Балалар жылында балаларға деген қамқорлық ерекше

13 Мамыр 2022, 16:57 3382

Ұлттық балалар оңалту орталығының директоры Шолпан Әділжанқызымен сұқбат

 


Биылғы жылды мемлекет басшысы «Балаларды қорғау жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Ұлттық балалар оңалту орталығында атқарылып жатқан жобалар мен қолға алынатын іс-шаралар жөнінде орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты балалар неврологы, жоғары санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы, іскери әкімшілендіру магистрі (МВА) Шолпан Булекбаевамен әңгімелескен болатынбыз.


 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Оңалтуға еліміздің әр аймағынан келетін балалар 25 күнге орналастырылады.

 

– Біздің орталықта балалар әр түрлі ем-шара, түзету-дамыту сабақтарымен қамтылады. Оңалту кешенінің жемісті әрі тиімді болуына баланың көңіл-күйінің оң жағдайда болуы тікелей әсер ететінін ескереміз. Осыған орай біз оларға өте кең ауқымда түрлі бағыттағы, психологиялық жай-күйінің орнықты болуына әсер ететін іс-шараларды өткізіп отырамыз. Біздің орталықта тек биылғы жылы ғана емес, әр жылы «Балаларды қорғау жылы» болып есептеледі десем, артық болмас, – дейді орталық директоры.

 

«Балаларды қорғау жылы» болып жариялануына байланысты, орталық өз тарапынан еліміздің оңалту саласына үлес қосу мақсатында іс-шаралар жоспарын құрып, оны жүзеге асыруды қолға алып келеді. Ұлттық балалар оңалту орталығы директорының айтуынша, жоспар бойынша «Балаларды қорғау жылында» көптеген іс-шаралар көзделген. Оның ішінде республика аймақтарына мамандар жіберіп, әдістемелік-ұйымдастыру бағыты бойынша көмек көрсету, оқыту-біліктілікті арттыру шараларын жүзеге асыру жұмыстары бар. Және де ДСМ-мен біріге отырып Қазақстан Республикасында балаларды оңалту қызметін дамытудың Жол картасын дайындауға қатысу да жоспарға қойылыпты.

 

– Ата-аналардың қоғамдық ұйымдарына олардың мүгедек балаларын оңалтуға қосымша тегін квоталар бөлу де қарастырылып жатыр. Медициналық көмек көрсетудің клиникалық хаттамаларын, өз саламыз бойынша әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеуге қатысу да оңалту саласына үлес қосу мақсатындағы іс-шараладың қатарында бар, – деді Ұлттық балалар оңалту орталығының директоры Шолпан Булекбаева.

 

Шолпан Әділжанқызының айтуынша «Балалардың мектепке баруға керек-жарағын жинаймыз» акциясы бойынша кәсіподақ мүшелері болып табылатын, көп балалы және тұрмыс деңгейі төмен қызметкерлердің бірінші сыныпқа баратын балаларына оқуына қажетті бұйымдарды алып беруге көмек ету де жоспарға енгізілген.

 

Жоғары санатты балалар неврологы елімізде ДЦП дертіне шалдыққан балалар санының артуына байланысты:

 

– Баланың церебралды сал ауруына шалдығу себебі әр түрлі. Ол себептерге баланың жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатын факторлардың әсер етуі негіз болады. Мысалы, баланың миының тұншығуы, нәрестенің миына инфекция түсуі, анасының қайсыбір аурулармен ауыруы және кейінгі кезде медицина ғылымының алға жылжып дамуының арқасында қол жеткізген жетістік: шала туған, салмақ мөлшері 500 граммнан артық болған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігінің жоғарылауы. Бұл факторлардың барлығы бірдей церебралды сал ауыруына әкеліп соқпайды. Алайда, сондай диагнозбен туу ықтималдылығы арта түседі, – деп өз пікірін білдірді.

 

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің статистика деректеріне жүгінсек, 2020 жылы церебралды сал ауруына шалдыққан бала саны 17 939 болса, 2021 жылы 18 307 бала болыпты. Сал ауруынан емделіп, сауығып кетуіне байланысты маман церебралды сал ауыруы ми және орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылысы салдарынан пайда болуы және ол бұзылыстың қайта қалпына келуі мүмкін еместігі себеп болатынын айтты.

 

– Науқас жағдайының ауырлық дәрежесіне қарай оңалту шараларын өткізе отырып, баланың дене қимыл мүмкіндіктерін жақсарту, күнделікті өмірге бейімделуін бақылау керек. Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет көрсету ауқымын кеңейту, қоғамда өз орнын табуына, өз әлеуетіне сәйкес білім алуына, кәсіп игеруіне жол ашуға болады. Бүгінгі күні елімізде осы бағытта қызмет атқаратын оңалту орталықтары, түзету-дамыту мекмелерінің санының көбеюі де оң нәтижесін береді деп ойлаймын,– дейді Шолпан Булекбаева.

 

Ұлттық оңалту орталғының директоры оңалтуға мұқтаж балалар мультимамандар тобының (реабилитолог дәрігер, профильдік мамандар, учаскелік дәрігер, басқа да мамандар) бақылауында бола отырып, қажетті ем-шаралар кешенін уақытылы алып отыруы керектігін айтты. Сондықтан балаға жасалатын емдік-оңалту шараларының барлығы ағзаның өмірлік әлеуетін барынша сақтау, жетіспеген мүмкіндіктердің орнын толтыру, басқа мүмкіндіктермен алмастыру бағытында жүргізілуі тиіс. Біз өз кезегімізде Ұлттық балалар оңалту орталығы балаларды оңалту саласында нақты үлес қосатындығына сенім білдіреміз.

 

    

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

 

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: