Баланы спортқа неше жастан беру керек? Бекітілген нормативтер дұрыс па?

31 Шілде 2023, 16:49 1886

Көптеген спортшылар салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстаса да, өмірден ерте кетіп жататындары бар. Көбісі жүрек талмасына ұшырайды. Дәрігерлер мұның себебі ретінде зорығып кеткенін, жекпе-жек түрлеріне тым ерте барғанын айтады. Осы ретте рекорд қуалаймыз деп жүріп, балаларды спортқа қабылдау жасын тым азайтып жібермедік пе деген заңды сұрақ туындайды. El.kz ақпарат агенттігі балаларды неше жастан спортқа беру керек деген сауалға жауап іздеп көрген болатын. 

Адам баласының денсаулығының іргетасы бес жасқа дейін қаланатыны және осы қалыптасу процессінде баланың физикалық белсенділігінің (физическая активность) өте маңызды рөл атқаратындығы ғылыми  түрде дәлелденген. 

Ал бұқаралық спорттың құрамдас бөлігі, әрі жалпы спорттық қозғалыстың  іргетасын қалайтын фактор ретінде мектеп спортының, соның ішінде бастауыш сыныптардағы дене тәрбиесі белсенділігінің алар орны ерекше.

Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптардағы оқушы балалар үшін жалпы дене дайындығын қамтамасыз ететін жеңіл атлетика (жүгіру, секіру т.б.), жүзу, гимнастика, футбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысу өте маңызды.

Бұқараның денінің саулығын ойлаған мемлекеттерде балалардың қай спортпен қай жастан бастап айналысуға болатындығын  белгілейтін (возростное ограничение или возростной ценз) шектеулер қалыптасқан. Мұндай   шектеулер бұрынғы Кеңес Одағында да болған. Бұл жас шектеулерін құрамында дәрігерлер, физиологтар, психологтар және тағы да басқа мамандар болған арнайы ғылыми топтар бірнеше мыңдаған балалардың жас ерекшелігін, физиологиялық дамуын, берілген жүктеменің ағза мен психикаға әсерін белгілі бір кезеңдерді қамти отырып түбегейлі зерттеу, тұрақты бақылау арқылы анықтап, бекіткен.

Елімізде балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен шұғылдануға жас ерекшелігіне қарай шектеу нормалары бекітілген. Айта кететін жайт, бұл жас ерекшеліктері спорт түрлері бойынша алғашқы дайындық тобынан бастап, жоғарғы спорт жетістігі тобына дейін белгіленген. Норматив бойынша, кез-келген спорт түрі бойынша алғашқы дайындық тобының мерзімі 2 жылдан кем емес уақытты  құрайды. Мектепке дейін және мектеп қабырғасындағы бастауыш сыныптарда жалпы дене дайындығын дамытатын жеңіл атлетика (жүгіру, секіру), жүзу, теннис, гимнастика секілді спорт түрлерімен айналысқан, кейіннен бір спорт түріне іріктелініп алынған бала тағы да екі жыл бойы таңдалынып алынған спорт түрінің әліппесін үйренуі, жалпы дене дайындығын шыңдауы тиіс. Содан кейін барып қана арнайы дене дайындығына көшуі керек.

Қазақстанда бекітілген жас ерекшеліктері бойынша алғашқы дайындық тобына қабылданатын балалардың жасы күрес түрлері үшін 10-12 жас, бокс 10-12 жас, спорттық карате 8-15 жас, спорттық таэквондо 8-9 жас, контактілі таэквондо (ITF) 13-14 жас, джиу-джитсу 15-17 жас, панкратион 14-15 жас аралығы деп көрсетілген

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 20 қазандағы № 42 бұйрығында спорт резерві және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау бойынша оқу-жаттығу процесін жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорт түрлері бойынша спортшылардың жас шамасы бекітілген.

Бізідің еліміздегі жас ерекшеліктері Кеңес Одағы кезіндегі зерттеулерді негізге ала отырып бекітілгені жасырын емес. Өйткені, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері спортпен шұғылдану үшін балалардың жас ерекшелігін анықтайтын ғылыми топтың болмағаны, бұл іспен ешкімнің айналыспағаны анық. Оған біздің еліміздегі жас шектеулерінің кейбір спорт түрлері үшін Кеңес Одағы кезіндегі жас шектеулерінен де төмендетілгені дәлел бола алады. Мысалы, боксқа балалар Кеңес Одағы кезінде 13 жастан бастап қабылданатын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш бокс үшін 10 жасқа дейін төмендетілген. Ал 90-шы жылдардың басынан қоғамымызға дендеп енген карате, таеквондо, грепплинг, панкратион, муай-тай, кикбоксинг, аралас жекпе-жек (ММА) және тағы да басқа жекпе-жек түрлері бойынша мүлдем зерттеу жүргізілмегені, бұл спорт түрлері бойынша жас ерекшеліктері шамалап қойылғаны байқалады. Себебі, контактілі  карате (кекушинкай), контактілі таеквондо (ITF), грепплинг, панкратион, аралас жекпе-жек (ММА), муай-тай секілді спорт түрлерінің адам ағзасына әсері, жарақат алу (травмоопасность) жағынан әскери самбодан айырмашылығы шамалы. Әскери самбо үшін бекітілген жас шектеуі Кеңес Одағы кезінде де, осы күні де 19 жастан жоғары болып бекітілген.

Кеңес Одағы кезінде жас шектеуі спортқа жауапты мекемелер тарапынан қатаң қадағаланса, жаттықтырушылар тарапынан бұлжытпай орындалатын. Дене тәрбиесінің кезеңдерінің нақты белгіленуінің, олардың қатаң сақталуының нәтижесінде Кеңес Одағының әлемдегі спорттық державаның бірі болуын қамтамасыз етті. Сол кезде бұл талаптардың орындалуы спортшының белгілі бір спортпен шұғылданғанға дейін жалпы дене дайындығының жақсы жетілуіне, жарақаттың аз болуына, спорттық нәтиженің үздік болуына әсер етті.  Мысал ретінде, күреспен шұғылдануды 18 жастарында бастаған Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіровты, Валерий Резанцевты, бокспен шұғылдануды 17 жасында бастаған Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековты, 15 жасында бастаған Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты айтуға болады. 

Өкінішке қарай қазіргі уақытта біздің елімізде жаттықтырушылар тарапынан балаларды ерте жастан бастап спортқа тарту тенденциясы қалыптасып үлгерді. Мұндай үрдістер жекпе-жек түрлерінде көптеп белең алған. Тіпті, кәзіргі кезде елімізде белгіленген жас ерекшеліктерінің де мүлдем сақталмай отырғандығына назар аударғымыз келеді. Мәселен, кекушинкай карате мен муай-тай спорттың аса қатаң түрлері (травмоопасный) екені белгілі. Кекушинкай карате үшін белгіленген жас ерекшелігінің шектеуі 12-13 жас, муай-тай үшін 13-14 жас. Соған қарамастан, аталған спорт түрлерінде жаттықтырушылардың балаларды 4 жастан бастап қабылдап, 5 жастан бастап турнирге қатыстыруы дәстүрге айналған. Мұндай келеңсіз жағдайлар басқа да жекпе-жек түрлері бойынша да жетіп артылады. Тіпті, кейбір азаматтарымыз аралас жекпе-жектің ұлттық, қазақстандық түрі (Nomad MMA) дегенді ойлап тауып, балалар арасында 10-12 жастан бастап-ақ республикалық жарыстар өткізуде.

Тағы бір ескеретін жағдай, Кеңес Одағы кезінде балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуына болатындығын белгілейтін нормалар болған. Бұл нормалар, әсіресе, жекпе-жек түрлері бойынша қатаң қадағаланатын. Тіпті, миы шайқалған (нокдаунда болған) спортшы үшін жарты жылға дейін спарингке тыйым салынатын. Кәзіргі уақытта мұндай нормалар біздің елімізде қарастырылмағанын, тіпті, жекпе-жек түрлері бойынша апта сайын клубтық турнирлар өткізу дәстүрге айналғанын атап айтуымыз керек.

Еліміздегі спорттың жекпе-жек саласындағы мұндай жағдайлардың орын алуына жекпе-жек түрлері бойынша атына заты сай емес федерациялардың бей-берекет ашылып, жұмыс істеп  жатқандығы да әсер етіп отырғандығы белгілі. Мысалы, елімізде бір ғана каратеден 22 (жиырма екі), таеквондодан 6 (алты), аралас жекпе-жектен (ММА) 4 (төрт) республикалық федерациялар бар.

Жекпе-жектің кейбір түрлерінен құрылған халықаралық деп аталынатын федерациялардың мүшелігі жеке дара. Яғни, егерде спорттық принцип бойынша бокстан, дзюдодан, немесе басқа да дұрыс дамып жатқан спорт түрінен халықаралық федерацияға тек ұлттық федерация заңды тұлға ретінде мүше бола алатын болса, кекушинкай каратеден, немесе таеквондо ITF-тан құрылған халықаралық деп аталынатын федерацияға ұлттық федерация емес, тек сол федерацияның басшысы, немесе басқа бір функционері жеке тұлға ретінде  мүше бола алады. Ол тұлға өз кезегінде біздің еліміздің азаматы ретінде республикалық федерация деген атаумен қоғамдық бірлестік ашып, ол федерация халықаралық федерацияның мүшесі болмаса да аккредитациядан өтіп, елімізде әрекет етеді. Аккредитациядан өткеннен кейін бұл федерацияларға өкілетті орган, жергілікті спорт басқармасы тарапынан қаржы бөлінеді, штат беріледі, командасы жарысқа жіберіледі. Жарыс толыққанды халықаралық болмаса да, жүлдегер болып келсе мемлекет тарапынан сыйақы төленеді. Ата-аналар тарапынан бір, мемлекет тарапынан екі ақша алып отырған федерация басшысы мен оның айналасындағылар осылайша «екі жеп биге шығып» отыр. Әдетте, мұндай федерациялардағы жаттықтырушылардың да біліктілігі төмен, тәжірибесі кем, тіпті, кейбірінің арнайы білімі де жоқ жастар болып келеді.

Бұл «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР заңының кейбір нормаларының, нормативті-құқықтық актілердің жетілмегендігінен, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан Олимпиадалық хартияның нормаларының сақталмауынан болып отыр. Олай дейтініміз, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 11 бабы, 2 тармағына сәйкес «Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша республикалық спорт федерациялары Халықаралық олимпиада комитеті, Азияның олимпиада кеңесі таныған халықаралық спорт ұйымының Қазақстан Республикасы атынан мүшелері болып табылуға және (немесе) оларды ҚР Ұлттық олимпиада комитеті тануға тиіс» деп көрсетілген. Ал Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) өз іс-әрекетінде бірінші кезекте Олимпиадалық хартияны басшылыққа алуы тиіс екені белгілі. Олимпиадалық хартияның 29 тармағында «ұлттық федерация ҰОК -тың тарапынан танылуы үшін Халықаралық олимпиада комитеті таныған халықаралық федерацияның мүшесі болуы керек» деп көрсетілген.

Біздің еліміздің Ұлттық олимпиада комитеті Олимпиадалық хартияның аталған тармағын өрескел бұзып, Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан танылмаған спорт түрлері бойынша да тану сертификатын оңды-солды таратуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бекітілген спорттық федерацияларды аккредиттеу туралы ережеде жергілікті федерацияның республикалық федерацияға мүшелігі қарастырылмағандығынан өңірлерде ешқандай республикалық федерацияға мүше емес жергілікті федерациялардың пайда болуына, олардың жергілікті атқарушы орган тарапынан аккредиттелінуіне, оларға облыс, қала бюджетінен  қаржы бөлінуіне, бірақ, іс-әрекеттерінің бақылаусыз қалуына әкеліп отыр.

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: