Балалар үйінде жұлдызды қайың аллеясы отырғызылды

5 Маусым 2015, 03:46

«Муз ТВ:гравитация» премиясына жиналған отандық және ресейлік эстрада жұлдыздары бүгін, 4 маусым күні «Дара» қоры мен МУЗ-ТВ премиясы бірлесіп ұйымдастырған «Біз инклюзивті қоғам үшін» атты әлеуметтік акцияға қатысты.

«Муз ТВ:гравитация» премиясына жиналған отандық және ресейлік эстрада жұлдыздары бүгін, 4 маусым күні «Дара» қоры мен МУЗ-ТВ премиясы бірлесіп ұйымдастырған «Біз инклюзивті қоғам үшін» атты әлеуметтік акцияға қатысты. Акция қала бойынша бірнеше жерде өтті. Солардың бірі – Астана қаласының балалар үйінде өткен «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» шарасы. Аталмыш шараға X Factor байқауының жеңімпазы Евгений Выблов, «Дуэт L» және ресейлік әнші Эмин қатысты. Балалар келген қонақтармен бірге «Жұлдызды қайың аллеясын» отырғызды.

Гүлмира Қарыбаева, балалар үйінің директоры:

Балалар үйінде бес жастан 18 жас аралығындағы 164 бала тәрбиеленіп жатыр. Екі жыл бұрын министрліктің шешімімен біздің балалар үйінің мектебі жабылған болатын. Қазір балалар қаладағы №8 және №16 мектептерге білім алады. Бір жағынан ол біздің балаларымызды бүгіннен бастап қоғамға, ортаға үйретеді. Ертең осы жерден кеткен кезде өздерін қоғамда жоғалтып алмас үшін өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Бүгін менің төрт балам ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып жатыр. Таңертең алтыдан бері қобалжу үстіндеміз. Бірақ бәрі сәтті өтеді деген ойдамыз. Біздің балалар үйінде мерекелік шара ұйымдастырғаны үшін МУЗ-ТВ премиясына, «Дара» қорына алғысымыз шексіз. Біздің балалар оған тыңғылықты дайындалды. Мысалы кеше «Менің болашақ отбасым» деген тақырыпта олар шығарма жазды. Сол шығармаларды жинап, арнайы капсулаларға салдық. Бүгін міне келген қонақтармен бірге капсулаларды әр ағаштың түбіне көмеміз. Балаларымыздың тілегі осы ағаштармен бірге өсіп, өркендесе, орындалса екен деген оймен, біз соған тілекшіміз.

Евгений Выблов, X Factor байқауының жеңімпазы:

Мен де Өскемен қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі болдым. Сондықтан, бүгінгі шара мен үшін ерекше. Шығармашылық жұмыстан қол босаған кезде Өскемен қаласының балалар үйіндегі іні-қарындастарыма әннен сабақ берем. Мен осы жерде тәрбие алып жатқан балаларға өмірде өз орындарын табуына, адамгершілігі мол азамат болуына тілекшімін. Олардың әрбір жетістігі үшін қуанатын болам және мүмкіндігінше балалар үйіне барып тұруға тырысам.

Айнаш Қасенова, «Дара» қайырымдылық қорының өкілі:

Осындай шара арқылы біз қоғам назарын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға аударғымыз келді. Оларға тек әдемі ойыншық пен киім-кешек емес, адами түсіністік пен қолдаудың маңызы зор екенін айтып, түсіндіргіміз келді. «Дара» қоры осы Астана қаласындағы балалар үйінде «Тәлімгер» атты жобаны қолға алды. Бұл жоба ата-анасының қамқорлығынан айрылған ересек балалар мен жасөспірімдерге ақылшы, қамқоршы болатын азаматтармен қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Тәлімгерлер балалардың қиыншылығы мен қуанышына ортақтасып, өмір тәжірибесімен бөліседі, қоғамда қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Тәлімгерлер мен балалар арасында тығыз достық қалыптасып, олар балалардың ресми қамқоршысына айналатын немесе асырап алатын жағдайлар жиі кездеседі.

«Дует L» тобының мүшелері Людмила мен Лариса:

Бұндай шараға бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл балаларға жасауға болатын ең аз сый шығар. Олардың әрқайсысы өмірде өз орнын тапса екен, ең бастысы елінің ардақты, сыйлы азаматтары болса деген тілектеміз. Астанада балалармен байланысты осындай шаралар жиі-жиі болып тұрса. Біз «Дара» қайырымдылық қорымен көптен бері жұмыс істеп келеміз. Көбіне Алматы қаласындағы шараларға қатысатынбыз, міне бүгін Астанаға келіп отырмыз. Осындай қайырымдылық қорлары ел ішінде көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Біздің қоғамда олардың рөлі елеулі. Сондықтан, біздер қоғамды жақсы жаққа өзгерту үшін оларға мейлінше қолдау көрсетуіміз керек. Бұл қазақстандық эстрада жұлдыздарының халық алдындағы міндеті, борышы деп есептеймін.

Көшет отырғызудан кейін балалар «жұлдызды» қонақтармен ескерткіш суретке түсіп, қолтаңба алды. 5 маусым күні акция ұйымдастырушыларының қолдауымен барлық жеткіншектер МУЗ-ТВ премиясының «Гравитация» атты гала-концертін тамашалай алады. Бұл қуанышты күн балаларға ұмытылмас әсер қалдыратыны сөзсіз.


Материалды әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА

Бөлісу: