27 Қараша 2015, 04:07
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан - 2030» стратегиялық даму бағдарламасындағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы тиіс», - деп атап көрсеткен болатын. Болашақ Қазақстанның жастары отбасының ұйтқысы болатын, демалыс уақытында бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығына көңіл бөлуіне, салауатты да тәрбиелі, экологиялық сауатты, шыныққан шымыр азамат етіп тәрбиеленуіне, ауасы таза, көк желекті дамыған елде тұруы керек.
Балалардың білім алуынан тыс демалыс кезінде жасөспірім ортақ істің ұйымдастырушысы, әрі белсенді қатысушысы болуға үлкен мүмкіндік алуына себеп болады. Лагердегі балалардың өмірі, бос уақыты қызықты, тартымды өтуі – тәлімгерлердің қолында.
Ойын - халықтың баланы әдептілікке, сауаттылыққа баулитын құралдың бірі. Ойын – балаға қарым-қатынас жасаудың әдіс-тәсілдерін және заттармен іс-әрекет жасауды үйрететін, баланы тәрбиелеу мақсатында қолданылатын балалар әрекетінің бір түрі. Ойын арқылы бала тұлға ретінде дамиды, оның психикасы қалыптасады. Сонымен бірге ойын баланың денесін ширатады, зейінін ашады, басқа балалармен бірге сыйласып, бірге жұмылып жұмыс атқаруға дағдыландырады.
Ойын әрекеті мазмұнынан, әлеуметтік сипаты, баланың қоғамдық өмір сүретіндігімен байланысты. Ол алғашқы айлардан бастап-ақ маңайындағылармен қарым-қатынас жасауға ұмтылады, соның арқасында қарым-қатынас жасау құралы. Ойын - бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын ойнағанда бөлме теңіз де, ұшақ та, темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар ойын кезінде тыныш отыра алмайды. Тіпті жалғыз баланың өзі де сөйлеп жүреді. Сондықтан, ойын барысында тілдесім үлгісі қалыптасады. Ойын таза ауада, кең алаңдарда жас ерекшеліктерін ескере отырып өткізілуі қажет.
Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рөлдік, драматизациялық, дидактикалық құрылыс ойындары, қимылды ойындар, спорттық, ұлттық ойындар болып бөлінеді.
Балаларды сауықтыру лагерьлерінде балалармен ойналатын төмендегі ойындарды ұсынамын.
«Кім шапшаң?»
Мақсаты: балалардың логикаларын, сөздік қорын дамыту.
Бұл ойын жаз мезгілінде көгалда, алаңда, ашық далада ойнатылады. Ойынға 2 ойыншыдан 20-ға дейін қатыса алады.
Ойынға жиылғандар қатар-қатар сап құрып тұрады да, қолдарындағы көлемі бірдей тасты не допты (кішірек) кезектесіп лақтырады. Ең жақын түскен тастың, не доптың иесі лақтырылған барлық тастарды (не доптарды) жиып әкеліп ойыншылардың әрқайсысына үлестіріп береді. Лақтырушылардың ішінде кімде-кім үш рет алысқа лақтырса, сол жеңімпаз атанып ойыннан шығады. Ойын сол тәртіппен жүре береді де, екінші және үшінші жеңімпаздар анықталады.
Тас не доп түскен жердің алыс-жақындығы лақтырылған заттың алғашқы түскен орны болып белгіленеді. Бұл ойын қатысушыларды алысқа лақтыра білуге жаттықтырып, таза ауада дем алып, денелерін шынықтыруға мүмкіндік береді.
«Күн мен түн»
Мақсаты: балалардың қиял әлемін, есте сақтау қабілетін, шапшаңдығын, сөздік қорын дамыту, ұжымдылыққа тәрбиелеу.
Ойынға қатысушылардың барлығы шеңбер жасап отырады, ал жүргізуші сол шеңбердің тура ортасында болуы керек. Жүргізуші «Күн» дегенде барлық ойыншылар орындарынан тұрып өздерінің тіршіліктерімен айналысады (би билейді, ән салады, күледі, сөйлеседі), ал «Түн» дегенде барлығы ұйқыға кетуі керек. Осылай ойынның басынан аяғына дейін жүргізуші ойыншыларды әбден шатастыруы қажет. Қай ойыншы жаңылып қалса, сол ойыннан шығып отырады. Соңында қалған ойынша жеңімпаз атанады.
«Жасырынбақ»
Мақсаты: балалардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, шапшаңдылыққа тәрбиелеу.
Жасырынбақ ойыны әдетте жаз мезгілдерінде, ай жарықта кең алаңдарда, ал күндіз жасырынатын қуысы бар жерлерде өткізіледі.
Ойыншылар көмбеге жиналған соң саусақ санау арқылы кімнің тығылушы, кімнің іздеуші екенін анықтайды. Ойынның жүргізушісі көзін жауып, қатты айқайлап, елуге дейін санайды да (осы кезде ойыншылар жасырынып үлгерулері керек). Ол жасырынған ойыншыларды іздеуге кіріседі. Іздеуші екінші рет кезекші болмас үшін бірінші көрген ойыншыдан көмбеге бұрын жетіп, хабар беруі керек. Сосын асықпай басқаларын таба береді. Тағы бір ескеретін жай: іздеуші жасырушыны көрмейінше, «шика» демейінше, өз бетінше жүгіріп, көмбеге келмеуі керек.
Ойын қараңғыдан қорықпайтын батыл, түнде бағдарды дұрыс аңғара білуге, сезімталдыққа тәрбиелейді.
Салбенбекова Салтанат