Балалар – ұлттың генофонды – Динара Сәдуақасова

5 Қыркүйек 2023, 17:00 1943

Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бұған қатысты «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Динара Сәдуақасова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған әрбір үндеуінде саяси немесе экономикалық реформаларды қамтитын жолдау болса да балалар мен жастарға қатысты мәселелерге баса назар аударатынын айтты.

Соңғы жолдау 2024 жылдың қаңтарынан бастап инвестициялық кірістің 50 пайызы балаларға арналған арнайы шоттарға аударылатын «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын енгізу идеясымен есте қалса, бұл жолдауда адами капиталды дамыту шаралары ұсынылды. Атап айтқанда, жастарымызға сапалы білім беру қажеттілігі жайлы сөз қозғалды, – деді ол.

«Amanat» партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасарының айтуынша, жыл сайын мемлекет жоғары оқу орындарына бөлетін грант санын көбейтіп жатқанымен, талапкерлер контингенті де артып келе жатыр.  

Ақылы бөлімде оқуға кез келген талапкердің жағдайы келе бермейтіні анық. Сондықтан олар тегін білім алу үшін өздерін қызықтырмайтын мамандыққа оқуға түсуге мәжбүр болады. Кейбір түлектер ЖОО-ны бітіргеннен кейін мамандығынан тыс жұмыс істейді. Осының бәрі бірігіп еңбек нарығында бұрмаланулар тудырады, – дейді Динара Сәдуақасова.

Мемлекет басшысы бес жастан бастап балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Динара Тайбасарқызы бұл болашақта балаларға жоғары оқу орнын немесе қалаған мамандығын таңдауға мүмкіндік беретін бастапқы білім беру капиталының бір түрі дейді.

Аталған жүйе мемлекеттің сыйлықақысы негізінде қалыптасады. Әзірге есептеу қалай жүргізілетіні, бұл бағдарламаның қай санаттарға қолжетімді болатыны белгісіз. Бірақ қалай болғанда да мұндай бағдарламаның енгізілуі – кәсіби мамандардың интеллектуалды ұлтын қалыптастыруға жасалған үлкен қадам, – деді «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: