Балаларды коронавирустан қорғау үшін не істеу керек?

1 Сәуір 2021, 15:27 6830

Педиатр-инфекционист Асылзат Аманханқызымен сұқбат

Алматыда соңғы 3-4 күнде коронавируспен ауырған балалар саны күрт артып кеткені белгілі. Бүгінгі таңда эпидимиологиялық жағдай Нұр-Сұлтан қаласында да күрделеніп барады. Балаларды коронавирустан қалай қорғау керек? Неден қауіптену керек? Жаңа туылған балаларға Сovid-19 инфекциясы қаншалықты қауіпті? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты №3 көпбейінді аурухананың дәрігері, педиатр-инфекционист Асылзат Байғоновамен сұқбаттасқан болатынбыз.


– Асылзат Аманханқызы, соңғы 3-4 күнде Алматы қаласында коронавирус жұқтырған балалар саны артып отыр. Осындай күрделенген жағдай Нұр-Сұлтан қаласында қайталануы мүмкін бе?

– Қазіргі жағдайда Сovid-19 бойынша Нұр-Сұлтан қаласында жағдай тұрақты деп айту қиын. Елімізде 6 облыс қызыл аймақта тұр. Оның қатарында елордамыз да бар. Өйткені күннен күнге аурулар саны көбейіп келе жатыр. Олардың ішінде ересектермен қатар балалар да кездеседі. Ал біздің ауруханаға ПЦР тест тапсырып, вирус анықталған жағдайда ғана науқастарды қабылдаймыз. Ал Алматы үлкен мегаполис шаһар болғандықтан халық саны бірнеше есеге көп. Сол себепті Алматыдағы жағдай Нұр-Сұлтанда да қайталануы бек мүмкін. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты №3 көпбейінді ауруханада балаларға 250 орындық төсек-орын қарастырылған. Оның ішінде коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 150 орын бар. Ауруханадан жылына инфекциялық аурулармен ауыратын 14000-15000 бала емделіп шығады. Соңғы бір апта ішінде біздің ауруханаға екі бала коронавирус инфекциясымен түсті. Олар бүгінде стационарлық ем қабылдап жатыр. Жағдайлары орта деңгейлі көрсеткіште. Ауыр жағдайдағы және ИВЛ аппаратында жатқан балалар жоқ. Симптомсыз балалар біздің ауруханада жатпайды. Қаулы бойынша симптомсыз науқастар амбулаторлы түрде емделеді.

– Коронавирустық инфекциямен қандай күрес жүргізіліп жатыр?

–Инфекциямен күрес қаланың бас санитар дәрігерінің шығарған қаулысы бойынша карантиндік шараларды күшейту жүргізіліп жатыр. Инфекцияны карантиндік шараларды күшейту арқылы ғана азайта аламыз. Адамдарды көп шоғырланған жерлерге бармауға кеңес береміз. Біз Covid-19 вирусымен сақтық шараларын сақтай отырып күресе аламыз. Және екінші бірден-бір жолы вакцинация болып табылады. Вакцинация салдыру елімізде басталып кетті. Сондықтан вирусқа қарсы екпе салдырсақ, осы ауруды жеңеміз деген үміттемін.


– Балаларды вакцинациялау қандай жағдайда, қалай жүргізіледі?

– Балаларды вакцинациялау Қазақстанда әлі басталған жоқ. Әзірге айтылған деректер бойынша тұрғындарды вакцинациялау 18 жастан басталады. Егер қандай да бір балаға екпе жасау керек болса, дәрігерлердің кеңесімен ғана жүргізілуі керек. Және ол адамның өмірлік көрсеткіштеріне байланысты.

– Коронавирустық инфекциямен ауырған балалардың саны көбейсе, сіздер дайынсыздар ма? Неден қауіптену керек?

– Иә, егер коронавирус инфекциясын жұқтырған балалардың саны артып кетсе, біздің аурухана сақадай-сай. Балалар ересектерге қарағанда ағзасы мен иммунитеті өте әлсіз топқа жатады. Сол себепті балалар коронавируспен ауыратын болса өте сақ болуға тиістіміз. Оларда асқыну қаупі көбірек болуы мүмкін. Бірақ осы күнге дейінгі тәжірибе көрсеткендей былтырғы жылы балалар көп ауырған жоқ. Олардың көпшілігі симптомсыз түрде өткен болатын. Сондықтан биыл да жеңілірек өтеді деп ойлаймын.

– Балалардағы коронавирустың алғашқы белгілері ересектерден ерекшелене ме?

– Балалардағы коронавирустың алғашқы белгілері ересектерден аса ерекшеленбейді. Дәл сондай белгілер балаларда да кездесуі мүмкін. Жалпы коронавирустың қандай да бір жаңа белгілері пайда болып жатыр деп айта алмаймын. Тек кейбір симптомдық белгілердің биылғы жылғы науқастарда көбірек кездесетіндігін айтуға болады.

– Балалар ересектерге қарағанда коронавирусты жеңіл өткере ме? Олар жеңіл симптоммен немесе симптомсыз коронавирусты басқаларға тарата ала ма?

– Балалар ересектерге қарағанда вирусты жеңіл өткереді. Бірақ салыстырмалы түрде айтар болсам ауыр түрде өткерген балалар да бар. Бірақ балаларда ересектерге қарағанда жеңіл өтеді. Симптомсыз және симптоммен болса да коронавирусты жұқтырған адам вирусты таратушы болып саналады.

– Жас ерекшеліктеріне байланысты балаларда коронавирус әр түрлі деңгейде бола ма?

– Жоқ барлық жастағы балаларда бір деңгейде кездеседі. Бірақ ауруды қалай өткеруі әр баланың өзінің индивидуалды иммундық жүйесіне байланысты.


– Жаңа туылған балалар мен туылмаған нәрестелерге коронавирус қаншалықты қауіпті? Олардың ағзаларына қалай әсер етеді?

– Жаңа туылған балаларда бүгінгі таңдағы статистика көрсеткендей коронавирус жеңіл түрде өтті. Оларда аса асқыну белгілері байқалған жоқ. Бірақ егер жаңа туған бала шала туылған болса немесе ауыр жағдайда дүниеге келсе, әрине ол балаларда асқыну белгілері болуы мүмкін. Бірақ та мұндай жағдайлар өте сирек. Туылмаған нәрестелерге коронавирус әсер етеді. Ол жағдайда жатырдағы баланың дамуы тежелуі мүмкін. Бірақ құрсақтағы балаға анасынан коронавирус белгісі жұқпайды. Ол анықталмаған, дәлелденбеген нәрсе. Бірақ кез келген вирусты ауру сияқты анасы ауырған кезде жатырда жатқан балаға өзінің белгілі бір салдары тиіп, баланың қандай да бір даму процесіне зиянын тигізіп, ағзаның дамуын тежеуі мүмкін.

– Кавасаки синдромы коронавирус инфекциясымен ауырған балаларда асқынып пайда болады деп жатады. Бұл қаншалықты рас? №3 көпбейінді ауруханасында кавасакиге шалдыққан балалар бар ма?

– Коронавируспен ауырған балаларда кавасаки синдромының өзі емес , кавасаки синдромы тәрізді аурулары асқынулары болуы мүмкін. Ондай аурулар балаларда кездесті. Дәл қазіргі уақытта біздің ауруханада ондай аурумен ауырып, емделіп жатқан балалар жоқ. Қазақстан Республикасының коронавирусты емдеуге арналған арнайы хаттамасына жүгініп балаларды емдейміз.

– Педиатор-инфекционист дәрігер ретінде балаларды вирустан қорғау үшін не істеу керек? Коронавирус жұқтырмаудың амалдары қандай? Қандай тағамдарды пайдалану керек? Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

– Балаларға ерекше күтім керек. Үйдегі санитарлық шараларды және балалардың гигиеналық шараларды сақтауын қадағалап отыру керек. Сонымен қатар олардың таза ауамен тыныстауын сақтық шараларын сақтай отырып, қамтамасыз ету керек. Ең маңыздысы қоғамдық орындарда, адамдар көп жиналатын жерлерге апармау керек. Сырттан келгенде қолды міндетті түрде антисептиктермен, сабынмен жуып, масканы дұрыстап тағу амалдарын орындағаны дұрыс. Және әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Екінші балалардың тамақтануы дұрыс болуы керек. Сатып алған жартылай дайындалған тағамдар емес, қолдан үйде дайындалған тағамдар керек. Жақсы өңдеуден өткен, қайнатылған, суға, буға пісірілген және дайындау технологиясы сақталып пісірілген тамақтарды беріңіз. Сонымен қатар жеміс-жидек, көкөністер және сүт өнімдерін жиі тұтынғандары дұрыс. Қазір көктем мезгілі болғандықтан ағзамызға дәрумендер мен белоктар өте қажет.

– Коронавируспен ауырған балаларға қандай көмек көрсетіледі?

– Коронавируспен ауырған балалардың емі симтоматикалық түрде жүргізіледі. Егер жағдайы ауыр дәрежелі болса ауруханаға жатқызылады. Жеңіл және орташа дәрежеде болса, амбулаторлық түрде үй жағдайында емделеді. Вируспен ауырған науқастарды толық клиникалық жақсаруға дейін ұстаймыз. Балаларда да дәл солай. Біздің аурухана барлық дәрі-дәрмекпен, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілген. Және санитарлық жағдайлар сақталған. Былтырғы жылы коронавирус өршіген кезде қонақ үйге барып қонып жүрдік. Ол кезде қиын жағдай болды. Жұмыс көлемі өте көп болып, адамдар көп түсіп жатты. Ол қиындықтарды да өткердік. Бізде былтырғы жылда коронавируспен ауырған балалар көп болған жоқ. Көпшілігінде үлкен кісілер болды. Ауыр түрде ауырған балаларды өз тәжірибемде кездестірген жоқпын. Барлығымыз әлемді жайлаған індетті бірлесіп, сақтық шараларын жүргізу арқылы жеңеміз деп ойлаймын. Денсаулықтың кілті – әркімнің өз қолында. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтайық!

– Сұқбатыңызға рахмет.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: