«Балалар саған аманат»: СҚО-да қайтыс болған құтқарушының жесірі пікір білдірді

5 Сәуір, 13:21 3422

СҚО-дағы су тасқынымен күрес жұмыстарына барған құтқарушы қайтыс болды. Түркістан облысының Қарасу ауылының тұрғыны 2 сәуірге қараған түні жүрек талмасынан көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оtyrar.kz мәліметінше, Бекжан Балдановтың денесі жер қойнауына тапсырылды. Ал оның артында жары мен бес баласы қалды.

Құтқарушының әйелі Индираның сөзіне қарағанда, күйеуі СҚО-ға 1 сәуірде барған. Шұғыл шақырту түскен соң ол заттарын тездетіп жинап, таңертең ерте жолға аттанып кеткен. Ал келесі оның жүрек талмасынан қайтыс болғаны туралы хабар жетті.  

Ол заттарын алды да үйден жүгіріп шығып кетті. «Отырып бірер кесе шай ішіп алсаңшы» деп айттым. «Уақыт жоқ, газель келе жатыр» деп қысқа қайырды. Ол талай рет судан да, өрттен де аман келген. Сондықтан мұндай жағдай болады деп үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Ешқашан денсаулығы сыр берген емес, жүрегіне де шағымы жоқ еді. Зейнетке шыққанға дейін күн санап жүрген. Кетіп бара жатқанда: «Оның саған не керегі бар?» дедім. «Жұмысым солай» деді де, «Балалар саған аманат» деп қосты, - дейді Индира Наурызбаева. 

Жарынан көз жазып қалған Индираның айтуынша, өрт сөндіруші-құтқарушы болу күйеуінің бала күнгі арманы екен. Өз ісіне адал болған Бекжан талай рет марапатталған.

Бекжан Балданов жұбайы екеуі екі қыз бен үш ұл тәрбиелеп отырған. Үлкенінің жасы 17-де болса, кішісі небәрі төрт жаста. Үш ұлы да әкесінің жолын қумақ. Отағасы үйінің жалғыз асыраушысы еді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: