Балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысын қамтамасыз ету шаралары талқыланды

29 Шілде 2023, 10:51 915

Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте министрліктер мен әкімдіктердің балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сумен қамту, мектептердің санитариясы, тамақтандыруды және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен сауықтыру лагерлерін құру жөніндегі жұмыстарының қорытындылары тыңдалды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, вице-премьер бұл мәселелердің ерекше бақылауда екенін және Үкімет тарапынан тұрақты түрде қаралатынын атап өткен.

Оқу-ағарту вице-министрі Е. Оспан бейнекамераларды тексеру нәтижелері мен мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмі туралы баяндады.

Т. Дүйсенова оқу-ағарту, ішкі істер, Цифрлық даму министрліктеріне білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция министрліктеріне халықаралық талаптарды ескере отырып, мектептердегі санитария мен гигиенаның ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды. 

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрліктеріне жазғы лагерьлердің қызметін мұқият зерделеп, орын алған барлық кемшіліктерді жоюды және келесі маусымда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша алдын алу шараларын қабылдауды да айта кетті. 

Балалардың демалысы мен бос уақытын өткізетін нысандар, балалар орталықтары көпфункционалды болуы тиіс, онда балалардың жан-жақты, зияткерлік, шығармашылық, физикалық дамуы қамтамасыз етілуі қажет, - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Асқар Таудай
Бөлісу: