Балабақшаларға бөлінген бюджет қаржысы «Qazna  face» қосымшасы арқылы бақылауға алынады

31 Мамыр, 22:45 900

«Qazna  face» қосымшасы: енді балабақшаларға бөлінген бюджет қаржысы бақылауға алынады

Атырау қаласында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балабақшаларға бөлінген бюджет қаражатын тиімді жұмсау үшін қаладағы бөбекжайларға «Qazna face» қосымшасы пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Осы күнге дейін қосымша тек екі балабақшаға орнатылып, жоба оң нәтиже беріп келген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған қосымшаны енді барлық бөбекжайға енгізу үшін жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова айтты.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл бұл қосымшаны енгізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін жергілікті бюджет есебінен берілген мемлекеттік тапсырыстың нысаналы түрде балаға жеткенін анықтайтын функция қалалық білім беру бөлімінде болған жоқ. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, жекеменшік бөбекжайлар 7 897 тәрбиеленушіге 53 878 теңге көлемінде ай сайын мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Енді «Qazna face» қосымшасын барлық бөбекжайға жергілікті бюджет қаражатын үнемді жұмсау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында енгіземіз. Бұл мобильдік қосымшаны іске қоспай тұрып, өзіміз жүргізген мониторинг нәтижесінде бір аптада 2 млн теңге қаражатты жергілікті бюджетке қайтардық. Ал "өлі жандар" фактісі жиіленіп кетуіне және 1 471 орын бос тұруына байланысты конкурстық рәсімдер қалалық білім бөлімінің тарапынан өткізілген жоқ. Тиісті конкурстық рәсімдерді 2024 жылдың 5 маусымында өткізуді жоспарлап отырмыз,-деді қаланың бас ұстазы.

№43 «Арман» балабақшасына  «Qazna face» қосымшасы пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бөбекжай басшысы Гүлбаршын Қарабасованың айтуынша, қосымша мекеме басшысы мен тәрбиешінің ұялы телефонына орнатылады. Бала денсаулығына қауіп төндірмейді.

Біздер бұл қосымшамен өткен жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істейміз. Жүйенің негізгі мақсаты -  баланың балабақшаға қатысын табельге түсіріп, қадағалап отырамыз.  Бұл баланың денсаулығына қауіп төндірмейді. Бала туралы мәлімет үшінші тұлғаға берілмейді. Ата-аналар да қосымша орнатуға бірден келісті,-деді Гүлбаршын Қарабасова. 

Айта кетейік, елімізде «Qazna face» қосымшасы Қызылорда облысы мен Атырау қаласында іске қосылған. 

Атырау қаласында 45 мемлекеттік балабақша бар. Жекеменшік 76 балабақша мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді.

Перизат Саденова
Бөлісу: