Бала бақсы

24 Қыркүйек 2018, 18:25 13712

Осы жұрт "Бала бақсыны" біле ме екен? 

Қазір емші, құшынаштардың, тәуіптердің  көбейіп кеткені баршаға аян. Оларды іздеп алысқа барудың қажеті де жоқ. Үйіңіздің маңайындағы аялдамаға жапсырып кеткен жарнамалардың арасынан, болмаса жергілікті телеарнаның жүгіртпе жолдарынан-ақ бірнешеуін тауып аласыз. Бұлардың алаяғы қайсы, Жаратушыдан келген қасиеті бары қайсы  анықтау қиын.

 Баяғы қазақ даласында аты аңызға айналып, ел ауызына іліккен бақсылар мен емшілер бүгінгідей көп болмаса да ел ішінде кездесіп тұрған.  Біз бүгін «Бала бақсы» жайлы әңгіме шертпекпіз. Бұл кісі жайлы аңыздар Жаңаарқа ауданы аймағында әлі күнге дейін айтылады. Кесенесі мемлекеттің қарауына енбеген. 1990 жылдары Жаңаарқа ауданының азаматтары ол кісінің кесенесін көтеріп, басын жаңартқан болатын. Біздің ауыл Жаңаарқа ауданынан әріректе, 25 шақырым жерде орналасқан. Бала кезімде әжеме еріп ауданға барған кезімде «Алғабас» ауылының тұсынан өтіп бара жатқанымызда «Аллау әкпар (Аллаһу акпар) де» деп бет сипатқаны бартын. «Не үшін? Жаңа ғана ана бейіттерге сипадым ғой. Бұл жерде бейіт жоқ қой» деген бала сұрағыма «Мына ауылда Бақсыекең жатыр. Бала Бақсы деген атақты адам болған. Кейін өскен соң кім екенін өзің-ақ ұғынып аларсың» деген еді. Содан бері «Алғабас» ауылының қырындағы бейіттерге бетімді бір сипасам, сәл жүргеннен соң «Бала бақсы» кесенесінің тұсында бір сипауды әдетке ендірдім.  «Бала бақсы» осы өңірдегі әлі күнге толық зерттелмеген  тұлғалардың бірі болып қалып тұр.  Бұл кісінің азан шақырып қойған есімі Кернебай. Әкесінің есімі Сүтемген. Бір деректерде 1825 жылы туған деп көрсетілсе бір деректерде 1830 жылы туған деп айтылады. Сайдалы Сары Тоқа, Шоң, Құтжан секілді атақты адамдармен тұстас болғандығы жайлы деректер айтылады. Арғынның ішіндегі Қуандықтан тарайтын Аманқұл руынан шыққан. Кесенесі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында. Мекен еткен жері де осы маңай. Бала бақсы кезінде үш жүзге аты мәлім болған тұлға. Қобыз тартқанда зорайып, ерекше күйге түседі деген аңыздарды естіп өстік.  Сонымен, аңыздар не дейді? Құлақ түріп көрсек.

Кернебайдың «Бала бақсы» атануы.

Кернебайдың бойындағы тылсым күші бесікке бөлеген сәттен бастап көрінген екен. Бесікке бөлеген соң, бесік өз-өзінен шайқалып тербелген, киіз үй ішінде шоршып жүрген деседі. Бұны көрген ауыл ақсақалдары кеңес құрып, баланы жұртқа  бесігімен тастап, өздері басқа жаққа көшіп кетеді.Бір түн, бір күндік жерге көшіп барып, енді үйлерін тікелі жатса, өздері ескі жұртқа тастап кеткен бесіктегі бөлеулі бала бесігімен қоса қастарына келіп алған екен. Ауыл адамдары бұл кереметтен шошып, қолдарына бақан алып, баланы өлтірмекші болып бесікке тұра ұмтылады.  «Іштен шыққан шұбар жыланын» өлімге қимаған анасы шыр-пыр болып, бесікті қалқалап, үстіне жата кеткен екен. Содан, баланы әке-шешесімен тастап туған-туыстар тағы да басқа жұртқа көшіп кетеді. Шамалы уақыттан соң-ақ баланың тылсым күші сезіле бастайды. Кернебайдың әке-шешесі ауру-сырқау дегенді ұмытыпты. Емдеріне шипа іздеген ауру-сырқаулар баланың септігі тиеді ме екен деп іздеп келе бастаған екен.  Келген жұрттар ауруынан сауығып кетеді екен. Осыдан кейін Кернебайға «Бала бақсы» атауы таңылған екен.

Бала бақсы жайлы көзкөргендердің айтқан әңгімесін немесе жазбасын жиыстырып, тұлға ретінде көп жылдар зерттеген жаңаарқалық қаламгер Төлеухан Ілиясұлының «Жаңаарқа нақыштары» атты кітабын(Арко баспасы, 2004 жыл)  шолар болсақ бірнеше аңыздарды алға тартады.

БІРІНШІ АҢЫЗ. Бақсы өзінің құрдасы Қанболатты «үнемі сен ойланып жүресің, тегін адам емессің» деп онымен «Ойекем!» деп сөйлеседі екен. Бір жылы ел қыстауда. Ол уақыттың адамдары қазіргідей соғым басына қонаққа шақырмайды, түстеніп ет жегісі келгендер, әр нәрсені сылтауратып «бір омыртқа сыбағамызды жеуге келдік», деп алыс-жақын ағайындарға сәлем бере шығып, ел аралап түстеніп қайтады. Сол жылы қыс қатты болады. Қардың мол түскендігінен, қой малы жылдағыдай ойпатты жерде жайыла алмай, тек қыраттау жерде ғана жайылады. Ол уақытта екінің бірі шөп шауып, қора салмайды. Ұсақ малдарын қыстай ықтасын жерден, жылқының тебініне бағады екен. Бірде, Бақсы мен Қанболат жақын бір ағайынның ауылына түстене келеді. Түстік кезінде, бай жағдай сұрасқанда, шынын айтып, ұсақ малының қардың қалындығынан қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып шағымданады. Бір мая шөбінің күзде тасылмай қыстаудан жиырма шақырымдай жерде қалың қардың астында қалғанын, оны жеткізуғе қолдарының қысқалығын айтып, жұттан қалай құтылудың жөнін сұрайды. Бақсы: — Алла бір мәнісін берер аға, оны тым уайымдай бермеңіз, — деп күледі де қояды. Ет желініп, қол жуылды. Қонақтар бой жазуға сыртқа шықты. Кенеттен Бақсы, үй иесіне: «Ал аға, сіз бізді жақсылап күттіңіз, енді біздер даладағы шаруаны шаруалайық, бірге жүріңіз» деп үй иесін сыртқа ерте шығады. Бұлар сыртқа шыға бергенде, есік алдында ойнап жүрген балалар үйге қашып, иттер құйрыктарын бауырына басып, қыңсылап, сиырлар мөңіреп, түйе боздап, жылқы пысқырынып, балалар шуылдап, ауыл арасы азан-қазан болады. Бұрын-соңды аспанда ұшқан құстан басқа ештемені көрмеген ел, көкте қалықтап, ауыл маңын айналып жүрген бір мая шөпті көргенде, қорыққандарынан жағаларын ұстап: — «Астапыралла! Мынасы несі?» - деп, өз бастарын жан-жаққа алып қашады. Сасатын Бақсы ма: — Ақсақал, манағы шөбіңізді қай жерге қондырып берейін? — десе, ауызын ашуға шамасы келмеген бай, есік алдындағы қырды тек қолымен ымдап көрсетуге ғана мұршасы келіп, өзі қорыққанынан қар үстіне құлап түседі. Сөйтсе, байдың тілі байланып қалыпты. Бақсы бір мая шөпті бір қыраттау жерге қондырады да, ескі досы екеуі өз жөнімен кете барады.

ЕКІНШІ АҢЫЗ. Бақсы мен Қанболат жолаушылап келе жатып, бір ауылдың үстінен түседі. Қырдан аса бергенде, Қанболаттың қасындағы Бақсы атына қамшы басып, ауылға қарай құйындатып шаба жөнеледі. «Ойпырмай, мынаның тағы да жындары көтеріп кетті ме?» деген Қанболат бақсының құдық басында иін ағашпен екі шелек су әкетіп бара жатқан келіншекке қарай беттегенін байқап, Бақсының соңынан ереді. Оған ақыра ұмтылған Бақсы, су көтерген екіқабат әйелдің екі жауырынынан кезек-кезек тартып өтеді. Келіншектің: «Алла-ай!» деуге ғана шамасы келіп, екпетінен құлап түседі. Ал, Бақсы болса, қамшысымен ауаны кезек сермеп, біреулермен қамшыласып, боқтап жүріп қыр асып кетеді. Ештеме түсінбеген ел кұдық басына жиналып қалады. Сүт пісірімдей уақыт өткенде ғана әбден шаршап, ентігіп, тұла бойын тер басқан Бақсы да жетеді. — Бақсы-еке, мұныңыз не? — деген жұртқа, болған жағдайды былай түсіндіріп: "Әлгі сайтан бұдан былай мына келіншектің маңына енді жолай қоймас. Өзі де біраз таяқ жеді" — дейді. Терін сүртіп болып: «Мен бір қырдан асып түсе бергенде, мойынағаш көтерген келіншеқтен басқа жан көзіме түспеді. Өзі екіқабат екен. Оның екі бүйірінен кезеккезек теуіп бара жаткан екі сайтанды көргеннен-ақ, мен келіншектің соңынан шаба жөнелдім. Әлгі келіншекке байқаулы болыңдар. Біз кеткенше жақсылык болып қалар», дейді Бақсы ауыл адамдарына. Осыны айтып тұрғанда, бір бала «сүйінші» сұрап келеді. Кейіннен келіншектің сол жолы қатты толғатып келе жатқанын, екі бүйірінен кезек шаншып, дем ала алмай, албасты басқандай қиналып келе жатқанын естіген жұрт жағасын ұстайды. Келіншек Бақсының қамшысы тигеннен-ақ бойының жеңілдеп, өзінің маужырап рақат ұйкыға кеткенін айтады.

ҮШІНШІ АҢЫЗ. Бір жылы есімі бүкіл қазаққа белгілі Жәңгір төренің тоқалы босанып ұл табады. Есірген төре үш жүзге сауын айтып той жасайды. Үш жүздің баласының басы қосылған үлкен тойға Алтай-Қарпық баласы тегіс қатысады. Жәңгірдің өз басын «төре» дегені болмаса, ол: өте бай, әрі сері адам екен. Тойға өзге Алтай балаларымен бірге қобызын сүйретіп Бала бақсы келеді. Қобызын күңіренте тартып отырған Бақсыға менсінбей қараған төре: «Ал Бақсым, мына ат жарысына сен не қосасың? Мүмкін мына қобызыңды қосарсың?» деп кекетеді. Төре сөзі өтіп кеткен Бақсы: «Онда тұрған не бар? Қоссам қосамын!» дейді шамданып. Төренің керемет бәйге аты бар еді. Бақсының қобызынан сескенген ол, ат шабатын баланы оңаша шақырып, егер де ана қобыз соңыңнан қалмаса, ыңғайы келсе ұстап ал да, бір жерге байлап кет! деген нұсқау береді. Айтқандайын, үш жүз ат қосылған бәйге аттары күншілік жерден жіберіледі. Жәңгірдің жүйрігінің маңынан, Бақсының қобызы да қалыспай ілеседі де отырады. Мазақ қылғандай жүйрік шапса, қобыз да соңынан безілдей ұшып, аяңдаса, бір орнында қалыктап, баланың соңынан бір елі қалмайды. Жәңгірдің аты өзгелерден көп ұзап, жеке-дара шыққан болатын. Қобыз ызыңдап соңынан қалмай қойған бала, қалың тоғайдан өте бергенде бір ыңғайын тауып, қобызды ұстап алады да, қыл арқанмен шандып, Нұраның жиегіндегі биік теректің түбіне байлап кетеді. Алыстан шаң көрінеді. Қыр басында дүрбі салып тұрған сәуегейлер, бір-бірінен асып, мәреге бір жарым шақырым қалғанда, алдымен Жәңгірдің торысын көреді, екінші, үшінші, төртінші аттардың да аттарын атап, түстерін түстеп, бір-бірінен «сүйінші!» сұрасып жатқанда, кенеттен Жәңгірдің аты тулап, үстіндегі бала тақыр жерге ұшып-түседі. Оның соңында келе жатқан аттар да жан-жаққа бытырай қашып, үстеріңдегі иелеріне бой бермей тулап, пысқырынып, өз бастарын сауғалап, бәрі жан-жаққа қашқан. Тек қана көкте қалықтаған биік терек ұшып келе жатыр. Ел аң-таң. Мәре сызығынан бірінші болып өткен бұтағына кобыз байланған әлгі терек, Жәңгірдің дәл алдына кескен теректей болып гүрс етіп құлайды. Жәңгір есінен танып біраздан соң барып басын көтергенде, қасына Бақсы келіп: «Ал, Төрем! Бас бәйге қобыздыкі, екінші бәйге бұтақтыкі, үшінші бәйге діңгектікі, төртінші бәйге тамырдыкі. Жіберген бәйгелеріңнің бірі мәреден өтпегендіктен барлық бәйгені жиып-теріп маған бересің», деп отырып алады.

Жәңгір төре өзінің жеңілгендігін мойындап, ат-шапан айыбы есебінде қысырақтың үйірі бастаған жылқы малын, тай-тұяқ алтын-күмісін, тоғыз түйеге тоғыз түрлі дүние мүлкін беріп, Бақсыдан әзер құтылады. Жәңгірдің тойы бір ай шамасына созылады. Бірде Жәңгір, қобызын күңірентіп отырған Бақсыны шақыртып алып: «Ал, Бақсым! Білгіш болсаң айта қойшы. Осы мен қашан, неден өлемін?», деген сұрақ қояды. — Төрем, өзің сұрап қоймағаннан соң айтайын, қоймадың ғой. Сен, осы сөз ауызыңнан шыкқаннан бір жыл өткенде, аштан өлесің, — дейді. — Осы сен не сандырақтап отырсың, Бақсым? Білгір-білгір дегенге тым бөсіп кететінің жаман-ау! Басқа ірі қарамен ұсақ-түйекті санға коспағанда бір өзімде аттай он жеті мың жылқы бар. Күніне бір малдан сойып жегенде де, менің ырзығым он жылға дейін таусылмайды, — дейді Жәңгір ашу шақырып. — Оның сырын өзім де білмеймін. Әйтеуір, сенің келер жылы аштан өлетінің анық, Төрем. Ол аурудың сырын мен емес бір Алла ғана біледі, — дейді де, Бақсы атына мініп жүре береді. Бақсы айтқандай-ақ, көп ұзамай Жәңгір төре бұрын-соңды қазақ даласына естілмеген, қазақтың көзі көрмеген, «қылтамақ» деген ауруға шалдыққан. Ол қылтамаққа ұшыраған ең алғашқы қазақ. Бақсының айтканы келіп, ақыры бір жылдан соң Жәңгір тамақ іше алмай аштан өледі.

ТӨРТІНШІ АҢЫЗ. Жәңгірдің тойынан қайтып келе жатқан Бақсы мен Қанболат Шұбыртпалы елін басып өтеді. Бір ауылға қонақ болып түседі. Ауыл ақсақалының үйінде, қонақтармен табақтас болып, сымбатты келген бір жігіт отырады. Жөн сұраса келіп, бұл жігіттің Қаракесек Кәрсон жігіті екенін біледі. Жігіт айтады: «Жасым жиырмаға келді. Қатар-құрбым тегіс үй болды. Әкешешемнің айттырғандарына көнбей, «өзім ұнатқан қызды ғана аламын», деп жолға шыққаныма көп болды. Әзірге ешбір қыз көңілімнен шығар емес», дейді. — Қарағым, тілімді алсаң әуре болып бұдан былай алыстан қыз іздемей-ак, еліңе қайта бер. Сенің қалыңдығың жаңа ғана туды. Мына шілдеханасын жасап жатқан үй иесінің анау бесікте жатқан қызы он төрт жасқа келмей сен үйленбейсің, — дейді Бақсы. Жігіт тіксініп қалады. Жатарда төсекті қонақтарға қатар салып береді. Төсекте жатып жігіт ойға қалады: «Ойпырмай-ә! Шыныменен Алланың маған жазғаны мына қыз болса, мен оны он төрт жыл күткенше шашым ағарар. Он төрт жыл бойы қу тіземді құшақтап, мынаның ер жеткенін күтіп сарғайғанша, мен бұл қызды біржолата өлтіріп тынайын» деген оймен әлгі бозбала, бесіктегі нәрестенің қарынына пышақ салып, өзі қашып кетеді. Таңға жақын жанұшыра шырылдап жылаған баланың дауысымен оянған анасы, қызының қарыны жарылып, шек қарыны ақтарылып жатқанын көргенде талып түседі. Ит үріп, бала жылап, ауыл азанқазан болады. Ата-анасы не істерін білмей Бақсыға келіп көмек сұрайды. Бақсы баланы қолына алып, жаялығын ашып, оның шек қарынын өз орнына салып, жарылған қарын еттерін бір-біріне таяп, алақандарымен сипап өткенде, қыздың қарыны желімдегендей бірдей жабыса кетеді. Бала жылағанын қойып, ұйықтап қалады. Енді жұрт: «Бұны жасаған қай жауыз?» деп таң-қалады. Сонда Бақсы: — Бұны жасаған сендердің болашақ күйеу балаларың, — дейді. Ел есі кетіп: — Оу! Бақсеке не айтып тұрсыз? Кеше ғана туған нәрестеге қайдағы күйеу бала? — деп таңданады. — Қарағым, түндегі жігіт қалыңдық іздеп жүрген жігіт еді. Мен оған, «сен осы қыздан басқаға үйленбейсің» деген едім. Жігіт, «мына қызды енді он төрт жыл сарғайып күткенше біржолата өлтіріп құтылайын» деп, түңде мына балаға жөргегінде жатқанда пышақ салып, өзі қашып кетті. Бірақ, ол қыздың тірі қалғанын өзі білген жоқ. Қыздарың тірі қалды. Ақыры Алланың жазуымен сол жігітке тиетін болар. Балаларыңның жасы ұзақ, үбірлі-шүбірлі болады. Ол үшін еш қам жемей, балаларыңды алаңсыз бағып-қағыңдар деген ақыл айтып, өз жөнімен кете барады. Арада он бес жылдай өткенде, Қанболат пен Бақсы жолшыбай бір ауылға соғады. Үріп ауызға салғандай бір сұлу келіншегі бар қырықтың мұғдарындағы толысқан жігіт ағасы қонақтарды жандары қалмай күтіп қарсы алады. Мал сояды. Ертеңгілік үй иесі Бақсының алдында тізерлей отыра қалып: «Бақсеке, осыдан он төрт жыл бұрын мен сіздің маған ескерткен сөзіңізге нанбай, бір ағаттық жасадым. «Он төрт жыл бойы, мына нәрестені күткенше, біржолата өлтіріп кетейін», деп, бесіктегі нәрестеге пышақ салып кеткен жігіт мен едім. Жазмыштан озмыш жоқ екен. Ақыры сол қыз Алланың әмірімен тірі қалыпты. Осыдан бес жыл бұрын бір ауылда қыз қарап жүріп, үріп ауызға салғандай, екі көзі танадай, еріндері үлбіреген, арманымдағы асыл аруымды көріп, есімнен айрыла, тала жаздадым. Қызға сөз байласып, алып қаштым. Айттырып қойған жері бар екен, оның да айыппұлын өтеп, өз бетімізше үй болып кеттік. Шымылдық ішінде жатып, бірде қалындығымның қарнын сипасам, алақаным бір тыртықтың ізінен шыкты. «Бұл не?» деп сұрағанда, келіншегім маған осыдан он төрт жылғы оқиғаны айтып шықты. Есіме сіз түстіңіз. Мен жазудан қанша қашқаныммен, Құдайдың бұйрығынан аса алмадым. Бармағымды қанша тістегеніммен, өткенді өзгерте алмайсың. Бір кісідей өмір сүріп келе жатырмыз», деп сөзін аяқтады. Бақсы сол жерде екі жасқа өз батасын береді.

Мінекей, қазақ даласында осындай аңыз адамдар өмір сүрген. Олар жайлы аңыз әңгімелер ел үшін әлі кезіп жүр. Өздеріңіздің аймақтарыңызда осындай керемет қасиеті бар адамдар жайлы аңыздар болса пікірге жаза отырыңыздар.

БЕСІНШІ АҢЫЗ. Бақсы мен Қанболаттың алпыстан асқан кезі. Екі дос, ел аралап жүріп жаз жайлауы Жайылмаға жол шегеді. Сонау Манақадан басталып, қазіргі Жаңаарқа, Бидайық, Бұрмаға дейін атты адамның бойы көрінбейтін ши өседі.

...Ел кезіп аралаған екі дос бұрын Бүйрек ши деп аталатын жерде отырған өз ағайындары Қуаныш пен Смайылдың ауылына түнеп шығады. Ертеңгілік Бақсы тұрып: «Әй Ойеке, сен маған қарама, жедел ауылға қайт. Үйіңде сені күтіп тұрған тығыз шаруалар бар. Бірақ байқаулы бол!» - деп ескертеді де, өзі Смайылдікінде қалып қояды.

- Ойеке, сақ бол! Әлгі қу келініңізді айналдырып жүр, - дегеннен-ақ не туралы айтып отырғанын аңғарған Қанболат атының сауырына қамшы басады.

Сарысудың оңтүстік жағасына жеткенде, өзеннің жиегінде жаңа ғана туған, әлі шаранасы кеппеген ешкінің жас лағын тауып алады. Айдалада жападан жалғыз маңырап тұрған жас лақты аттың үстінен еңкейіп тұрып, атқа өңкеріп алады.

Судың үстінен өте бергенде, «өзі еркек пе, әлде ұрғашы ма екен?» -деген оймен Қанболат қолын лақтың бұтына жүгірте бергенде: «Әй Қанболат, уысың бір толған шығар?» - деп лақ сөйлеп қоя бергенде, ол селк ете түсіп: «Ә, албастым! Бақсының айтқан «әлгі қуы» сен екенсің ғой», - деп лақты судың ортасына лақтырып жібереді. Қанболат су жиегіне тақалғанда, судың жиегінде үсті - басы малмандай су - су болған, тырдай жалаңаш, екі емшегі салбыраған, үсті – басын сап – сары шаштары жауып кеткен, екі көзі тас төбесіне шыққан құбыжық кейпіне енген әлгі сайтан кіжініп: «Әй, Қанболат! Сенің менен көрер қызығың әлі алда, сен екеуміз сонда кездесеміз», - деп жұдырығын түйіп, жоқ болады.

Атының басын ауылға қарай қоя берген Қанболат үйіне жеткенде ауылда екі қабат келінінен басқа тірі жан жоқ екен. Ауыл адамдары көрші ауылдағы шілдеханаға кетіпті. Бүгін бір майқанның болатынын жүрегі алдын -ала сезген Қанболат, даладан бір қап тобылғының түбіртегін шауып әкеліп, өзі жатқан үйге қойды. Келіні екеуі кешкі шайын ішіп болғаннан кейін, келініне:

«Балам, төсегіңе жат!» - деді де, сырт киімін шешпестен өзі қамшысын оң жамбасына басып, қисайып жатады. Анда-санда отқа тобылғының түбіртегін салып қойып, үй ішіндегі от сәулесін сөндірмейді. Әлден уақытта шырт ұйқыдағы келіні өзінен - өзі буынып, төсегінде қырылдай бастады.

Қанболат өзі келмей жатып келініне сайтанның салқыны тиіп жатқанын сезді. Шақырылмаған қонақты күтіп көз ілмей жатқан Ойекең, жабықтан үнсіз түсіп келе жатқан сайтанның сұлбасын байқап қалды. Бұл уақытта әбден қысыла бастаған келінінің үні мүлде өше бастады. Шымылдықтың ішіндегі келіншекке қарай ақырын жылжып өте берген сайтанның ұзын шаштарын шап беріп, білегіне орай ұстаған Ойекең, сайтанды қызуы қатты шоқтың дәл үстіне шырылдатып тұрып, оның жалаңаш денесінен қамшыменен ал кеп сабасын.

Ол адам қолына түскен сайтан өзінің барлық қасиетінен айырылып қалатынын жақсы білетін. Ондай сайтандар бұдан әрі мүсәпір кейпіне түсіп, не өліде, не тіріде жоқ құр әруақ болып қалады. Жаны мұрынының ұшына келген сайтан қамшы жалаңаш денесіне тиген сайын тозақ отына түскендегідей шырылдап, Қанболаттың аяғынан құшып: «Ант етейін Қанболат, бұдан былай сен жүрген жерде жүрмейін, алдыңнан кесе - көлденең өтпейін, сенің өзің түгілі жеті ұрпағыңа дейін тақалмайын», - деп жалбарынып, ант еткенде ғана барып сайтанды босатып жіберді.

Сайтан жоқ болып кеткенде, бағанадан бері алқынып, дем алалмай, албасты басқандай қысылып жатқан келіні: «Ля иллаха, иллалла!» - деп басын көтерді. Ертеңіне тойшылар мен Бақсы келді. Келе сала: «Қанболат, сен менен өткен мықты екенсің. Кешегі сен жеңген сайтанмен мен өмір бойы арпалысып келемін. Біздер жеңісе алмай жүр едік, ақыры оның сазайын сен берген екенсің. Ризамын құрдас», - деп, барлық оқиғаның қасында болған адамдай досының арқасынан қағады.

АЛТЫНШЫ АҢЫЗ. Бақсы, құрдасы Қанболатты ертіп, Аралбай Құтжан қажының ауылына келеді. Құтжан кажы өмірі басынан сөз асырмайтын, өзгеге бет қаратпайтын, өр мінезді, дініне берік, кесір-кесапаты жоқ, білімі терең адам екен. Байлығы да ешкімнен кем болмаса керек, қонақ күтіп отырып, қымыздың буына тойғанда, Құтжан Бақсыны сынамақ оймен: «Оу, Бақсым, сенің жының көп пе, менің жылқым көп пе? Кел екеуміз бір - бірімізді салыстырайықшы!» -дейді.

- Қарсы емеспін, салыстырсақ салыстырайық, - дейді Бақсы.

- Онда мен жігіттерге: «Ертең кешкілік жылқыларды Дарат пен Атасу өзенінің арасындағы кіші Қаратөбенің етегіндегі Сарыжалға иіріңдер!» - деп бұйрық берейін, сосын, үшеуміз таңертеңгілік менің жылқыларымды - оң жағына, сенің жындарыңды - сол жағына иіріп көріп, төбенің үстінен екеуін салыстырайық» - дейді қажы.

Келісілген уақытта Бақсекең, Құтжан қажы және Қанболат үшеуі Қаратөбенің басына шығып қараса, оң жақта Құтжанның жеті мың жылқысының көптігінен жер қайысып, бір шеті мен екінші шеті көрінбей тұр екен.

- Ал енді Бақсым, сенің жындарың қанша екенін көрейік! - деді, төбенің сол жағына көз салған Құтжан. Далада ештеме көрінбеді. Құтжан мырс етіп күледі де, ішінен «жын қайыратын дұғаларды» бірінен - соң бірін оқып, тұра береді. Ол өз білімінің тереңдігіне сенген болатын. Өзі оқыған дұғалық бар жерде жын жүрмейтініне әбден сенген Құтжан, Бақсымен осындай шартқа барған еді. Бір уақытта Бақсы: «Ал, қажым, көзіңді жұм!» - дейді. Көзін жұмғаннан бастап «Әлхамнан» бастап, құранның сүрелерін ішінен зауылдатып тұрған Құтжанға бір уақытта: «Көзіңді аш!» - дегенде, төбенің сол жақ бетінде үсті - басы темір сауытпен мұздай қаруланған, найзаларының ұшы көкке тіреліп, күнге шағылысып, жалаулары желмен тербетілген, қисапсыз атты әскердің бір кісідей болып, бүкіл даланы күңіренте, бір мезгілде «Аллахуакбар!» - деп, Құтжанның дұғасына қол жайып, бата жасаған дауысынан жер - дүние күңіренгендей болады. Таңғалып тұрған Құтжанның құлағына: «Әй, Құтжан, сен таңданбай-ақ қой, сенің дұғаңның менің жындарыма дарымаған себебі, менің жындарым мұсылман дініндегі жындар», - деп қажының көңілін орнықтырады.

Бақсыдан осылайша жеңілген Құтжан қажы, Бақсының үстіне шапан жауып, алдына қысырақтың үйірін айдатып шығарып салады. Ел Бақсыға қаншама мал беріп баққанымен Бақсы өмірі жарымайды екен. Оның себебін бір Алладан басқа ешкім білмеген. Ала жаздай осылайша үйір - үйірімен мал айдап келгенімен Бақсы күз түсе Қанболаттікінен соғым сұрауын қоймаған.

ЖЕТІНШІ АҢЫЗ. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Сарыарқа жеріне капиталистік қатынастар бірте - бірте ене бастайды. Қазақ даласындағы малы көп байлар, енді төрт түлік малдың табысты түрлерін ұстауға тырысады. Ағылшын алпауыттары Қарағанды, Нілді, Спасск, Өспен, Қарсақпай зауыттарын салып, Қарағанды мен Қарсақпай арасында түйемен көмір, мыс тасып, ерсілі-қарсылы керуен жолын салады. Кіре тасыған керуеншілердің алдыңғы легі таң намазында Қарауылтөбеге жетсе, соңы - ақшам намазы кезінде ғана біржолата өтіп тынады екен. Керуеннің екі жағында қарулы күзетші, олай-былай жол кескен жүргіншілерді өткізбейді.

Бірде осындай кірешілердің үстінен түскен Бақсы, Қарауылтөбенің басында кірешілердің өтуін тосып тұрып, мынандай көріпкелдік айтқан екен: «Мына Аппаз бен Сарысудың орталығы құжынаған халыққа толады, қала орнайды, екі ортасынан көліксіз арба жүреді, ол арбаның жалғыз көзінен шашыраған оттан күзің қарығады, үні жерді жарады, адам темір құстың үстіне мініп алып аспанға ұшады, қалаған жеріне барып – келіп сайран салады. Үй-үйлерінде майсыз шам жанады» - деген болжам айтады. Бақсының болжамы дәл келіп, Бүйрекшиде қала орнады, темір жол салынды, паровоз, тепловоздар, электр жарығы келді, самолеттар ұшты. Бақсы сол уақытта осыларды меңзесе керек.

СЕГІЗІНШІ АҢЫЗ. Бақсының жасы жетпістің үшеуіне келгенде өзінің құрдасы Қанболатты шақыртып алып: «Құрдас, мені тыңда! Биыл қыста мен бұл дүниеден өтермін. Бірақ келер жылғы көксоқтаға дейін не аспанда емеспін, не жерде емеспін, соны түсіне алмай отырмын», - деп жылайды. Жұрт кеше ғана жүгіріп жүрген Бақсының не айтып тұрғанын түсінбей дал болады. Күздің күні толассыз қатты жаңбыр жауып, елдің берекесін алады, арты қарлы боранға ұласып, ақыры үскірік аязға айналады. Бақсы осы тұста дүние салып, ауыл арасының қатысы түгілі, мал жұтап, адам баласы аяқ алғысыз жағдай туады. Ағайындары Бақсының мәйітін ақ кигізге орап, қыс бойы сөреде сақтайды. Өзінің өсиеті бойынша ел болып, Бақсының денесін көксоқтада Жайылмаға апарып жерлейді.

Бақсы жатқан жерде, бұрын су шықпайды екен. Балалары кезінде әке өсиетіне қарсылық айтып: «Әке, бұл жерде су шықпайды, біз сусыз жерде қалай кірпіш құйып, саған бейіт саламыз. Одан да анау Қаракөлдегі «Қалабайдың» маңын айтсайшы, ең болмаса бір су шығатын жерді айт», - деп жалынады. Бақсы өз айтқанынан қайтпайды: «Балам, алдымен мені сол жерге қойыңдар, сол жылы-ақ, ол жерден көшкен ел өте алмайтын көл пайда болады. Осы көлден жылқы жүзіп жүріп су ішетін болар, қамысының биіктігінен атты адамның бойы көрінбес, көл беті үйрек – қазға толар. Суында қабықсыз «қара балық» пайда болар, оның семіздігінен көзің тояр, бірақ адам жемесін, елге соны айтыңдар», - дейді соңғы рет.

Бақсының айтқаны келіп, сол жылы Бақсыны қойған жердегі қырдан тасыған қар суы өзекті толтырып, Жайылманың бойында көл пайда болды. Қамысынан адам күрінбейді, жылқылар ортасына жүзіп барып су ішті, суда қабықсыз «қара балық» пайда болды. Неге екені белгісіз, қазақтар сол балықты әлі күнге дейін татып алмайды.

Бөлісу: