«Баламның сау жері жоқ». Қаңтар кезінде полиция қызметкерлері қандай батылдыққа барды

10 Қаңтар 2023, 09:00 4178

Полиция қызметкерінің әкесі Қаңтар кезіндегі оқыс жағдайларды баяндап берді

Бүгінде Қаңтар қасіретіне бір жыл уақыт өтсе де, көп дүние біз үшін беймәлім. Оның ақ-қарасын ажырату әлі де мүмкін болмай тұр. Дегенмен, жаппай наразылық кезінде бейбіт күннің батырына айналған әскерилер мен полиция қызметкерлерінің еңбегін естіп, біліп жүрміз. Бүгінгі кейіпкеріміз Қаңтар кезінде өз басынан өткен көпке беймәлім ақпараттарды бізбен бөлісті.

Қаңтар кезінде үлкен зардап шеккен өңірлердің бірі – Жамбыл облысы. Тараздан 15 шақырым жердегі Байзақ ауданының тұрғыны Жолшыбек Сартбаевтың баласы Әмір Жолшыбекұлы (кейіпкердің аты өзгертілген) Тараз қалалық №1 полиция бөлімінде учаскелік инспектордың көмекшісі болып істеген. Наразылықтың демі енді бастау алған кезде әкімшілік ғимаратын күзету туралы бұйрық келеді.

«Елімізде наразылық шаралары 3-4 қаңтар күндері басталды. 5 қаңтар таң ата қызметкерлерді жинап, арасында менің де балам бар, облыстық әкімдіктің ғимаратын күзетуге қойды. Содан бастап балам 2-3 күн үйде болмады. Жұмысқа менің көлігіммен кеткен болатын. Полиция қызметкерлеріне арнайы берілген саймандарды, каска, қорғаныс жилеті, щиттерді көлікке тиеп, алаңға өзі жеткізген. Ал көлікті әкімшілікке жақын маңайда орналасқан мектептің авто тұрағына қойып кеткен. Сол кездің өзінде бүлікшілер жолдарды бөгеп, көліктерді жолдың бойына қойып, қоршау орнатып бастаған», - деді Жолшыбек Сартбаев.

Жолшыбек Сартбаев көптеген жылдар бойы полиция бөлімінде жұмыс істеген зейнеткер. «Ішкі істер органының ардагері» деген медальмен де марапатталған. Өзінің қызметтегі ізін қуған баласы үшін қатты алаңдағанын айтады.  

Бірте-бірте наразылыққа шыққандар саны арта түскен. Олардың барлығы орталық алаңдағы әкімдіктің ғимаратының алдына жиналған.

«Жоқ дегенде 5-6 мың адам әкімдіктің алдына жиналған. Ал ғимаратты қорғап тұрған әскерилердің саны олардың 10%-ына да жетпейді. Бір уақытта айқай-шу мен төбелес басталып кеткен. Жан-жақтан жабыла бастаған соң, полиция қызметкерлерінің шамасы жетпеген. Бүлікшілер әскерилерді таспен атқылап, граната лақтырып, жабылып соққыға жыққан. Солардың арасында менің де балам қалған. Жағдай ушығып кеткен соң, рацияға «эвакуация», «тастаңдар», «кетіңдер» деген бұйрық түскен», - дейді.

Бұйрық түскенімен алаңнан бірден кету мүмкін болмаған. Себебі, қоршауда қалған қызметкерлерді жиналғандар аямай соққыға жыққан. Полиция қызметкерлерінің қолында пистолет болғанымен, атуға рұқсат берілмеген. Сөйтіп, алаңнан бірінші әскерилер, артынша полиция қызметкерлері кетеді.

Әмір Жолшыбекұлы қасындағы қызметкерлерді құтқарып, мектептің тұрағында қалдырып кеткен көлігіне қарай бет алады. Дегенмен ондағы көріністе оңып тұрған жоқ еді. Бүлікшілердің бірі тұрақтағы қызметтік көліктерді өртеп, енді бірі тұрғындардың көліктерін тонап, бірі үстіне шығып, дубинкамен ұрғылап, сындырып, қиратып жатқан кезі болатын. Әріптестері «қазір онда барсаң араларында қалып, шыға алмай қаласың, сені тірі қалдырмауы да мүмкін» екенін айтып, тоқтатқан.  

Амалдың жоқтығынан, 7-8 полиция қызметкері бой тасалайтын жер іздеп, «Қарахан» мешітіне қарай жаяу бет алады. Сонда жиналып, әкімшіліктен 3 шақырым жерде орналасқан полиция бөлімшесіне орталық стадион арқылы жасырынып жетейік деп шешім қабылдайды.

«Сол кезде баламның бар ойы жағдайды біліп, қызметкерлерге көмектесу еді. Сондай-ақ, бөлімшеде барлығы білетіндей қару-жарақтар мен маңызды құпия құжаттар сақталған. Сөйтіп, барлығы бөлімшеге келгенде мұнда тек әйелдерді көреді. Әр қайсысының қолына бір-бір автомат ұстатып, терезе мен есіктің алдына тұрғызып, ғимаратты қорғауға бұйрық берген. Сол кезде бүлікшілер әкімдіктің ғимаратын, полиция департаменті мен полиция басқармасын басып алды деген хабар алады. Ендігі таңда Тараз қалалық №1 полиция бөлімшесіне шабуыл жасауы мүмкін деп, басшыларға барлық әйелдерді үйге қайтару туралы ұсыныс білдіреді. Бірақ, басшысы қарсылық танытып, «олар да сен сияқты айлық алады, сондықтан сен сияқты жұмыс істесін» деген», - дейді Жолшыбек Сартбаев.

Әмір басшылықтың сөзіне қарсы шығып, бөлімшедегі бос көліктердің біріне әйелдердің барлығын отырғызып, тіпті сыймағандарды жүк салғышқа отырғызып жіберген. Олар үшін ең маңыздысы адам өмірі болған, себебі, әрқайсысының отбасы, балалары бар, тіпті жүкті келіншектер де болған.    

«Сөйтіп, 7-8 инспектор ғимаратты күзетіп сонда қалған. Бір уақытта қайдан екені белгісіз рациядан біреу «ғимаратты тастап қашындар» деп команда берген. Ғимараттың артында тұрған қызметкерлердің жеке көліктеріне бөлімшедегі барлық қару-жарақты шығарып, соған тиеп алып кетті», - деді.

Қаладағы басқа бөлімшелердегі қаруларды бүлікшілер тартып алған, ал №1 бөлімшені қызметкерлер босатса да, қаруды қалдырмай өздерімен алып кеткен. Полицейлер кете салысымен, артынша 5 минуттан кейін бүлікшілер бөлімшеге басып кірген көрінеді. 

Әкесі сол күнгі баласының қандай ахуалда болғанын көрген кезде таңырқап қалғанын айтты: «Балам үйге таңға жуық келді. Үсті-басы көгерген, бірнеше жерден жарақат алған. Сау жері жоқ. Бірден туысқан хирург дәрігердің үйіне жетектеп апардым, жарақаттарын таңып берді. Өзін әрең ұстап жүрді. Ертесіне бөлімшеден «жиналу керек» деген бұйрық түсіп еді. Балам бірден жолға шықты, анасы екеуміз «қал, бармайсың» деп тоқтатпақ болдық, бірақ тосқауыл бола алмадық. Қоярда-қоймай барамын деп тұрып алды».

Қалада наразылық басылып, халық саябырлаған кезде Жолшыбек Сартбаев тұрақта қалған көлігін эвакуатормен үйіне алып келген. Оның айтуынша, көлігінің сау жері жоқ. Бүлікшілер көлігінің 4 дөңгелегін қосалқы дөңгелекпен қоса ұрлап кеткен. Терезелерін сындырып, ішін қиратып, техника, апараттарды алып кеткен екен.

Мемлекет басшысы Қаңтар кезінде жапа шеккендерге қаржылай көмек көрсету керек деп тапсырма берген болатын. Соның арқасында жеке бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтар мүлкін қалпына келтіруге мүмкіндік алды.

«Автокөлік жөнінде облыстық әкімдіктің көлік жөніндегі бөліміне хабарласып, шығынды бағалауға өтініш бердім. Құжаттарымның барлығын дайындап, көшірмелерін өткіздім. Үйге мамандар келіп, суретке түсіріп кетті. Бағалау кезінде көліктің маркасына, жылына қарап есептеді. Бір күні хабарласып, банктен қағаз алып келіңіз деді. Сөйтіп, сараптамадан кейін бір апта ішінде шотыма 1 млн 31 мың теңге аударды. Түскен қаражатқа көлікке жөңдеу жұмыстарын жасаттық», - деді Жолшыбек Сартбаев.  

Қаңтар оқиғасы кезіндегі қызметі үшін Әмір Жолшыбекұлын басшылық марапатқа ұсынған екен, дегенмен ол бастартқан.

 

Миражан Махан
Бөлісу: