Балалардың улануы: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

1 Тамыз 2023, 11:43 1122

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында балалардың тамақтан улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін аталған орталықта уланған балалардың біреуі қайтыс болып, алтау жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлағанбыз. Бас прокуратура мәліметінше, бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданған.

Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады, - делінген мәліметте.

Бас прокуратура еліміздегі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеменің барлығында кешенді тексеру болатынын атап өтті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: