Баламызға жиі айтуымыз керек 7 фраза

10 Қаңтар, 17:14 1941

Баламен дұрыс сөйлесу оның болашағына әсер ететінін білетін боларсыз. Күндегі әңгімеміздің арасында осы сөздерді қосып отырсақ, оның байсалды, өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары адам болып қалыптасуына септігімізді тигіземіз.

1. Мен сені жақсы көремін

Ата-аналар баласына киім, ойыншық, кітап және тағы басқа заттарды көп әпере алады. Бірақ сатып алған нәрсеңіз баланы уақытша қуантқанмен, оған деген махаббатыңыздың белгісі емес. Бұл жерде, біззбен келіспеуіңіз мүмкін. Оны жақсы көргендіктен қалағанын әпергеніңіз орынды. Алайда «мен сені жақсы көремін» деген тіркесті айтудың орны бөлек. «Мен сені жақсы көремін» деу қателік жасаған балаға сенімділік береді, сіздің қолдауыңызды сезіндіреді. Осы сөзді жиі айту – оның нағыз «жанкүйері» екеніңіздің дәлелі.

2. Сенімен мақтанамын

Баланың өзін-өзі бағалауы дұрыс қалыптасу үшін оларға қолдау мен «мақұлдау» қажет. Ата-ана – бала әсер қалдырғысы келетін бірінші адамдар. Баланың жасаған әрбір қимылы біздің махаббатымыз бен мақұлдауымызға сұранып тұрады екен. Біз баламыздың барлық әрекетімен келісе бермеуіміз мүмкін, соған қарамастан оларды қолдап, демеп отырғанымыз жөн. Бұл олардың тәуелсіз адам болып қалыптасуының баспалдағы.

3. Менікі дұрыс емес екен, сенікі дұрыс болыпты

Біз бала алдында өз қателігімізді мойындай алуымыз керек. Жіберген қателіктерімізден олардың зардап шеккенін айтқанда тұрған ештеңе жоқ. Шынайы болып, өз қателегімізге жауапкершілік арта алатынымызды көрсету арқылы олардың да қателіктерінен сабақ шығаруына, оны түсінуге, шешуге көмектесеміз. Бұл арқылы бала дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренеді, шынайы болады, істеген ісіне жауап бере алатын азамат болып қалыптастады.  

4. Мен сені кешіремін, сенің мінсіз болуың шарт емес

Кемшіліксіз адам жоқ. Ешбір ата-ана мінсіз емес. Біз ойлаған нәрсемізді айтпаймыз немесе айтқан нәрсемізді істемейміз. Уақытымызды бос нәрсеге жұмсаймыз, уәдемізді бұзамыз, маңызды жайттарды ұмытамыз, басқа да көптеген қателік жібереміз. Осылардың барлығын есепке ала отырып, баламызға да қателесуге мүмкіндік беруіміз керек. Ешқайсысымыз қателіктерімізді бетімізге басқанды ұнатпайтынымыз рас. Дұрыс жасамаған әрекетеріміз үшін әрдайым жазаланып отырсақ қандай болар едік? Әрине, балалар жасаған қателіктерінің соңы неге алып келетінін түсіну керек, бірақ жазалау арқылы емес. Балаға қателесуге мүмкіндік беруді үйренген дұрыс.

5. Мен сенімен біргемін, сені тыңдауға дайынмын

Баланың айтып жатқан әңгімесіне құлақ аса білу қажет. Сол арқылы біз баламызды терең түсініп, оның әлеміне үңіле аламыз. Оның айтып жатқанын дұрыс түсінгенімізді аңғарту үшін, қайтадан сұрақ қойып, нақтылап көріңіз. Баланы тыңдау арқылы біз оның сөзіне құлақ асатынымызды көрсетеміз. Баламызбен сөйлеспесек, оны тыңдамасақ онымен қалай жақын бола аламыз? Балаға кеңес бермес үшін оның жүрек қалауына құлақ асу керек. Осы арқылы ол болашақта шынымен не қалайтынын, кім болатынын түсінеді. Дұрыс шешім қабылдауды үйренеді.

6. Бұл сенің жауапкершілігіңде

Жеке жауапкершілік - ересек болудың бір бөлшегі. Біздің балаларымыз дұрыс не бұрыс шешім қабылдаса да, ол – сабақ. Ата-ана баладағы жауапкершілікті сызып тастайтын болса, қандай адам болып өсетінін елестетіп көріңіз. Дұрыс шешім қабылдап үйренгенге дейін бала қателесуі де мүмкін. Сол уақытта қолдау білдіріп, жауапкершілігін өзіне қалдыра білуіміз керек. Жауапкершілік алып үйренген бала өз өмірін толық басқара алады.

7. Табысқа жетуің үшін барлығы бар

Өзін-өзі бағалау – баланы қиындықтардан құтқарады. Біз баланы өзінің күшті және әлсіз жақтарын білетіндей, өзін жақсы көретіндей етіп өсіруіміз керек. Бұл жағдайда бала негативтерді дұрыс қабылдап, оң нәтиже шығара біледі, яғни сынып кетпеуінің алдын алады. Бала табысты болуы үшін өз қабілеті жететіндігін түсінсе, міндетті түрде бір жетістік күтіп тұр. Сонымен қатар, оларға деген біздің сеніміміздің болғаны - қосымша күш.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: