«Балалар Аллаға қайтты» деген әйелдің пікіріне қатысты полицей пікір білдірді

3 Мамыр 2023, 15:41 1363

Маңғыстау облыстық полиция департаменті үш баласын өлтіргені үшін ұсталған ер адамның «Жусан» операциясы аясында Сириядан қайтып келгенін жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің «Жусан» арнайы операциясы кезінде Сириядан қайтарылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкеспейді. 

Наурызда Ақтау қаласында балаларын өлтірген деп күдіктелген тұрғынға қатысты берген учаскелік полиция инспекторының мәлімдемесі тексерілді. Полицей күдіктінің қазақстандықтарды Сириядан қайтару жөніндегі «Жусан» бағдарламасының қатысушысы болғанын және есепте тұрғанын айтқан еді.Бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды, - делінген хабарламада.

Полиция осыған байланысты қызметкермен алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді деп отыр.

Былтыр наурыз айында Ақтау қаласының 27 шағын ауданындағы үйдің пәтерінен 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалардың мәйіттері табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен 36 жастағы әкесі ұсталды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бұған  «Kөреміз» бағдарламасында құқық қорғау органдарының өкілі 36 жастағы Жәнібек Есеновтің «Жусан» операциясы кезінде Сириядан қайтарылғанын айтқан болатын. 

Есенов  2010 жылы Айдана Қасиеваға үйленген. Жәнібектің әпкесі Анаргүл Есенованың айтуынша, үш баласын өлтірген бауыры балажан болған. Ол мұндай айуандыққа әйелі екеуінің арасындағы кикілжің түрткі болды деген ойда. Әйелі Айдананың өзі сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, телефон арқылы өзіне қатысты әңгімеге жауап берді.

Айта берсін, мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас, намаз оқимын. Қоғамда қазір бәрі "вахабист" дейді, айта берсін. Маған бәрібір, сөйлей берсін, мен ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз ісіме жауап беремін, болды, басқасына жауап бермеймін. Балалар Аллахқа қайтты, сол адамның себебімен Аллахқа қайтты, болды, - деді Айдана.

 

Алмас Абылай
Бөлісу: