Балаға қоршаған ортасы қалай әсер етеді? Сарапшылар пікірі

9 Қыркүйек, 14:08 710

Баланың өскен ортасы білім, тәрбие, мәдениет және құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Бала бойындағы мінез ерекшелігі оның табиғатына, тәрбиесіне байланысты ма? Тұрғылықты мекен-жайы баланың дамуына әсер етеді ме? El.kz ақпарат агенттігі осы сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргізіп, білікті мамандардың пікірін біліп қайтты.

Баланың физикалық саулығы мен өсіп-жетілуі ортасына тікелей байланысты. Тамақтану, спортпен айналысу, медициналық көмек және экологиялық факторлар адамның денсаулығына әсер етпей қоймайды.

Өскен орта жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін қалыптастырады. Мәселен, ауылдық жерде өскен бала қалалық өмірге көшкен кезде жаңа жағдайларға бейімделу дағдыларын дамытады.

Отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастың өзі баланың психологиялық дамуының тұрақтылығына жауап береді. Мысалы, бала ата-анасының қолдауын сезінсе, өзіне деген сенімділігі артады. Ал отбасында зорлық-зомбылық көріп өссе,  «психологиялық жарақат» алуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде адамның психикасына керіс әсер етеді.

Мектепке бару, білім беру сапасы және мұғалімдердің кәсіби деңгейі адамның интеллектуалдық дамуын қалыптастырады. Жақсы мектепте білім алған балалардың интеллектуалдық қабілеттері де жоғары болады.

Мәдени ортаның ықпалы тағы бар. Өнер, музыка, әдебиет сияқты шығармашылық салалармен айналысу адамның интеллектін дамытады. Мәселен, мәдени, бай ортада өскен балалар шығармашылыққа жақын келеді.

Сондай-ақ, отбасы баланың моральдық құндылықтарына әсер етеді. Себебі ата-ана, ата-әже балаларға моральдық нормалар мен құндылықтарды үйретеді. Осы құндылықтар арқылы балалардың қоғамдағы мінез-құлқы орнығады.

Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов «баланың психологиялық дамуы оның өскен ортасы мен қоршаған ортадан алатын тәжірибесіне тікелей байланысты» деп отыр.

Өскен ортасы баланың эмоциялық, әлеуметтік және когнитивтік дамуында маңызды рөл атқарады. Отбасы — баланың алғашқы әлеуметтік ортасы және оның психологиялық дамуының негізі. Ата-аналардың немесе тәрбиешілердің қарым-қатынасы балаға үлкен әсер етеді. Эмоционалдық қолдау мен махаббат баланың өзін-өзі бағалауын арттырады. Қауіпсіз және сүйіспеншілікке толы ортада өсетін балалар өз эмоцияларын тиімді басқара алады және әлеуметтік дағдыларды тез меңгереді,-деп түсіндірді ол.

Мектептің бала дамуындағы маңызы жайлы айта кеткен ол, мұғалімдер мен сыныптағы құрбы-құрдастардың ықпалы балаға білім алу мен әлеуметтік дағдыларды дамытуда көмек көрсететініне сенімді. Мұғалімдердің оқушыға қарым-қатынасы оның оқуға деген қызығушылығын жоғарылатады. Сондай-ақ, құрбы-құрдастармен өзара әрекеттесу балаларға топтық жұмыс істеуді, конфликтілерді шешуді және әлеуметтік ережелерді сақтауды үйретеді.

Қоғам мен мәдениет баланың дүниетанымын қалыптастырады. Мәдениет балаға қоғамның құндылықтары мен дәстүрлерін үйретеді. Мәдени нормалар мен дәстүрлер балаға өмірдің әлеуметтік нормаларын түсінуге көмектеседі. Бұл өз кезегінде оның моральдық және әлеуметтік дамуына әсер етеді. Әлеуметтік құрылымдар, мысалы, экономикалық жағдайлар мен әлеуметтік теңсіздік, баланың өмірлік тәжірибесін және өзін-өзі бағалауын да айқындайды. Қоғамдағы әлеуметтік қолдау мен мүмкіндіктер балаға позитивті даму үшін қолайлы жағдайлар жасайды,-деп нақтылады психолог.

Сарапшының айтуынша, заманауи технологиялар мен медиа баланың психологиялық дамуына қосымша әсер етеді. Ақпараттың жылдам алмасуы мен медиа арқылы бала көп түрлі ақпаратты меңгереді. Бұл оның когнитивтік дамуында маңызды рөл атқарады. Алайда, әлеуметтік медиа мен интернет арқылы көрінетін идеалдар мен стереотиптер баланың өзін-өзі бағалауы мен эмоционалдық жағдайына теріс әсер ету мүмкіндігі тағы бар. Ақпараттың көптігі балаға әсер ететін стресс пен  психологиялық ауырлықтың көбеюіне сеп болуы ықтимал.

Әлеуметтанушы Әсем Кусманова да тақырыптан тысқары қалмай, өз ойын ортаға салды.  «Аристотель «Адам – әлеуметтік тіршілік иесі» деген еді. Қай кезде де адам адамға зәру. Бұл – заңдылық. Кішкентайынан әлеуметтік ортада жүру - дұрыс физикалық дамудың кепілі. Қолда бар ғылыми мәліметтерге сенсек, бала оқшауланып немесе қолайсыз жағдайларда өссе, бұл оның физикалық, эмоционалды және ақыл-есінің дамуында негативті әсер ететіні сөзсіз», - деп бастады.

Әлеуметтанушының айтуынша, қоршаған орта әлем, оның ережелері, принциптері мен дамуы туралы ақпараттың қайнар көзі болып табылады. Сол себепті көпшілік мақұлдаған нормалар мен құндылықтарды сіңіру процесі «әлеуметтену» деп аталады.

Әлеуметтенудің екі түрі болады – бастапқы және екінші реттік. Бастапқысы туғаннан мектеп жасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл уақыт аралығында бала отбасы жағдайында әлеуметтік нормаларды бойына сіңіріп бастайды. Отбасы мүшелері – ата-анасы, бауырлары, аға-тәтелері, ата-әжелері балаға деген махаббаты мен жағдайын жасау арқылы оны үлкен өмірге дайындайды. Баланың тұлға болып қалыптасуының алғышарты - осы. Алғашқы әлеуметтену кезеңінде баланың ересек өміріне қажетті қасиеттері бойына дариды. Мәселен, жауапкершілік, өзгелерге деген құрмет, шешім қабылдау, өзгерістерге бейімделу, тағысын тағы, - деді ол.

Маманның пікірінше, мектеп жасынан баланың өміріне достары, сыныптары араласа бастайды. Әсіресе құрдастарының әсері тым жоғары. Мұны баланың ойы, көзқарасы және іс-әрекетінен-ақ аңғаруға болады. Өкінішке қарай, даму этапында бүлдіршін жағымды мінез-құлықтарды ғана қайталап қоймай, жағымсыз әрекеттерге де бой алдырып жататыны қынжылтады. Табиғатынан бала өте зерек әрі алғыр болған соң, олар көргені мен естіген тез қабылдап, қайталайды. Сол себепті ата-аналардың басты міндеті – бақылау, түсіндіру, өмірге деген көзқарасы мен мінез-құлқын түзету. Десе де қаталдыққа немесе гиперопекаға кетіп қалмаған дұрыс.

Баланы саналы азамат ретінде тәрбиелеймін десе, әр ата-ана әуелі өзінен бастауы керек. Өзінің мінез-құлқы мен іс-әрекетіне мән бере отырып, бойындағы олқылықтарды түзетуге тырысқаны абзал. Мәселен, ата-аналар балаларының кітап оқығанын қаласа, бірінші кезекте өзі кітапты сүйіп оқуы қажет. Себебі бала бірінші кезекте ата-анасына қарап бой түзейді,-деді Әсем Кусманова.

Баланың тұрғылықты мекен-жайы да баланың дамуында соңғы рөл ойнамайды. Криминологияда «сынған терезелер» теориясы бар. Оған сәйкес, қылмыс статистикасының жоғары болуы тәртіптің болмауын білдіреді. Егер үйдің терезесі сынып, көшеде қоқыс шашылып, ғимараттар граффитимен боялып, агрессивті сұраншақтық таралса, бұл «орын-жайда өзіңді қалай ұстасаң да, өз еркің» дегенді меңзеуі мүмкін. Уақыт өте сынған терезе, қоқыс және өзге де құқық бұзушылықтар ауданда көбейе түседі. Осы теорияға сүйенсек, адам қылмыскерлер болып туылмайды, бұзақы болып қалыптасады. Сол себепті қолайсыз ауданда туылып, өскен балалардың болашақта қылмысқа жақындығы байқалуы ықтимал. Әрине, бұл - 100 пайыздық шындық емес. Қылмыстық мәдениетті романтизациялайтын адамдар қатары да толығуы мүмкін. Бұл – әлеуметтанушының пікірі.

АҚШ-тың Иллинойс штатындағы университеттің әлеуметтанушылары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сарапшы, ғалым, менеджер, мұғалім сияқты мамандардың жанында өсіп-өнуі қалай әсер ететінін анықтамақ болды. Олар мамандардың үлесі 5%-дан аз болса, жасөспірімдер ортасында мәселелер қатары көбейіп кететініне сенімді. Мәселен, ауданда қоғамдық статусы жоғары адамдардың пайыздық үлесі 5%-дан аз болса, мектепті тастап кететіндер көбейіп, жасөспірімдер арасындағы жүктілік жағдайы жоғарылап кету қаупі бар,-деп қорытындылады маман.

Адамның өскен ортасы оның физикалық, психологиялық, интеллектуалдық және моральдық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл өз кезегінде адамның мінез-құлқына, көзқарастары мен жетістіктеріне ықпал етеді. Сондықтан адамның дамуы тек табиғи қасиеттермен емес, өскен ортасының ықпалымен анықталады.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: