Балалар лагері пайда табудың көзіне айналды - Дәулет Мұқаев

21 Маусым 2023, 14:10 1210

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев балалардың жазғы бос уақытын ұйымдастырудың бірыңғай қағидаларын бекіту туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқушылар асыға күтетін жаз мезгілінде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр, - дейді депутат.

Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3 проценті қамтылады. Олардың жалпы саны - 2,8 млн адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашады.

Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды. Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынана рұқсат алу ғана жеткілікті, - дейді Дәулет Мұқаев.

Сонымен қатар, лагерь жұмысын біріңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмеген. Мемлекеттік мекеме тарапынан нақты бақылау болмағандықтан кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асыру жағдайлары да кездесіп жатыр.

Мәжіліс депутаты мәселені шешу үшін мынадай ұсыныстарын айтты:

Біріншіден, жазғы уақыттарда балалардың сауықтару жұмысытарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек. Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензиялануы керек. Мүмкіндк болса барлық лагерьлер орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал.

Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезілуде. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Өз білімін толық жетілдірмеген студенттер мектеп оқушыларын қалай тәрбиелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс жасайтын мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек.

Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жеке меншік лагерьлерден де талап етілуі керек.

Төртіншіден, Кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті. Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн, - деді депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: