Балалы үй – базар (II бөлім)

30 Қараша 2021, 11:55 46983

Балаға тәрбие беру

Әр ата-ана саябаққа барған уақытта болмаса тауға шығып, табиғатты тамашалау кезінде баланы өздерімен бірге ала жүріп, айналасындағы құбылыстарды түсіндіріп отырғаны абзал. Бұл баланың ой-өрісін кеңейтіп, таным-көкжиегін арттырады. Осы және өзге маңызды дүниелер жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам..» атты еңбегіне сүйене отырып, толығырақ айтатын боламыз.

 Балаға эстетикалық тәрбие берудің басты құралы музыка дейміз. Жақсы ән мен тәтті күй адамның жан дүниесін тебірентіп, көңілге үлкен ой салады. Мысалы, қазақтың «Елім-ай» әні халықтың басынан кешкен кешегі бір қара түнек замандағы қайғы-зарын елестетсе, атақты композиторлар Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», В.Брусиловскийдің «Бейбітшілік туы берік қолда», Б. Байқадамовтың «Партия туралы жыр» сияқты әндері жүрек тебірентіп, өмірге, адамға, Отанға деген ыстық сезімді арттыра түседі. Жақсы ән мен күйдің адамға берер әсерін, оның тәрбиелік мәнін қазақтың ұлы ақыны Абай былай деп сипаттады:

Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.

Әрине, жақсы ән мен тәтті күйді Абайша сүю жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді. Оны Абайша сүю үшін Абайша тебіреніп, көркемдікті Абайша сезіне білу керек. Өкінішке орай, біздің арамызда көркем дүниеге көңіл аударып, әсем ән мен тәтті күйді толғана тыңдай білмейтіндер әлі де бар. Кейбіреулер ән салу, домбыра тартудың адам шынайы ләззат алатын тамаша өнер екенін түсінбей, оны еріккеннің ермегі, әншейін ойын-тойда көңіл көтеретін «əлəулай» деп қарайды. Ондай ата-аналар мектепте ұйымдастырылған ән, би, домбыра үйірмелеріне баласын жібермей қояды. Кейбіреулер музыкаға құмарлығын қолдап, оның үйренуіне көмектесудің орнына, үйінде баласы домбыра шерте бастаса, «Даңғыратпа» деп, зекіп тастайды. Мысалы, бізбен көршілес тұратын бір әйелдің 15-16 жасар қыз баласы домбыраны жап-жақсы тартатын еді. Бір күні шешесі: «Артист болғың келіп жүрме, сен сайтанның, осыны даңғыратуды қашан қоясың?» деп, домбырасын балконнан лақтырып жіберіп, сындырып тастады. Сонымен қыздың домбыра тартуына тыйым салынды. Ол баланын жап-жаксы даусы да бар еді, бірақ оның консерваторияға түсем деген талабына шешесі қарсы болғандықтан, қыз ауыл шаруашылық институтына оқуға түсті. Оқуға түскеннен кейін кыз институттағы оркестрдің құрамында домбыра тартатын болған екен, сол үшін де оны шешесі қай-қайдағы жаман сөздермен балағаттап, талай жылатқанын көрдік. Бұл сияқты, балаға өнер үйрендің деп ұрысу үлкен ағаттық. «Өнерді үйрен де, жирен» дейді халқымыз. Тіпті, сол өнердің соңына түсіп, оны негізгі мамандық тұтпаған күннің өзінде де әнші, домбырашы, биші болу деген бас қосқан жерде көпшіліктің базары, мәжілістің ажары емес пе?! Шарықтатып ән шырқау, күмбірлетіп күй тарту, мың бұралып би билеу деген үлкен өнер. Бұл өнердің қайсысын да болса, меңгеру — коммунистік қоғамның жаңа адамын тәрбиелеу талабына сай болып өсу деген сөз. Сондықтан, балам жан-жақты білімді, өнерлі, өмір талабына лайықты адам болып өссін деген ата-ана баласын ән-күйді сүйіп тыңдауға, ән салып, күй шертуге, би білуге баулығаны жөн. Балаға эстетикалық тәрбие беруде көркем суреттің де мәні зор. Әдемі салынған сурет өмір шындығын, табиғаттың немесе бір заттың нақты көрінісін бейнелейді. Ондай, сурет баланың көзін қызықтырып, көңіліне ой салады. Бала сол суретке қарап тұрып, ол ненің суреті, онда қандай зат немесе қандай оқиға бейнеленгенін өзінше топшылап айтып береді. Ондай суреттер баланы табиғат құбылысымен, айналадағы көрініспен таныстырады және оның ой-өрісін дамытады. Ал ата-ана осындай бала тәрбиесіне тиімді жағдайларды пайдалана отырып, жас баланың балауса талғамының дұрыс қалыптасуына көмектесуі керек.


Мәселен, балаңыз әдемі сурет, открыткалар жинап альбом жасайтын болса немесе өзі сурет салумен әуестенетін болса, оның мұндай игілікті іске ұмтылған талабын қоштап отырған жөн. Сондай-ақ, көркем сурет галереясына немесе сурет көрмесіне барсаңыз, баланы ертіп апарып, оны атақты суретшілердің салған жақсы картиналарымен таныстырған дұрыс. Кейбір сюжетке құрылған картиналардың мазмұнын түcінуге, баланың ондағы басты бағытты байқауына көмектесіп жіберу керек. Бұл сияқты картиналардың мазмұнын түсіндіруде баланың жас ерекшелігі мен білімін ескеріп, оның өзі түсінетіндей шамада ғана қысқаша түсінік берген дұрыс.

Баланың табиғат көріністерін тамашалап, ормандағы алуан түрлі ағаштар мен жаздық даладағы шалғындықта өскен қызылды-жасылды бәйшешектерге мейірлене қарап, олардан ләззат алуы да оның эстетикалық сезімінің ояна бастағанын көрсетеді.

Қорытып айтқанда, эстетикалық тәрбиенің басты буыны — эстетикалық сезім. Балаларға арналған фильмдер мен театр қойылымдары, радио мен теледидар арқылы берілетін арнаулы хабарлар, өнер жөніндегі журналдар мен көркем әдебиет шығармалары, ән күй табақтары, түрлі түсті суреттер олардың эстетикалық сезімін белгілі бір жүйеге келтіріп одан әрі дамуына көмектесетінін ата-аналар естен шығармауға тиіс. Шынығып өскен бала ширақ болады. Баланы шынықтырып өсіру дегеніміз оны денсаулығы мықты, ыстық-суыққа төзімді, еңбекке қабілетті азамат етіп шығару. Біздің жастарымыз болаттай шыныққан, темірдей төзімді болып өсуге, оның материалдық игілігін еселеп арттыруға әрқашанда дайын тұруға тиіс. Ал жастардың тап осындай азамат болып ержетуіне дене шынықтырудың, спортпен шұғылданудың тигізер пайдасы мол. Дене шынықтыру жаттығуларын үнемі жасау және спортпен шұғылдану арқылы бала төзімділікке, табандылыққа, өжеттікке тағы басқа да көптеген жақсы қасиеттерге дағдыланады. Баланы жасынан шынықтырып өсіру үшін ата-анасы оның дұрыс режим сақтауына, жас ерекшелігіне қарай физкультура мен спорттың өзіне лайықты түрімен шұғылдануына жағдай туғызуы қажет. Жас нәресте ана көкірегінен нәр алып, сол ананың аялы алақанында тәрбиеленіп, үлкен жүрегінің жылуына бөленіп өседі. Әлі қырқынан шықпаған нәрестені шомылдырып болғаннан кейін оның денесін аялы алақанымен сылап, анасының «өс-өс» деп қол-аяғын созғылауын дене шынықтырудың бастамасы деуге болады. Алты айдан кейін бала еңбектейді, жасқа толғаннан кейін жүреді, одан арғы жерде үй ішінде немесе аулада жүгіріп, секіріп ойнайды. Осының бәрі оның балғын денесінің өсуіне, буындарының қатаюына қажетті қимыл-қозғалыстар. Кейбір ата-аналар баланың көбірек қозғалып, жугіріп ойнауына қажетті ойыншык, мысалы, доп сатып әперіп, сонымен ойнатып үйретеді. Одан көрі есейіңкіреген кезде баланың физкультура және спортпен шұғылдануына жағдай туғызуға тырысады. Баланың ойнау, дем алу және сабак дайындау сағаттарын белгілеп, нақты күн тәртібін жасайды да, соның орындалуын қатаң бақылап отырады. Мұндай отбасында тәрбиеленген бала денсаулығы жаксы, тәртіпті және ширақ болып өседі. Ал киімі де оңтайлы болуға тиіс.

Қазір балалар мен жас баланың емін-еркін қозғалып жүруіне оның үстіне киген жеткіншектерге қажетті киімдер біздің дүкендерімізде жеткілікті. Тек ата-аналар сол киімдерден өз баласына қолайлысын таңдап әпере білуі керек. Баланың өскелең талабымен санаспайтын, оның жүгіріп ойнауына немесе физкультура және спортпен шұғылдануына мүмкіндік бермейтін ата-аналар да жоқ емес. Мәселен, осы Алматы қаласында Қ. деген азаматың тетелес үш ұлы болды. Ата-анасы әжептәуір оқыған адамдар десек те, әлгі балаларының тәрбиесіне жете көңіл бөлмейтін еді. Осы үш балаға ең болмағанда бір доп сатып әпермеді олар. Балалары көшеге ойнауға шыққанда көрінген баланың добын алып қашып жылатып жүретін. Сондай-ақ, бұл балалар коньки, шаңғы сияқтыларды да тек басқа балалардың аяғынан ғана көріп, көздері қызығып тұрушы еді. Ата-анасы олардың мектептегі әр түрлі үйірмелерге де қатысуына рұқсат бермейтін. Әрине, мұндай семьяда тәрбиеленіп өскен баланы қазіргі замана талабына сай азамат болып шығады деп айту қиын, Баланы жақсы шынықтырып өсіру үшін ең алдымен ата-ана оған белгілі күн тәртібін жасап алуға тиіс. Мәселен, мектеп оқушысының күн тәртібінде баланың сабаққа бару, ойнау, тынығу, таза ауада серуендеу, ұйықтау сағаттары көрсетіледі.

Дәрігерлердің айтуынша, 7 жасар бала тәулігіне 12 сағат, 8—10 жасар балалар 11 сағат, 11 — 12 жасар балалар 10 сағат, 13—16 жастағылар 9 сағат, 17—18 жастағылар 8,5 сағат ұйықтауға тиіс. Семьяда баланы әр күні белгілі бір сағатта жатып, белгілі сағатта тұруға дағдыландырған жақсы. Ұйықтар алдында баланың жататын бөлмесін желдетіп, ауасын тазартып алған дұрыс. Әрине, баланың күн тәртібі барлық семьяда бірдей бола бермейді. Ол әрбір семьяда баланың жасына, семьяның шаруашылық жағдайына қарай түрліше болуы мүмкін. Белгілі бір дәрежеде жасынан шынығып өскен балана есейе келе физкультура және спортпен шұғылдану оның организмін дұрыс қалыптастырып, жан-жақты дамуына тиімді әсер етеді. Әрбір ата-ана баланың физкультура және спортқа қатысуына қажетті киімдер мен басқа да құрал-жабдықтарын сатып әперіп, оның өз қатарынан қалмауына көмектесіп отырғаны жөн. Балаларға шаңғы және коньки тебу, волейбол ойнау, велосипед айдау өте пайдалы.

Бірақ та, спорттың бұл түрлерімен шұғылданудың да шегі бар. Бұл жөнінде мектептің дәрігерімен және физкультура оқытушысымен ақылдасу қажет. Бала денесінің жақсы өсіп, еркін дамуына таңертеңгі гимнастиканың маңызы зор. Мектеп жасындағы балалар ұйқыдан тұрысымен жеңіл-желпі гимнастикалық жаттығулар жасап, денесін сулы сүлгімен ысқылап, сүртінуі керек. Әрине, жас баланы гимнастика жасауға үйрете қою оңай емес. Оған таңертең зарядка жасау қажеттігін, қашан өзі дағдыланып алғанша, күнде айтып, есіне салып тұру керек. Мектеп оқушыларының туристік жорыққа шығуы да баланың денесін шынықтырады және оның ой-өрісін дамытып, өзінің туған өлкесі туралы, оның тамаша табиғаты туралы білімін толықтырады. Дене шынықтыру тәрбиесінде таза ауада серуендеудің де маңызы зор. Баланы таза ауада серуендету демалыс күндері немесе каникул кезінде ата аналардың өздері ұйымдастыруына болады. Жыл маусымына және ауа райына қарай, мұндай серуенге шаңғымен немесе жаяу шығуға болады. Бұл сияқты серуендеу баланың денсаулығын нығайтып, оның жан-жақты дамуына көмектеседі. Жазды күндері балаға суда жүзіп, қайыққа мініп, велосипед айдап серуендеу өте пайдалы. Ал қыстыкүні шаңғы және коньки тебу, шанаға мініп сырғанау, хоккей ойнау сияқтылар баланың денсаулығына пайдалы әсер ететінін ата-аналар естерінде сақтағаны жөн.

Баланың мектеп жасына жетіп, оқуға баруы — ата-анаға үлкен қуаныш. Әрбір ата-ана бұл қуанышты күнге, яғни бірінші сентябрьге — баласының қолына бірінші рет сумка ұстатып, мектепке апаруға өзінше дайындық жасайды. Екінші сөзбен айтқанда, ата-ана оқуға баратын балаға қажетті оқу құралдарын, дәптер, қалам, кішкентай есепшот, сурет салатын дәптер мен түрлі түсті қарындаштар т. с. с. сатып алады. Баланың мектепке киіп баруына арнаулы киімдер әпереді. Сөйтіп, баласы тұңғыш рет оқуға баратын ана 1-сентябрь күні өзге жұрттың бәрінен ерте тұрып, баласын жуындырып, киіндіріп, қолына гүл шоғын ұстатып, мектепке ертіп келеді. Бұл күн ананың да, баланың да мәңгі есінде қалатын шексіз қуаныш, үлкен толғаныс күні. Ал енді осы қуанышыңыз баянды болуы үшін баланың жақсы оқуына жағдай жасаған жөн. Ең алдымен, баланың үйде сабақ дайындауына арнаулы орын әзірлеу керек. Бөлменің бір бұрышына (терезеге таяу жерден) баланың өзіне арналған столы мен орындығын, оның қасына этажерка немесе тақтайдан сөре жасап қойыңыз да, баланы әрдайым сол жерде отырып сабағын дайындауға, сабағын дайындап болғаннан кейін столдың үстін жинап қоюға дағдыландырыңыз. Әсіресе мектепке жаңа барған, бірінші класта оқитын баланың жұмыс орнын дұрыс дайындауға баса көңіл бөлу керек. Егер жазу столы биік келсе, бала жазған кезде бір иығын көтеріп, бір жағына қарай қисайып отыруға мәжбүр болады.

Осының нәтижесінде жас баланың омыртқа жотасы қисайып кетуі мүмкін. Ал егер жазу столы тым аласа болса, бала үнемі еңкейіп отырады да, жауырыны бүкірейіп кетеді. Сондықтан, жазу дұрыс отырғызып үйрету қажет. Столы баланың бойына шақ болуы керек те баланы оған сабақ дайындау кезінде бала алаңдамай, толық зейін қойып отыруы үшін үйде тыныштық сақтау керек, ол кезде радионы да өшіріп қойыңыз. Сондай-ақ, баланы сабақ дайындау кезінде ой еңбегінің гигиенасын сақтауға дағдыландыру қажет. Сабақ дайындап отырған бала әрбір 40-50 минуттен кейін 10-15 минут үзіліс жасап, ми тынықтыратын болсын. Баланы өзінің сабақ дайындап отырған бөлмесін жиі желдетіп, ауасын тазартып тұруға дағдыландырыңыз, өйткені, таза ауа адамның еңбек қабілетін арттырады. Баланың төсекте жатып нмесе тамақ ішіп отырған кезде кітап оқуына рұқсат берменіз. Бұл сияқты «жүрдім-бардым» қарап, кітапты қалай болса, солай, үстірт оқу баланың үйге берген тапсырманы орындау сапасын төмендетеді. Сонымен қабат, баланы мектепке апаратын оқулықтары мен оқу құралдарын кешке таман түгендеп, сумкасына салып қоюға дағдыландырыңыз. Бұл оны ұқыптылыққа үйретеді. Кейде баланың үйге берген тапсырманы орындауына да көмек беруге болады. Бұл мәселеде семьяда бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі жағдайды байқаймыз. Оның бірі — ата-ананың «балаға сабақ оқыту мұғалімдердің жұмысы» деп, баласының оқуға үлгеріміне зер салмаушылық. Ондай ата-аналар баласының «мен мына бір есепті шығара алмай отырмын», әйтпесе «мен мына бір тапсырманы орындай алмай отырмын» дегеніне құлақ аспайды. Қолынан келіп тұрса да балаға жөн сілтеп, есептің шығару жолын үйреткісі келмейді. Екінші біреулері мұның керісінше, балаға үйге берген тапсырманы орындаудың жолын үйретудің орнына сол тапсырманы өзі орындауға кіріседі.

Мәселен, есепті өзі шығарып береді. Әрине, мұның екеуі де дұрыс емес. Мұғалім үйге тапсырма бергенде оқушының класта өткен тақырыбынан оның өз бетінше орындауға шамасы келетіндей етіп, баланың шама-шарқына шақтап береді. «Оқушыларға арналған ереженің» бір пунктінде: «Үйге берген тапсырманың бәрін де өзің орындауын керек». деп жазылған. Алайда, ата-ана баласының қалай оқып, мұғалімдердің үйге берген тапсырмаларын қалай орындап жүргенін бақылап отыруға тиіс. Кейде бала, әсіресе бастауыш кластарда оқитын жас балалар ойынға алданып, үйге берген тапсырмасын орындауды ұмытып кетуі немесе оны орындауға уақыты
жетпей қалуы мүмкін. Ондай жас балаларға ата-анасы: «үйге берген тапсырманы орындадың ба?» — деп сұрап, егер орындамаған болса, дереу отырғызып, орындатуы керек. Үйге берілген тапсырманың орындалуын күнбе-күн бақылап, баланы біртіндеп дербес жұмыс істеуге дағдыландыру қажет. Егер бала белгілі бір сағаттарда отырып, үйге берген тапсырмаларын жақсы орындауға даудыланса, бұдан арғы жерде оның жұмысын әр күні тексере бермеуге де болады. Кейде баланың үйге берген тапсырманы орындауға шамасы келмейтін жағдай да кездесуі мүмкін. Мәселен, есебін шығара алмайды, кейбір сөздердің мағынасын толық түсінбейді немесе жеке оқиғалардың өзара байланысын ажырата алмайды т. с. с. Мұндай жағдайда ата-анасы немесе жоғары класта оқитын ағасы балаға көмектесіп жіберуге тиіс.

Әуелі оның шығара алмаған есебінің шығару жолын айтып түсіндіріп, одан кейін: ал енді өзің шығар деу керек. Бала біраз ойланып, өзі шығаруға әрекет жасап көрсін. Егер бұдан соң да шығара алмай қойса, әлгі есепті содан кейін барып шығарып, жолын айтып түсіндіріп беруге болады. Бірақта, бала деп отыратын болмасын. бұған әдеттеніп, күнде «мынау есепті шығарып берші!» Әсіресе бастауыш мектепте оқитын балалардың сабаққа қалай дайындалғанын тексеріп тұру қажет. Мәселен, оның, дәптерін қарап, жазуын тексересіз, кітабын оқытып көресіз, жаттауға берген өлеңі болса, оны қаншалықты дұрыс жаттап алғанын т. б. тексересіз. Әрине, үйге берген тапсырманың дұрыс орындалуын тексеру — мұғалімнің жұмысы. Дегенмен, ата-ана өз баласының үйге берген тапсырманы қалай болса солай, жүрдім-бардым орындап, далаға жүгіре жөнелуіне жол бермеуrе тиіс. Үйге берген тапсырманың қалай орындалғанын тексеріп, сол арқылы баланы ұқыптылыққа үйретуге болады. Мектеп жасындағы балалардың сабақты бірлесіп дайындағаны өте пайдалы келеді. Ол баланы коллективті түрде бірлесіп жұмыс істеуге, бір-біріне жолдастық көмек беруге дағдыландырады. Сабақты бірлесіп дайындаудың әсіресе, үлгерімі нашар және өз бетінше тұрақты отырып, табанды түрде дайындалуға үйренбеген ұшқалақ балаларға пайдасы зор. Бірақ та, олардың шығарылған есепті немесе жаттығу жұмыстарын бір-бірінен көшіріп ала салмай, әрқайсысының еркін түсініп, дербес жұмыс істеуін бақылау қажет. Кейбір ата аналар төменгі кластарда оқитын баласының үйге берген тапсырманы орындауын бақылауды оның жоғары класта оқитын ағасына немесе тәтесіне тапсырып қояды. Бұл да дұрыс тәсіл. Өйткені, жоғары класта оқитын бала өзінің інісінің немесе қарындасының үйге берілген тапсырманы орындауын тексеріп қана қоймайды, олардың түсінбеген жерін түсіндіріп, сабақты одан әрі игеріп әкетуіне де көмек береді. Әсіресе 8-ші және 10-шы кластарда оқитын балаларға емтихан кезінде көмектесу, екінші сөзбен айтқанда, олардың емтиханға дайындалуына жағдай туғызу қажет-ақ. Емтихан тапсыратын. баланы үй шаруашылығына көп жұмсамай, да көп жібере бермей, оның емін-еркін отырып дайындалуына мүмкіндік беру керек. Баланы еңбекке баулу. Қасынан еңбек етіп үйренген бала өсе келе өзі де ұқыпты еңбек ететін, өзгелердің еңбегін де құрметтей болады. Мектептердегі программа брйынша жүргізілетін политехникалық оқу балаларды өндірістің негізгі ғылыми принциптерімен, қоғамдық және өндірістік қатынастардың ерекшеліктерімен таныстырады, оларды еңбекке дағдыландырып, іскерлікке үйретеді.

Баланы еркелетпей, бетімен жібермей, дұрыс тәрбиелей білген жағдайда ата-анаға 10 баланың бір баладай ауыртпалығы болмайды екен. Кейбір семьяда жалғыз баласы дастарқан үстіндегі тағамдардың анаусын бір, мынаусын бір алып қашып, отырған жұртты мазалап, дастарқанның берекесін кетіреді. Ал кейбір 4—5 баласы бар үйге баарғаныңда дастарқан басында бір баланы да көрмейсің. Осының бәрі де ата-ананың тәрбиесіне байланысты. «Ерке баладан жынды балам жақсы» деп бұрынғылар бекерге айтпаған ғой. Еңбекке үйретілмей шолжаңдап өскен ерке бала ата-анаға абырой әпермейді және ол келешекте жақсы азамат та болып шыкпайды. Сондықтан, әрбір ата-ана баланы жасынан еңбекке баулу керек екенін естен шығармағаны жөн. Балаңыз боос уақытын дұрыс пайдаланатын болсын. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейді қазақтың ұлы ақыны Абай. Бұл өмір шындығынан алынған данышпандық сөз. Жасынан еңбекке бейімделмеген адамның азғындап кететіні рас. Сондықтан, баланы жас кезінен, тіпті, 4—5 жасқа келгеннен кейін-ақ құр ойынмен әуестендіре бермей, аз да боолса еңбек етуге үйреткен дұрыс. Мысалы, 4—5 жасар балаға ойнап болғаннан кейін өзінің ойыншықтарын жинату, даладан келгеннен кейін бас киімі мен пальтосын өзінің бойы жететін жердегі шегеге яки киім ілгішке іліп қоюға, аяқ киімін шүберекпен сүртуге, дастарқанды жинау кезінде сынбайтын жеңіл-желпі ыдыыс-аяқтарды ас үйге апаруға т.с.с. жұмыстарды істетіп үйретуге болады. Ал мектепте оқитын баалалардың үйге келіп, асын ішіп, сабағын дайындап болғаннан кейін қолдары босайды. Баланың осындай бос уақытында пайдалы еңбекпен шұғылдануы оның көңілін өсіріп жұмыс қабілетін арттырады. Қыстыкүні малдың қорасын тазалап, ақырға шөп салу, мал суару, қар күреу, ал жазда аула ішіндегі баау-бақшаның арам шөптерін отау, жер суару, аулаға су сеуіп, сыпыру сияқты жұмыстар баланың әр іске икемді де ұқыпты болып өсуіне, дене тұлғасының шынығып еркін дамуына себепкер болады. Демалыс қарсаңында мұғалімдер оқушы балаларға үйге тапсырма бермейді.

Ондағы мақсат — балалар демалыс күні тынықсын, баратын жеріне барып қайтсын,ойына алған бір жұмысы болса, сонысын істеп алсын, кино-театрға барып көңілін көтерсін деген шамалау. Ал ата-аналар баланың «бүгін бізге демалыс» деп көшеде босқа селтеңдеп жүруіне жол бермей, әлгі уақытын ақылмен тиімді пайдалануына жетекші болуға тиіс. Өйткені, көшеде сенделіп жүрген балалардың тәртібі бұзылып, жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Демалыс күні әр семьяда әр түрлі жағдай өтеді. Біріншіден, ол жыл маусымына, ауа райына байланысты. Мәселен, көктемде біреулер балаларымен бірге бақша егеді, бақтағы ағаштардың түбін қопсытып, сабағын әктейді; күзде бау-бақшасының өнімдерін жинайды. Екінші біреулердің тағы басқа түрлі шаруасы болады. Осындай жұмыстардың бәріне де балаларды қатыстырып дағдыландырған дұрыс. Мүмкіндігі болған жағдайда ата-анасы демалыс күндері балаларымен бірге паркке, орман ішіне, көл жағасына барып, таза ауада әрі өздерыстырып қайтса, тіпті жақсы, дем алып, әрі балаларын табиғат тамашаларымен. Дегенмен балаға демалыс сайын жұмыс істетіп, мойнын босатпай қойсаңыз, ол баланы зеріктіріп жібереді. Сондықтан, үй шаруасындағы жұмыс қаншалықты қауырт болғанымен де баланы ара-тұра босатып, оның киноға баруына немесе паркке бір мезгіл серуендеп қайтуына мүмкіндік беру қажет. Балаға әр түрлі дене шынықтыру жаттығуларын жасау, жүгіріп-секіріп ойнайтын ойындар, спорт ойындары туристік жорыққа шығу сияқтылар да ерекше пайдалы. Осыған орай, ата-аналар баланың бос уақытында сондай ойындармен, спортпен шұғылдануына жағдай жасауға тиіс. 


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: