Балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсті

1 Шілде 2022, 16:20 1248

Жаңа оқу жылында 400 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Үш айдың ішінде балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсіп үлгерді. Оның ішінде балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші сыныпқа қабылдау 1 сәуірде басталған болатын. Ал құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылғы 1 тамызда аяқталады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырды және құжаттар egov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Сондай-ақ ата-аналар құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыра алады.

«Ата-аналарға құжаттарды тезірек тапсыруға кеңес береміз, өйткені қабылдау 1 тамызда аяқталады. Ал 1 тамыздан бастап мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдау басталғанына үш ай өтті және осы уақыт ішінде 320 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 82%-ы электронды форматта қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің үлесі бүгінде 70%-ға жуықтады. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда (92,4%), Түркістан (89%) және Маңғыстау (87,1%) облыстарында тіркелді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Бөлісу: