Баланың таным көкжиегін қалай дамытамыз?

11 Тамыз 2021, 17:48 12964

Маманнан пайдалы кеңестер

 

Баланың ой-санасын дамыту – маңызды әрі жауапты іс. Әдетте ата-аналар баланы дамыту бала-бақшалар мен арнайы дамыту орталықтарының міндеті деп біледі. Қазіргі кезде күллі әлемдегі пандемияға байланысты көптеген елдер карантин жариялағаны белгілі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Соған орай бала-бақша жасындағы бүлдіршіндер пандемия басталған алғашқы кездері үйде отырғаны белгілі. Бүгінгі материалымызда «Бүлдіршіндердің таным көкжиегін үйде қалай дамытуға болады?», «Бос уақытын қалай тиімді өткізгені жөн?» сынды маңызды сауалдар жайында елордалық бала-бақша тәрбиешісі Ақдидар Ордабекқызымен   әңгімелескен едік.

 

 

 

– Қайырлы күн. Алғашқы сауалды баланың ой-өрісін неше жастан бастап дамытуға болады? Содан бастасақ...

 

– Бір мен үш жас аралығында баланың тілі шығып, сөздік қоры артады және даму процесінде болады. Сол себепті бір жастан бастап баланың ойлау қабілетін дамытуды бастаған жөн. Негізінде, бала-бақша көлемінде ойнататын ойын түрлері өте көп. Мысалы, сюжеттік ойын, қимыл-қозғалыс ойыны және т.б. түрлері бар. Алайда бұл ойындарды үйде де баламен бірге ойнауға болады. Әсіресе былтыр басталған карантин уақытынан бастап ата-ананың баласымен үйде бірге ойын ойнап, уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуі үшін өте тиімді деп ойлаймын.

 

– Сіз айтып отырған 1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі кезеңде бала әр нәрсеге жылдам назар аударады емес пе?

 

– Иә, әлбетте. Бұл жастағы балалар көбінесе ойыншықтармен ойнайды. Ойыншықпен ойнаған уақытта олар көп нәрсені бұзып ойнауға құштар болып келеді. Мәселен, түрлі-түсті кішірек етіп үрілген шар жұмсақ болып келеді. Оны бала қолымен ұстағанда оңайлықпен жарыла қоймайды ғой. Олардың әрқайсысын ұстап көру арқылы баланың қол моторикасы дамиды. Осылайша баланың ой-өрісі де кеңейе бастайды. Және бөлмедегі шкафтардың біріне түрлі-түсті жіптерді салбыратып іліп қою керек. Ал бала сол жіптерді қолымен тарту арқылы іс-әрекет жасайды. Бұл балаға өте жақсы әсер сыйлайды. Ал екі мен үш жастағы балаларға қолдан түрлі-түсті көбелектер жасап беруге болады. Оның құрылысының әр бөлігін жеке-жеке қиып, бастапқы суретін жасаймыз. Екіншіден, оның қима түрін жасау қажет. Осылайша бала сол бастапқы суретіне қарап отырып, көбелекті құрастырады. Бір ерекше атап өтерлігі, оның құрастыру ережесі мен әдісін балаға алдын-ала түсіндіріп айту қажет.

 

– Құрастырушылық ойындар баланың түйсінуін, есте сақтауын, ой қиялын, ой өрісін, қимыл қозғалыс қабілеттерін жетілдіреді ғой... Сондай-ақ бұл жастағы балалар сюжеттік рөлдік ойындарда әдетте өздері күнделікті өмірде бақылап жүретін ересектердің әрекеттерін де көшірмелеп, қайталап та отырады ғой...

 

– Әрине, солай. Негізінде сюжеттік ойындарды үш-төрт пен бес-алты жас аралығындағы балаларға ойнатамыз. Өйткені олар бір мен екі жастағы балаларға тым ауыр болып кетуі мүмкін. Бұған қандай ойындар кіреді? Оған дәрігер, сатушы ойындары, отбасы не дүкенші болып ойнау және т.б. жатады. Бастысы балаға оның жасаған дұрыс не бұрыс қылықтары мен іс-әрекетін мақтап отырған жөн. Бала үлкендерден көргенін қайталайды. Мысалы, баланың қолына тарақты ұстатып, анасының шаштарын әрлеуге рұқсат беруге болады. Яғни бала өзінің қолымен анасын айнаға қаратып, шаштарын тарайды. Одан кейін шаштарын буа бастайды. Тіпті оны қайтадан жалбыратып жіберіп қоюы мүмкін. Бастысы бала өзіңе қалай ыңғайлы, солай жасайды. Осы кезде ана-ата не істеуі қажет деген сұрақ туады? Бала шашты қалай сәндесе де, ол дұрыс не бұрыс жасауы мүмкін. Соған қарамастан ата-ана шашты сол қалпында қалдырып, баласын мақтаған дұрыс.

 

– Иә, әлбетте дұрыс айтасыз. Ең бастысы бұл ойындарды бала көшеде болсын, күншуақты күннің астында болсын, жаңбырлы күні де болсын, яғни қай жерде де жүрмесін ойнауға болады. Ал ең бастысы бұлардың көмегімен балалардың көңілін көтеруге, оларды өзара жақындастыруға және достастыруға, сондай-ақ көп дағдыларды үйретуге әрі олардың дамуына қолғабыс етуге болады ғой?

 

– Дұрыс айтасыз. Ойын бұл баланың негізгі іс-әрекетінің бір түрі. Яғни бала тек қана жеке өзі ойнамайды. Сонымен қатар, айналасындағы достарымен де қарым-қатынасын нығайта түседі. Үй жағдайында ата-анамен де қарым-қатынасы арта түседі. Көбінесе қазіргі жағдайда ата-аналардың басым бөлігі жұмысбасты болып кеткені рас. Кейде балаға қарайтын уақыттары болмайды. Баласымен бірге жұмыс істеуге мүмкіндігі болмағандықтан көбісі үйде бала күтушісін жалдайды.

 

– Тамаша. Біз ілгеріде бір жастан бастап жеті жасқа дейінгі балаларға арналған ойындар түрлері туралы айтқан болатынбыз. Яғни бұлар баланың ой-санасын және таным көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізеді. Енді «Үш жастан бастап алты жасқа дейінгі балаларға қандай нәрселерді үйренуі қажет?» деген сауал туындайды? Мәселен, зейін қою, әр нәрсесіне мұқият болу, сенім білдіру және т.б. Одан бөлек баланың бойына қандай қасиеттерді сіңіру қажет?

 

– Иә, сұрағыңыз түсінікті. Балаға ең алдымен, тазалықты үйрету керек. Одан кейін әрбір істі жасаған кезде мұқият болуға баулу, үлкендерді тыңдауға, ересектер сөйлесіп жатқанда олардың сөзін бөлмеу керектігін айту керек. Және ата-ана көбінесе үш пен алты жас аралығындағы балалармен тілдік қарым-қатынаста көп болуы керек. Не себепті? Өйткені қазіргі балалардың тілдік қоры кері шегініп бара жатқан секілді. Ал қазіргі ата-аналардың іс-әрекеті қандай? Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен де үйде арасында бос уақыты табыла қалса, телефонға телміретіндер баршылық. Ата-анасынан көргенін бала да қайталайды. Одан да бала бір мезгіл қазақша мультфильмдер көрсе, оның тигізер пайдасы өте көп. Тағы бір айта кететін жайт – тіл мәселесі. Қазіргі ата-аналар баласымен үйде орыс тілінде сөйлеседі бірақ қазақ бала-бақшасына бергісі келеді.

 

Балаға үйде бір мезгіл қазақ тілінде мультфильмдер көрсетіп, ертегілер оқып беріп, ана тілінде тілдесіп, оның ой-өрісін дамытуға әрі сөздік қорын байытуға болады. Әсіресе ата-аналар күнделікті кешкілік ұйықтар алдында балаға бір ертегіден оқып беруді дәстүрге айналдырса, көп пайдасы тиеді. Сол ертегілерді тыңдап өскен баланың таным-көкжиегі одан сайын кеңейе түседі. Сондай-ақ үйде кез-келген картинаны көрсетіп, ондағы бейнеленген іс-әрекеттерді сұрауға болады. Ал бала суретте көрген дүниелерін ауызша айтып беруге дағдыланады әрі оны қызықты етіп әңгімелеуге машықтанады. Сондай-ақ суретпен жұмыс арқылы баланың есте сақтау қабілеті артады. Кейбір балалар сөздік қорының аздығынан болмаса дұрыс қалыптаспауынан өзінің ойың сөз арқылы анық жеткізе алмай жатады. Бала бір ауыз сөз сөйлесе де, қандай да бір іс-әрекет жасаса да, оны әрдайым мақтап, мадақтап, сүйсініп, жақсы көретіндігін айтып отыруды ұмытпаған жөн. Өйткені ол балаға сенімділік ұялатады. Ал сеніммен өскен бала әрқашан өз-өзің кез-келген ортада емін-еркін сезіне алады.

 

– Баланы дамытуға осы ойыншықтардың да көмегі тиіп жатады емес пе? Бірақ та қазіргі кезде өте сапалы әрі ұзақ уақытқа дейін қолдануға жарайтын ойыншықтардың көбісінің бағалары қымбат болып келеді. Ал оны сатып алуға ата-аналардың қалталары көтермейді. Осындай жағдайда оларға қандай кеңестер айтар едіңіз? Бәлкім, үйде қолдан жасауға болатын арнайы дүниелер бар шығар... Болса, солармен бөліссеңіз...

 

– Иә, дұрыс айтасыз, қазір сапалы ойыншықтар өте қымбат тұрады. Ал арзан ойыншықтарды сатып алып берсе, ол көпке шыдас бермейді. Бір күннен ары аспай, тез сыңып қалуы мүмкін. Үй жағдайында да қолдан түрлі ойыншықтарды жасауға болады. Мысалы, үйдегі қажетсіз құты, болмаса аяқ киімнің қорапшаларына яғни кез келген бір затқа екінші өмір сыйлауға, екінші тыныс беруге болады. Құтының бөтелкелері арқылы боулинг ойынын ұйымдастырыңыз болмаса қорапшалардан пойыз жасап беріңіз. Балаларыңыздың қысқарып қалған киімдерінен әртүрлі жастықшалар жасауға болады. Баланың іске икемділігін арттыру үшін киім-кешектерге түймелер ілуді үйрету қажет. Сондай-ақ сол өлшемі қысқа киімдерді қуыршақтарға кигізу арқылы баланың қол моторикасын дамытуға болады.

 

– Мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында ашушаңдық пайда бола бастайды. Бұл өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында болуы мүмкін. Маман ретінде қалай ойлайсыз? Бұл дұрыс па әлде бұрыс па? Мәселен, кей мамандар ашушандықтың өмірге қажетті өзіндік пайдалы тиімді белгілері бар дейді. Бұл табандылық, алға қойған мақсатына жетудегі еңбекқорлық, жеңіске ұмтылу, кедергілерді еңсеру... Бұған қатысты өз пікіріңізді айтсаңыз...

 

– Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында ашушаңдық қасиеттер өте қатты байқалады. Негізінен, балалардың мінез-құлықтары әртүрлі болып келеді ғой. Біреуі ашушаң болса, ендібіреуі салмақты болады. Енді бір бала тіптен момын болады яғни сөйлемейді. Оған сұрақ қою арқылы ғана жауап ала аласыз. Кейбір балалардың мінезі өте жеңіл болады. Яғни тез ренжиді. Олар тез ренжігенімен тез қайтады. Бірақ та мінез-құлқына қарай балаларды бөлген дұрыс емес деп есептеймін. Менің ойымша, барлық балаға бірдей қараған абзал.

 

– Баланың бойында агрессия, ашушаңдық пайда болған кезде ата-ана не істеуі керек? Қандай шаралар қолдануы қажет? Әлде арнайы маманның көмегіне жүгінгені дұрыс па?

 

– Агрессия қатыгездікке толы әрекет және мінез-құлық. Агрессия тек балаларда емес, кез-келген адамның бойынан табылуы мүмкін. Тіпті бұл кей жағдайда ерте жастағы балалардан көріне бастайды. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең біріншіден, баланы мақтау керек. Оның істеген барлық жұмыстарына қанағаттықпен қарап, жақсы көретінін үнемі айтып отыру керек. Әрі баламен оның достары жайлы сөйлесу керек. Бастысы достары жайлы сөйлескенде достарымен қалай ойнау ережесін ескерту керек. «Олай істегенін дұрыс емес», «Балалармен дос бол», «Балаларға тиіспе, олар сенің достарың» деген сияқты әр түрлі жақсы сөздерді айту арқылы балаға сенімділік ұялату керек. Сонда ғана бала өз-өзіңе сенімді болып, көпшіл болып, кез-келген жағдайда түрлі тығырықтан шығу жолын өзі ойлай алатын болады. Шығу жолдарын қарастырады. Осылайша бірте-бірте соған дағдыланады.

 

Мысалы, менің бала-бақшада жұмыс істеп жатқаныма жеті жылдан асты. Осы уақыт аралығында жұмыс барысында кездескен бір оқиғаны айтып кетейін. Бала-бақшада кез-келген топта агрессивті бала болады. Әр топта кем дегенде бір-екі баладан болуы мүмкін. Бірақ та ол агрессивті бала болғанымен топтан шығаруға болмайды. Баланың агрессияға жақын болуына үйдегі іні-қарындастарының арасындағы жас айырмашылық та әсер етпей қоймайды. Мен ата-аналардың бірінен үлкен мен кіші баласының арасы неше жас екенін сұрап білген едім. Үлкені 10 жаста, кішісі 3 жаста яғни арасы жеті жас деп жауап берді. Ал «Балаңыз бір-бірімен ойнай ма?» деген сұрағыма «Жоқ, ойнамайды» деді. Бұдан бала эгоист болып өседі әрі ойыншықтарын ешкімге бергісі келмейді. Ал өзге балалар оның ойыншығымен ойнайтын болса, бірден ашуға бой алдырады. Мұндай балалармен қалай жұмыс жасау керек? Біріншіден, оларды үй ауласындағы балалармен бірге ойнауға үйреткен жөн. Қонаққа барған уақытта ата-ана анда-санда өздерімен ертіп апарған дұрыс. Сол жақта оны өзге балалармен достасуға, бірге ойнауға бірте-бірте бейімдеген дұрыс. Әлбетте, алғашқы уақытта агрессивті балалардың ондай ортаға бейімделуі қиын болады. Сол себепті әуелі үйде адамдармен тілдесуді, достасуды үйреткен дұрысырақ. Ілгеріде айтқанымдай, баланың әрбір жасаған іс-әрекетін мақтап отыру керек. Бұл бірден-бір тиімді жолы деп ойлаймын.

 

Менің тобымда сондай бір бала болатын. Ол менің сабақтарына үнемі қатысады бірақ дене шынықтыру мен музыка сабақтарына мүлдем бармайтын. Біз бұл мәселені қалай шештік? Ата-анасына баласының дене шынықтыру формасын кимегенімен, форманы бала-бақшаға алып келе беруін өтіндім. Мұндағы ойым – күндердің бір күнінде өзге балаларға ілесіп, киіп кетер. Бастысы осындай кездері балаға «Жоқ, сен бұлай жасаған жоқсың», «Неге ол балаға тиісесің?», «Неге ашулана бересің?», «Бұлай істеу дұрыс емес. Осылай істе» деген бағытта ұрса беретін болсақ, бала одан сайын кері кете түседі. Ал жақсы сөздер айтып, мақтап отырсақ, бала жігерленіп, бойында сенімділік пайда болады. Содан бала бастапқы кезде формасын кимеді әрі сабаққа мүлдем кірмеді. Кейіннен біртіндеп кіре бастады. Бірақ менімен бірге өзге балалардың ойнағанын сырттан тамашалап отырды. Кейде достарымен ойнап ойнайды. Екінші күні келеді. Дәл солай. Үшінші күні келеді. Дәл солай. Ал төртінші күні допты лақтырып, біртіндеп ойынға қызығушылығы басталды. Кейін дене шынықтыру ағайы «Тамаша», «Қандай жақсы баласың» деп мақтап, «Келесі де форма алып кел. Кейін сен де өзге балалар секілді ойнайсың» деп баланы ынталандырды. Осылайша бала барлық сабақтарға қатыса бастады.

 

Айтуға оңай болғанымен агрессивті балалармен жұмыс жасау барысында көптеген қиындықтар кездеседі. Бастысы ата-ана тарапынан және тәрбиеші тарапынан төзімділік қажет. Адамның бойында осындай қасиет болса, барлық мақсатқа қол жеткізуге болады.

 

– Демек, осындай уақытта бала ата-ананың қамқорлығы мен мейіріміне бөленуі қажет қой. Яғни әрбір сәт сайын бала ата-анасы өзінің жақсы көретінін, бағалайтынын және қабылдайтынын сезініп отыруы тиіс қой?

 

– Әлбетте, солай. Балаға мадақтау сөздер айту қажет. Өйткені балаға «Мен сені жақсы көремін», «Сен маған керексің» деген сияқты ата-ананың сөздері өте ауадай қажет. Ондай кезде баланы «Сен осылай жасасаң, мен саған дүкеннен осы затты сатып алып беремін», «Сен ертең бала-бақшаға баратын болсаң, мен саған машина алып беремін» деп алдаудың қажеті жоқ.Керісінше балаңызды мақтап, бойына сенімділік ұялатсаңыз, оның көп пайдасы тиеді. Ата-аналар тарапынан кететін қателіктердің бірі – баланы алдай салуы. Сол тәсілді мәселені шешудің оңай жолы деп санайды. Мысалы, агрессивті балалардың көбісі бала-бақшаға барғысы келмей ата-анасын таңертеңгілік аздап әбігерге салады. Өйткені олар үйде жеке ойнағанды жақсы көреді. Осындай уақытта ата-ана қайтеді? Әлбетте, баланы алдағысы келмейді. Бірақ та көндіру мақсатында осы тәсілді пайдаланады. Сол арқылы ата-ана өзіңе және бізге де қиындық тудырады.

 

– Ақдидар Ордабекқызы, осы баланың тілі орташа есеппен қай жастан бастап шығады? Әрі оның тіліндегі кемшіліктерді қалай байқауға болады? Өйткені баланың тілі шыққаннан бастап үлкендер оны-мұны айтқызып, мазасын алатыны бар. Кейде айтқан сөзін қызық көріп, тіліндегі кемшіліктерге мән бермей жатады. Жалпы баланы сөйлетуге үйретудің сондай-ақ қандай жолдары бар? Солар жайында айтсақ...

 

– Кей балалардың сөйлеу мүмкіндігі өте төмен болады. Ендібіреулер ерте сөйлеп кетеді. Ал біреулері әрбір нәрсені кеш қабылдайды. Менің ойымша, баланың тілі орта есеппен алғанда 1,5-2 жасында анық шыға бастайды. Ата-аналардың арасында балалары ересек болса да, кішкентай баланың тілінде сөйлесетіндер де кездеседі. Ал олай жасаудың қажеті жоқ. Өйткені ол баланың тілін одан сайын төмендетеді. Ата-аналарға айтар кеңесім: баламен үлкендерше сөйлесу керек. Әлбетте, баланы арасында еркелеткен дұрыс.

 

Тағы бір айта кететін жайт, жасы кіші балалар сұрақ қойғыш болып келеді емес пе? Оның әрбір сұрағына ата-ана нақты әрі дұрыс жауап беруден кейде түсіндіруден шаршамауы қажет. Егер ата-ана мен бала арасында жақсы диалог орнаса, оның тілінің тез шығуына әрі жақсы сөйлеуіне көп септігін тигізеді. Сондай-ақ баламен тілдескен уақытта жаңылтпаштар мен тақпақтарды жиі-жиі айтқызып, жаттатқан жөн. Кей балалар қандай да бір сөзді дұрыс не анық айтпауы мүмкін. Мұндай жағдайда баланың қатесін түзету қажет емес. Мұнда бастысы баланы мейлінше көбірек сөйлеткен абзал. Ал бала есейген сайын өз қателігін өзі түзей бастайды.

 

– Сөз арасында баланы еркелету жайында айтып қалдыңыз. Жалпы кез-келген ата-ана баласын еркелететіні рас. Бұл – қалыпты жағдай. Бұл балаға деген махаббаттың керемет көрінісі деуге болады. Осы орайда маман ретінде сіздің пікіріңізді білгім келіп отыр. Баланы қалай еркелету қажет?

 

– Әрбір ата-ана баласын еркелетпей тұра алмайды ғой. Өйткені ата-ана үшін бала ең қымбат екені рас. Ата-ана баласын екі жасқа дейін қалай еркелетсе де, орынды деп есептеймін. Алайда екі жастан бастап баланы шектен тыс еркелетудің қажеті жоқ. Үй шаруасына көмектескен болмаса кейбір тапсырмаларды орындаған уақытта баланы мақтау арқылы еркелетуін жеткізуге болады. Өйткені шамадан тыс еркелету баланың мінез-құлқын бұзуға әкеліп соғады. Тіпті бала ата-анасына бой бермеуі әбден мүмкін. Яғни ата-ана баласын тыңдата алмай қалу қаупі де бар. Сондықтан әрбір баланы өзінің мінез-құлқына қарай орнымен еркелеткен дұрыс деп ойлаймын.

 

– Иә, әлбетте. Баланы шамадан тыс еркелету ол оның болашағына да зиян келтіретінін естен шығармауымыз қажет. Еркеліктің шекарасын қалай анықтаймыз? Баланы шамадан тыс еркелетудің зардабы қандай?

 

– Баланы шамадан тыс еркелетудің кері тұстары жетерлік. Атап айтсақ, бала ата-анасын да, тәрбиешісін де тыңдағысы келмейді. Тек өз дегенімен жүруді қалайды. Ата-ана баланы жеке болмысы, тұлғасы, көзқарасы, мінез-құлқына қарай өз орнымен еркелету қажет.

 

– Жалпы баланы міндетті түрде таңертең және түнде ұйықтар алдында мақтап отырған жөн деп жатады. Осы марапаттаудың, мақтаудың көмегімен үйрету үдерісі жылдамырақ жүреді деген себеппен түсіндіреді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

 

– Иә, әрине, дұрыс айтасыз. Таңертең не түсте болмаса кешкілік баланың әрбір іс-әрекетіне мақтау, мадақтау сөздерді жиі-жиі айтқан жөн. Осындай сөздерді естіп өскен бала бойына сенімділік, батылдық сынды қасиеттерді сіңіреді. Және жақсы сөздерді құлағына сіңіру арқылы жақсы дүниелерге талпынады әрі таным-көкжиегі арта түседі. Өйткені бала ақпараттарды бойына сіңіру арқылы тез есеюге тырысады.

 

Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, бала бала-бақшада әртүрлі жұмыстар жасайды. Мысалы, бала әдемі сурет салуы болмаса аппликация жасауы мүмкін. Ол кішкентай болғандықтан барлығын мүлтіксіз жасамайды ғой. Бір тұсын қисық қылып жасайды болмаса шимайлап тастайды. Бірақ қандай да болмасын бір дүние жасап шығарады. Және сол дүниесін ата-анасына көрсетуге асық болады. Сондай кездері ата-ана тарапынан кейде біз жылы сөздерді ести қоймай жататын сәттер де болады. Ата-ана баласын үйде де, бала-бақшада да бірдей дәрежеде мақтап жүруді әдетке айналдырса, жақсы болатын еді. Кейде анасына көрсеткенде олардың уақыты тығыз болады болмаса жұмыстан кешігіп келіп жатады. Сөйтіп, баланың кішігірім еңбегіне немқұрайлылықпен қарап, кейде аса қатты назар салмай, бірден сөмкесіне сала салады. Болмаса бала-бақшадағы баласының шкафына тастап кетеді. Ал біз болсақ, әр балаға жеке-жеке портфолио арнаймыз. Мұнда олардың салған суреттері, қолдан жасаған дүниелері барлығы жинақталады. Баласының осындай кішігірім еңбектері жинақталған портфолионың барына да кей ата-аналар мән бере бермейді. Бір мезгіл баласының портфолиосының бетін ашып, танысып, баласымен ойың бөлісіп отырса, тіптен жақсы болушы еді.

 

Кей ата-аналар баласы бала-бақшаға бейімделгенше тәрбиешімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ал кейін бала бала-бақшаға бірте-бірте үйреніскен соң ата-ана тәрбиешіге толық сеніммен қалдырады. Бір қызығы, ата-аналардың кейбіреуі «Бала тәрбиешімен қалай жұмыс жасап жатыр?», «Менің балам қандай?» сынды және т.б. сұрақтар қоймайды. Менің ойымша, ата-ана әрқашан тәрбиешімен тығыз қарым-қатынаста болуы қажет. Қазіргі мектеп бағдарламасы оқушыларға аздап қиын екенін білесіздер... Сол себепті баланың сабағына бала-бақша кезінен бастап көңіл бөлген дұрыс. Балаларын бала-бақшаға алып келген кезде ата-аналарға әрдайым ескертіп отыратын бір жағдай – үйде баламен жұмыс жасау, өткен тақырыптарды қайталау. Өйткені біз, тәрбиешілер бала-бақшада жаңа тақырыптарды түсіндіргенімен оны бала үйде қайталамаса жылдам ұмытып қалады. Үздіксіз қайталап отырса, бала сол сабақтарды есіңде сақтайды. Ал қазіргі кезде көп ата-аналар бала-бақша жасындағы балаларына аса қатты көңіл бөле бермейді. Бар назарын әсіресе мектеп жасындағы оқушы-балаларына арнап жатады ғой. Музей-театр сынды көптеген көпшілік орындарға апарған уақытта бала мен ата-ана арасында қарым-қатынас жақсы болғаны жөн. Сол уақытта екеуінің арасында сұрақ-жауап алып, әңгімеге тартып, қызықты дискуссия орнайды. Нәтижесінде баланың ақыл-ойы тез дамиды. Ілгеріде айтқанымдай, баламен бала-бақша жасынан дұрыс жұмыс жасасаңыз, өтілген тақырыптарды үйде қайталап, қадағаласаңыз, онда бірінші сыныпқа барар уақытта сіздің көмегіңізді аса қажет етпеуі де мүмкін. Яғни бала тақырыптарды жылдам қабылдай алатын болады. Бірақ кей ата-аналар әуел бастан баласына үйде аса көңіл бөлмегендіктен мектепке барар уақытта қосымша сабақтар үйрету үшін мұғалім жалдайды.

 

Расын айтқанда жаман оқитын бала жоқ. Тек оған дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Қазіргі балалар бала-бақша жасында 1-ден 5-ке дейінгі санау, 1-ден 20-ға дейінгі санау, кері санауды білуі қажет. Сондықтан ата-аналар бала-бақшаға баратын балаларын үнемі үйде қадағалап отырса, жақсы болар еді. Сонымен қоса, ата-ана күнделікті өмірде баланы жақсы көретінін «Жаным», «Күнім», «Айналайын», «Құлыным», «Мен сені жақсы көремін», «Сен өте мықтысың», «Сен өте батылсың», «Мен сенімен мақтанамын» және т.б. жылы лебіздерін жиі-жиі айтып отырғаны дұрыс деп ойлаймын.

 

– Енді соңғы сауалым, маман ретінде қазіргі карантин жағдайында ата-аналарға қандай пайдалы кеңестер айтасыз?

 

– Иә, алғашында айтып кеткенімдей, ата-ананың баламен жұмыс жасау мүмкіндігі өте көп. Ата-аналар үйде баламен келесідей жұмыстарды атқарса: түстерді, сандарды қайталау, баламен ойын ойнау, сурет салу және т.б. Бұлар не үшін қажет деген сауал туындайды? Себебі бала бала-бақшада үйренген бар білімін ұмытып қалуы мүмкін. Тіпті бала-бақшаға келіп жүрген бала бір апта ауырып қалса, өткен тақырыптарды ұмытып қалады. Ал оған сол тақырыпты есіңе түсіру үшін уақыт кететін болады. Сол себепті үйде баламен көбірек жұмыс істесе екен. Балаға смартфон-гаджеттерді ұстатып қоймай, керісінше оған көптеген ертегілер айтып, тілдік қарым-қатынасқа түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

– Ақдидар Ордабекқызы пайдалы ақпараттарыңызға рақмет. Жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз.

 

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: