Балаңызға қызық болуы мүмкін кітаптар

24 Тамыз 2018, 11:10 13293

Сіз оқыған кітапты балаңыз да оқысын

Бүгінде "Балалар кітап оқымайды" немесе "Бізде балалар әдебиеті кенжелеп қалды" деген сылтауларды жиі естіп, тіпті, жиі айтатынымыз да жасырын емес. Шын мәнінде балаларымызды кітапқа қызықтыра алдық па? Мүмкін, балаға электронды кітаптарды ұсынып  көрерміз? Дегенмен, баланың гаджетке көп үңіле бермегені де жөн. Бәлкім, балаларымызға жасына лайықтап, өзіміздің солардың жасында оқыған қызықты кітаптарымызды ұсынармыз? Қалай десек те біз кітаптың қадірі кете қоймаған заманның балалары едік қой.

Келмеске кеткен Кеңестік кезеңнің бір жақсы тұсы бар мен үшін. Ол кездерде шет ел әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне өте сапалы аударылатын. Түпнұсқада қалай жазылғаны қайдам, қазақ тіліндегі нұсқаларының өзі бас көтерткізбей тастайтын. "Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер" деген мақалды өз басым кітап оқу арқылы сезінген едім. Тап сол кітаптар қазір аракідік болса да қайта басылып жатыр екен. Нақты сол аударманы қайта басты ма, әлде, қазіргі орашолақ аудармамен басылды ма оны қос кітапты қолға ұстап отырып анықтармыз. Дегенмен  шұқшия салыстыру ойыма келмеген екен. Бір өкініштісі сол кітаптардың қазақша аудармасын кімдер жасағанын дәл қазір есіме түсіре алар емеспін. "Ұрыста тұрыс жоқ" демекші бала кезімізде оқыған қызықты кітаптарымызды балаларымызға ұсынып көрелік. Айтпақшы, бұл шығармалардың желісінде бірнеше фильмдер, мультфильмдер түсірілгенін де айта кетейін.

 Балаларыңыз жасөспірімдік жасқа жете қоймаса Николай Носовтың "Дымбілместің күн қалашығына саяхатын" және "Дымбілместің айға ұшуын" оқытып көріңіз. Алғашқы бетінен бастап баурап алатын ертегі десем де болады. Кейіпкерлердің қазақша есімдерінің өзі қандай десеңізші. Дымбілмес, Білгір, Томпи, Қожалақ, Түймешік деп кете береді. Әр сөйлемі мен әр оқиғасы балаға түсінікті жазылған кітап. Тіпті, осы кітапта қазір жөні түзу аудармаға жарымай жүрген техникаға байланысты терминдердің өзі сәтті аударылған десем қателеспеспін. 2-5 сыныптарда оқитын балаларға таптырмас кітап деген ойдамын. Байқап көрсек қайтеді?

"Он бес жасар капитан". Жюль Верннің бұл кітабы менің ойымша 5-сынып оқушыларынан бастап дәл осы шығарманың басты кейіпкері, он бес жасында кеме капитаны атанған Дик Сэндтің жасындағы жасөспірімдерге қызықты болуы керек. Шығармада теңіз қарақшылары, матростардың қым-қуыт тірлігі  шытырман оқиғалармен тамаша суреттелген. Баланың танымын кеңейтетіні де анық. Сол замандардағы кит аулау өнері, оған керек-жарақ құрылғылар қалай аталатыны жайлы білу балаға қызық болар еді. Мысалы, біздің кезімізде теледидарды қосып қалсаң  қазіргідей 120 арна алдыңнан тосып алмайтын. Жан-жануарлар жайлы, танымдық дүниелер жайлы әңгіме қозғайтын жеке арналардың болатындығы бала біз тұрмақ ересектердің өзінің басына келмген болар. Осы шығарманы оқу арқылы мен тек қана Африкада кездесетін Цеце шыбыны жайлы білдім. Құмырсқаның илеуінен басқа ештеңе көрмеген ауыл баласының қауашағына термиттердің ұясы (илеуі) жайлы ойлар келе бастады. Егер, балаңыз бұл кітапқа дейін жоқ дегенде 3-4 кітап оқыған болса бұл кітапты бас көтермей оқитындығына мен кепіл.

Даниэль Дэфоның "Робинзон Крузосын" оқу  қай заманның болса да баласына қызықты болуы керек. Жасөспірім кезімізде үйден жыраққа кетіп қалу, әлдебір аралда өмір сүру тәрізді ойларға берілгенімізге бұл кітаптың септігі тиді ме екен? Не сиқыры бар екенін білмеймін. Бұл кітап біздің сыныптағы кітап оқиды деген балалардың барлығына ұнаған екен. Кітаптың түпнұсқасының шыққанына үш ғасыр өтсе де кітап кейіпкерінің өмірі біз үшін әлі қызық.

Алғаш оқығанымызда бұл жай ғана шытырман оқиғалы роман секілді болып көрінген кітаптың желісінде шотланд теңізшісі Александр Селькирктің өмірі жатқандығын кейін білдік қой. Қарақшылар кемесінде матрос болып жүрген Александр кеме капитанымен сөзге келіп қалып, Масс-а-Тьерра аралында  төрт жыл, төрт ай тұруға мәжбүр болған екен. Ал, шығармада Робинзон Крузо атты кейіпкер елсіз аралды  28 жыл мекен етеді.  Елсіз мекен деп ойлаған аралында жабайы тайпалардың барлығына көзі жетеді. Өзіне солардың  бірін көмекші етіп алып, есімін Жұма деп қояды. Қалғанын балаларыңыз өзі оқып алар, иә?

Балаларға кітап ұсына отырып Марк Твеннің шығармаларынан аттап кету мүмкін емес шығар. Жазушының "Том Сойері" мен "Гекльберри Финнің басынан кешкендері" атты шығармаларын оқу бастауыш сыныптарда оқитын балалар үшін таптырмас дүние. Бұл қатарға Джонатан Свифттің "Гулливердің саяхатын" қоса кетуді де жөн санап отырмын. Балаңызды кітап оқуға баулығыңыз келсе  бірден "Абай жолын" алдына тастай салмай осынау шығармалардан бастатқаныңыз дұрыс. Сонда тауы шағылып, беті қайтпайтын болады.

Ақыл-кеңесімді Александр Беляевтің  "Амфибия-адамымен" аяқтағым келеді. Яғни, судың астында да, құрлықта да жүре беретін, әлдебір себептерге байланысты хирургтың көмегімен тыныс алу жолдарына бала кезінде акуланың желбезегі салынған Ихтиандрдың өмірі балаңызға қызық емес деп кім айтты сізге? Меніңше, басына жара шыққан Өтеген досына тасбақаның тасының бір бөлшегін салып беретін Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп тұқияннан өзіме дейініне"  қарағанда осы  қызықты. Екеуі де сенімсіздеу болып көрінгенмен бірінші кейіпкерімізге көмекті хирург жасайтынын ескерейік.

Әрине,  балалар әдебиетін өзіміз де кенде емеспіз. Бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының өзі әлі қаншама буынның қызығып оқитын авторы болатынына сенгім келеді. Жақын күндері балаларға оқуға кеңес беретін қазақ жазушыларының кітаптарының тізімін жасайтын боламыз.

 

 

 

 

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: