Бала шақтан болашаққа

22 Қазан 2015, 11:18

Генералдың балалық шағы

Бабалар аманатын арқалаған, қараша елді қорғай білетін саналы жақсыларымыз аз емес. Бірақ, біз көбіне олардың қалыптасып, толысқан сәтімен ғана таныспыз. Ал, бала кезде қандай болғанын біле бермейміз. Сіздерді, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың балалы шағымен танысуға шақырамыз.

Бала Бақытжанның да ізі бар...

Қазақтың қаймағы дейтін нар тұлғалы алып азаматтардың басым бөлігі көбіне көп ауылдан ұшып жатады. Қазақы тәрбиенің кереметін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарайтын кішкентай ғана Кеңес ауылынан сегіз бірдей генералдың шыққанын бұл күнде  біреуіміз білсек, екіншіміз білмеуміз мүмкін. Әу баста адам баласы өзінің туған топырағына тартып туса керек. Халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған талай арысты дүниеге әкелген өңірді қалың көпшілік даңқты ұлдарымен аты шыққан, құдай оңдаған мекенге балайды. Әрісіне бармағанның өзінде Бауыржан Момышұлын айтсақ та жеткілікті. Қазақтың маңдайына біткен батыр Баукеңнің ауылында бала Бақытжанның да табанының ізі сайрап жатыр. Оның бойындағы тазалық қайнары да өзі түлеп ұшқан ұясындағы қазына-қариялардан бастау алса керек.

Бала кезден-ақ командир болған...

Ертай ағаның ұлы дүниеге келгенде оның атын аудандық партия хатшысы атын қоямын деген. Онысы Ертай ағамен ерекше сыйластығынан болса керек, сәбиге Бақытжан деген есім береді. Бірде Бақытжанды қолына алған Ертай аға далаға шығып, сәбидің бетін жауып тұрған жаңбырға тосады. Сонда нәрестенің әкесі: «Мына бала жаңбыр жауып тұрса да, бір кірпік қақпады. Көзін жұмбады ғой» деп таңданысын білдірген. – Бұл баланың жақсылығы көп болады. Бірақ мен оны көре алмаймын – деген. Сезген болуы керек, Ертай аға сәби Бақытжанның тоғыз айлығында о дүниеге аттанады.

5 жасар Бақытжан малды өріске шығару үшін таңмен таласа оянады. Ауылдың тіршілігі ерте басталатын. Азан-қазан болып жатқан жұрт жапырласа өз қораларынан малдарын айдап шығарып жатады. Сонда бала болып жеңгелерімен ойнап, әзілдескені әлі есінде.  Жеңгелері оның атын атамай «Шегебай» дейді. Кейде ренжіп «неге Шегебай дейсіңдер?» дегенде жеңгелерінің де жауабы дайын тұратын. «Шегебай деген ақын болған» немесе «сөзіңді шегедей қадап айтасың» деп баланы қуантқан.  

Өз қатарластарымен соғыс ойынын ойнағанда бала Бақытжан «мен командир боламын» дейді екен. Оған қарсы келіп жатқан ешкім жоқ. Керісінше келесі жолы ойнар алдында Бақытжанды «сен командир боласың» деп сайлап қояды. Бала шақтан командир болып жүрген Бақытжан болашақта командир атанарын қайдан білсін! Ауған жерінде жүріп, от жалыны шарпыған атыс кезінде қираған мешітті батальонды жұмылдырып жөндеткеннен кейін жергілікті ауғандықтардың сеніміне кіріп, «мұсылман командирі» атануы да тегін емес шығар.

Қиыншылықта шыңдалдым

Жұбайынан ерте айырылған Ұғылтай апа қос құлындарын жеткізу үшін қандай жұмыс болса да кірісіп кететін. Сол уақытта аудандық МТС-та ауыл-ауылдан келген 14-15 адам қыстай трактор жөндейді. Анасы Ұғылтай соларға үш уақыт тамақ әзірлеп беруі тиіс. Ол кезде Бақытжан 5-ші сыныпта оқиды. Бірде анасы ауырып, оған операция жасалып, біраз күн ауруханада жатып қалады. Сонда бала Бақытжан анасының орнына шығып, бар жауапкершілікті өз мойнына алады. Таң қараңғысы 4-те тұрып жұмысшылардың тамағын дайындап, сосын сабаққа аттанады. Оқудан келе сала кешкі асты ал кешке таңғы асты дайындайды. Бір күні Тұрдыбек деген тракторист баладан: «Асты жасайтын әйел қашан келеді» деп сұраған. Сонда Бақытжанның: «Анамның орнына ешқандай да әйел шығып жүрген жоқ. Мен өзім жасап жүрмін тамақты» деген жауабын естігенде  Тұрдыбек ағаның көзінен жас парлап аққан екен.

Қаталдық болмағанда...

Оның сүйіп оқыған пәні – тарих пен математика еді. Бірде тарих пәнінен беретін мұғалім (өзінің ағасы) тақтаға шақырып картадан мынандай жерлерді тауып бер деген. Атаған жерлердің бір-екеуін тапқанына көңілі толмаған ұстаз оған: «келесі жолы дайындалып кел!», - деген. Айтқандай, келесі сабаққа картаны бастан-аяқ меңгеріп келген оқушы Бақытжаннан мұғалімі мүлде басқа тақырыпты сұрайды. Оған дайындалса, келесі де газет не радиодағы жаңалықтарды қаузайды. Радионы үзбей тыңдап, айтқан газеттерді парақтап барлық жаңалықты біліп барғанда, ұстазы басқа жаңалық ашып отырады. Кейіннен Бақытжан ұстаз ағасының талапшылдығынан көп нәрсе үйреніп, білгенін түсінді. Сол кездегі ағаның қаталдығы болмағанда бүгінде Бақытжан Бақытжан болар ме еді, бәлкім болмас пе еді, кім білсін!..

Шаштың шатағы көп болды

Бала Бақытжан 10 сыныпты бітіргенше бірнеше мектеп ауыстырады. 3-ші сыныпқа келгенде Бақытжанды  ағасы Бегімше Бурное мекеніндегі «Орджоникидзе» атындағы орыс мектебіне береді. Бір ауыз сөз орысша білмейтін ол орыстардың айтқан сөздерін ұға алмай әлек болатын. Тіпті қазақы дәстүрмен «ақыл кіреді» деп алдырып тастаған шаштың шатағы да көп болды. Қазақ мектептерінде шашты төртінші сыныпқа дейін тақырлап алуы керек. Ол мектептің заңдылығы. Ал орыс мектептерінде әдемілеп шаштарын қоя беретін. Орыс ұлдары мұны тырқ-тырқ күліп, алғашқы күндері біраз мазақ та қылды. Алайда мұны байқаған Бақытжан ішінен ең бір еңгезердейін тандап тұрып тап берді. Тарс-тұрс төбелес басталды да кетті. Оңбай таяқ жеген орыс баласы осыдан қайтып қайсар қазақтан аулақ жүретін болды. Ағасы Бегімше осы жағдайды естіп келіп: «Төбелеспей шыда, осы орыстың оқуы сені адам етеді, ендігәрі  қайтып төбелеспе», - деп өтініш еткен соң бұзықтықтарын тиды.

Елім дейтін жүрек бар

Бірде анам маған: «Мен ана парызын орындадым. Ал, әке парызын өтей алдым ба?» дегені бар. Сонда мен: «Сіз әке парызын артығымен өтедіңіз» дегенімде анам көзіне жас алған еді.

Қандай қуанышты не көңіліне қаяу түсіретін сәттер болсын ол анасымен бөлісуге асықты. Әйтсе де ерте кеткен әкеге деген сағыныш күні бүгінге дейін көңіліне көлеңке түсіре береді. Тіпті, ер-азамат басымен әкесінің қабірін құшақтап, көз жасына ерік бергені әлі күнге дейін есінде...

Қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар бар ма бұл жалғанда. Ең басты дүние Бақытжан Ертаевта «елім» дейтін жүрек бар. Оның өзі тұтас ұрпақты тәрбиелеуге жетері анық.


Арай СҮГІРБАЙ

Суреттер Б. Ертаевтың жеке архивінен алынды

 

 

 

 

 

Бөлісу: