Бала Брайан – батыр Брайан

16 Қыркүйек 2014, 04:55

Мэн аралы жер бетінде 8500 жыл бұрын пайда болған деседі... Бұл аралды ерте заманда кельттік тамыры бар тайпалар жайлаған.

Мэн тілі

Бөбегім, сенің тілің шығып, әрбір сөзіңе сүйсініп жүрген кезім. Сенің туған тіліңде сөйлеуің – мен үшін ғана емес, бүтіндей  жұртың  үшін маңызды. Келешегі бар тілде  сол халықтың бөбектері сөйлейді. Сәбилерінің тілі  туған тілінде шығады...   Ағылшындық аналар тілін ойлап,  мен секілді үрейленбейтін шығар?! Ағылшын тілі – 400 млн-нан астам адамның ана тілі, бұдан бөлек ол тілдің 1 миллиардтан астам сөйлеушісі бар.  Ағылшын тілі қарқынды дамып, тарихтың өне бойында жүздеген тілдің жойылуына  себеп болды. Отар елдерінің барлығын ағылшынша сөйлеткені былай тұрсын, Англияның түбі бір кельт тілдерінің жойылуына да себеп боп отырғанын біреу білсе, біреу білмес. Ирланд теңізінде орналасқан Мэн аралы да туған тілінен айырылып қалды. Мэн халқы тұтастай ағылшын тілінде сөйлейдтін болды. Арал көлемі – 572 шаршы шақырым. Халқының саны 70 мыңның үстінде.

Мэн аралы жер бетінде 8500 жыл бұрын пайда болған деседі...  Бұл аралды ерте заманда кельттік тамыры бар тайпалар  жайлаған. Мэн тілі де сол кезеңдерден бастау алады.  Тарихқа  зер залсақ, Мэн аралы бір жаулаушыдан екінші басқыншының қолына өтіп отырған.  Мәселен, арал 8-9 ғасырларда  Норвегияның, 12-13 ғасырларда Шотландияның қол астында болды. Одан кейінгі кезеңдерде аралға Англия иелік етті. 1405 жылы Ағылшын королі Генрих IV бүтін аралды Джон Стэнли атты феодалға тарту етеді. Феодал әулеті аралға анда-санда ғана аяқ басатын еді,  билікті лорд – сол әулеттің сенімді өкілі жүргізіп отырған. 1704 жылға дейін жер солардың жекеменшігі саналды. Мэн Парламенті – Тинвальд сол жылы  лордтан ондай әлеуетті алып, жерді шаруаларға бөліп берді.  Осы ғасырда аралда  заңсыз сауда айналымы күшейіп, бұл жағдай Англияға аса ұнай қоймайды.  Британ парламенті 1785 жылы аралды  лордтан  70 мың фунтқа  сатып алу туралы шешім шығарады да, жерді  Ұлыбританияның корольдік иелігіне өткізеді. Қазір де Мэн аралы – Британияның қол астында. Тәуелсіздігі жоқ. Ұлыбритания королевасы – ел басшысы болып саналады.  Сыртқы саясатқа байланысты шешімдер Англияда қабылданады. Ішкі тұрақтылыққа жауап беретін Лейтенант-Губернаторды да королева тағайындайды.  Корольдік аралдың ішкі істеріне араласпайды, ел ретінде өзінше дамуына мүмкіндік берген. Осы еркіндікті соңғы жылдары Тинвальд сәтті пайдаланып келеді. Мэн халқы үшін аса маңызды заңдар шығарып, ұлттық жаңғыруға жол ашты...

Аралды дамытып, сақтау үшін мэндіктер не істемеді десеңізші?! Түрлі аңыздар шығарып, өткен ғасырдың басында миллиондаған туристті еліне тартты. Бұл дәурен өткен соң, экологиялық таза кіп-кішкентай көліктер шығара бастады. Бірақ, еуропалық автоалпауыттар аралдың өнімін әп сәтте нарықтан ығыстырып тастады. Енді не істемек керек? Мэндіктер экономикасының негізгі тетігі – туризм екенін қынжыла мойындады... Жергілікті ғалымдар құйрығы жоқ мысық тұқымын ойлап тапты. Байырғы транспорт түрлері – атты трамвайлар жаңғыртылды.  Жәндіктің суреті салынған тиындар шығарылды. Көлік жылдамдығына шек қоймау туралы заң күшіне енеді. Осының нәтижесінде, жылдамдықты сүйетін адамдар Мэнге ағылатын болды. Бұдан басқа да мың түрлі қызық қадамдар жасалды. Жаның ашиды.  Шынында да, мұның бәрі жан сақтау үшін істелді. Әрі қарай бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді. Тинвальд аралды еркін экономикалық кеңістік деп жариялады. Осылайша, Мэн – офшорлық аймаққа айналып шыға келді. Осы кезде елге қоныс аударушылар көбейді.  Онсыз да жоғалудың алдында тұрған тіл  құрдымға кетті.

1974 жылы 27 желтоқсанда Нед Мадрел дүниеден озды. Ол мэн тілінде сөйлейтін соңғы адам ретінде дүние жүзіне танылған еді.   Қарапайым балықшының сөзі таспаға жазылып, бейнесі көптеген фильмге арқау болды. Бірде  Нед туралы фильмнің бірін жасөспірім Брайан Стоуел көріп, оның туған тіліне деген қызығушылығы артады. Жас бала ана тілін үйренгісі келетін тағы бір замандасын тауып,  Нед Мадрелге барады. Осылайша, ақсақалдан туған тілдерін үйреніп, өзара сөйлесетін деңгейге жетеді. Бірнеше досын да тартып, мэнше сөйлеуге баулиды. Сол сәтте дәл осы Брайан баланың мэн тілін тірілтуге ұйытқы боларын ешкім білмеген еді...

Брайан Стоуел  ержетіп, Англияға қоныс аударып, физика пәні  оқытушысы болып  еңбек етіп жүрген еді. Бірақ, туған тілі туралы ойлары тыным бермей, ол 1991 жылы еліне оралып, мэн тілін оқыту әдістемесін жасап шығарады. Осы кезде Тинвальд халық арасында сауал жүргізіп, мэндіктердің туған тілге деген көзқарасын зерделеп жатқан еді. Сауалнама нәтижесі, халықтың басым көпшілігі ана тілін үйренгісі келетінін көрсетті. Парламент көп созбай,  мэн тілінің дамуы үшін жауап беретін жаңа құзырлы қызмет ашып, байқау жариялады.  Байқауға Брайан да өз құжатын тапсырып, жеңіп шықты. Шынайы тіл жанашыры жойылған мэн тілінің қайта жандануы үшін батыл істер жасады. Нәтижесінде, мектептерде мэн тілі оқытыла бастады. Арал халқының ұлттық рухы көтеріліп, тілге деген құлшынысы шындап оянды.

Брайан бүгінде зейнетке шыққан. Ол сонда да мэн тілін насихаттаумен айналысады. Радио бағдарлама жүргізеді. Мэн тілі курстарын өткізеді. Ана тілін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайды.

Бөбегім, ең кереметі, бүгінде мэн тілінде тілі шыққан бөбектер бар. Адам айтса сенгісіз тағдыры бар, көзсіз батырлардың арқасында қайта тірілген  мэн тілі енді  қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріп, заң тіліне – заман тіліне айнала ала ма?  Ол туралы сен жазасың, ол туралы  сен жыр етесің!

Бөлісу: