деп есептейтінін айтты.
Екінші рет некеге тұрар алдында ерлі-зайыптыдан арнайы психологиялық құжатты талап етіп, олардың отбасылық өмірге дайын екенін анықтау керек, себебі ортада бала бар. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне қатысты арнайы нұсқамалар берілу қажет. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан кейін еркекті 10 күнге қамап, артынша босатып отбасына жібергеннен бұрын арнайы терапиялық курстан өткізген жөн, - дейді ол.