Бала қолайлы әрі қауіпсіз ортада болса, ешқашан суицидке бармайды - сарапшы

25 Қыркүйек, 17:01 412

Суицид бүгінгі қоғамның басты проблемасына айналды. Оның себебі неде? Оның қалай алдын алуға болады? El.kz тілшісі проблеманың егжей-тегжейін білу үшін психологпен әңгімелесті.

«Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері Айзада Асқарова суицидтің негізгі себебі қайдан шығатынын айтып берді. Психологтың пікірінше, барлық мәселенің шешімі бала мен ата-ананың қарым-қатынасына байланысты.

Трагедияның басты себебі неде?

Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдер арасында суицид мәселесі өте күрделі болып тұр. Соңғы деректерге сәйкес, 15-17 жас аралығындағы балалардың өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші өте жиілеп бара жатыр. Әсіресе, 11-13 жас аралығындағы балалардың арасында да қайғылы жағдайлар кездесіп жатыр. Қыркүйек айының өзінде Алматы қаласында бірнеше суицид жағдайы тіркелді. 16 қыркүйекте екі оқушы, одан кейін айдың аяғына қарай тағы екі жасөспірім суицид жасап, өз-өздеріне қол жұмсады.

Бұл трагедиялардың негізгі себептері неде? Бұл не үшін болып жатыр? Бұның негізгі себептері - баланың психоэмоционалды қысым көруі, жалғыздық, сонымен қатар ата-аналарымен, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас мәселелері, буллинг, мектептегі қысым, зорлық-зомбылық. Сондай-ақ интернеттегі қауіпті мазмұндардың, яғни әлеуметтік желілердің әсері. Осы фактілер суицидтің негізгі себебі ретінде аталады, - дейді Айзада Асқарова.

Баланың әл-ауқатына, әсіресе психологиялық, эмоционалдық жағдайына әсер ететін ең басты себеп – ол отбасылық мәселелер. Осы орайда отбасындағы түсініспеушілік, ата-аналардың ажырасуы немесе эмоционалдық қолдаудың жоқтығы балалардың психологиялық жай-күйіне қатты әсер етеді. Отбасы мен бала арасында түсіністік пен қолдау болмаған кезде баланың бойындағы ішкі жан айқайы, шешілмеген мәселесі тереңдеп, бала ол мәселеден шыға алмай қалады. Осы кезде ата-ана балаға дер кезінде көмектеспесе, әрине бала суицидке әрекет жасап, өз-өзіне қол жұмсап жатады.

Сонымен қатар екенші себеп – бұл интернет пен әлеуметтік желілердің әсері. Оған қоса қауіпті интернет қоғамдастықтар, видео ойындар және суицидті романтикаландыратын контент, яғни «балалардың махаббат үшін суицидке барамын» дегенге ұқсас контенттері көбейіп кетті. Бұл балалардың психологиялық жағдайына теріс әсерін тигізіп жатыр. Суицидтің негізгі себептері осы.

Ата-аналар суицидтің алдын алу үшін ең алдымен жасөспірімдермен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуы керек. Олардың психоэмоционалдық жағдайына барынша назар аудару керек. Балаларды интернеттегі қауіпті контенттен сақтандырып, егер баланың бойында қандай да бір мәселе пайда болса, міндетті түрде кәсіби психологтерге жүгіну маңызды.

Әлеуметтік желілерде отыратын балалардың TikTok, Instagram, Facebook, Telegram парақшаларын әрдайым қадағалап, гаджеттерді қолданудағы құпиялылыққа мән беру керек. Қауіпті сайттар мен контентке қол жеткізуді шектейтін арнайы платформалар, мысалы, Screen time, Family link-ті орнатып, осы қосымша арқылы бақылау қажет. Өзім де ата-анамын, осы бағдарламаларды қолданамын. Басқа ата-анаға да осыларды қолдануға кеңес беремін. Өйткені баланың көріп жүрген контентіне назар аударып, ата-ана оны шектеу алатын. Себебі ата-ана баласының қасында күні бойы болмайтындықтан оның не көріп, кіммен араласып жүргенін біле бермейді. Сондықтан ата-ана қасында болмаса да, қашықта отырып баласының не қарап жүргенін бақылап, шектей алады.

Егер балада қандай да бір психологиялық жайсыздық белгілері байқалса, дереу психологке немесе психиатрға жүгіну керек. Ал егер мәселені дер кезінде шешу керек болса, онда міндетті түрде тәулік бойы жұмыс істейтін балаларға арналған 111 тегін байланыс орталығына хабарласып, ата-аналар психологиялық көмек алса болады.

Сонымен қатар қазіргі таңда әр мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың қызметі былтырдан бері жұмыс істеп келеді. Яғни баламен байланысты қарым-қатынасты және кез келген мәселені шешу үшін ата-ана осы орталыққа жүгіне алады. Бұл орталықта ата-аналарға педагогикалық-психологиялық көмек көрсетіледі. Яғни қазіргі таңдағы суицид, буллинг мәселелері, кибербуллинг, аутодиструктивті мінез-құлықты балалармен жұмыс істеу және басқа да барлық мәселе осы орталықтың қызметінде қарастырылады. Бұл орталықта ата-аналарға қолдау көрсету арқылы жоғарыда айтылған проблемалардың алдын ала аламыз.

Қазіргі таңда әр облыста психологиялық қолдау орталықтары (ПҚО) жұмыс істейді. Олардың мамандары ата-аналарға білікті көмек көрсете алады. Сонымен қатар әр өңірде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Осы мамандардан ата-аналар маңызды және күрделі сұрақтарына жауап таба алады. Яғни ата-ананың міндеті – мамандармен бірлесе отырып жұмыс істеу. Мысалы, егер суицидке әрекет жасаған бала аман қалса, онда бұл балаға ұзақ мерзімді терапия өткізу керек. Бұл терапияны мамандармен бірлесе отырып, іс-қимыл жоспарын жасап, маманның ұсыныстарын орындай отырып, балаға емделу барысында міндетті түрде қолдау көрсету маңызды.

Бұл қолдау орталықтары ата-анаға үлкен көмек береді.

Сонымен қатар ата-ана әрдайым мектеппен тығыз қарым-қатынаста отыруы керек. Өйткені қазіргі күні ата-ананың көбінің қолы бос емес, жұмыста, мектеп жиналыстарына барғылары келмейді. Мұның барлығы баланың психоэмоционалды әл-ауқатына әсер етіп жатыр. Үйде де ата-ана баламен шынайы сөйлесіп тұруы керек. Балаға тек «сабағың қалай өтті?» немесе «сабақтан неше алдың?» деген сұрақтар ғана емес, керісінше баланың жүрегінен орын алатын, мысалы, «балам, күнің қалай өтті?», «сені мазалайтын сұрақтар бар ма?» деген сияқты сұрақтар қойып, баламен ашық әрі еркін әңгімелесу керек. Егер әр ата-ана осылай жұмыс істейтін болса, онда мұндай жағдайлар болмас па еді...

Балалар неге қатыгез болып барады?

Мұның түбі үйдегі тәрбиеден басталады. Отбасында мектеп жасына дейінгі балалардың дағдысы қалай қалыптасады, бала соны мектепке алып келеді. Қазір баланың бойында неге мейірім жоқ? Неге эмпатия жоқ? Не үшін қоршаған ортада болып жатқан мәселелерге эмпатия, сезімін, аянышын білдіре алмайды? Жүректе мейірім жоқ деп айтып жатамыз ғой... Өйткені балада элеуметтік-эмоционалды дағдылар қалыптаспаған. Бұл дағды үйде қалыптасады. Яғни бала отбасында әрдайым әлімжеттік, қатыгездік көріп, үрей мен қорқынышта өмір сүретін болса, бала мұны әлеуметтік ортасына алып келеді. Бала үйде көргенін жасайды. Ал енді осы орайда «психологтар қалай көмектеседі?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде психологтер, әлеуметтік педагогтер, педагогтер көмектескісі келеді. Бірақ баланы өзінің жауапкершілігіне алатындай толық мүмкіндік жоқ. Өйткені ата-ана қарсы болады, рұқсат бермейді, - деп түсіндірді психолог.

Қазір елімізде психологтер аз. Қарап отырсақ, 4 млн оқушымен 8000 психолог жұмыс істейді. Бұл әр 500 оқушыға 1 психологтан келеді деген сөз. Бұл психологтар санының өте аз екенін көрсетіп отыр. Ауылдарда да жетіспеушілік бар. Тіпті кей мектептерде мыңнан аса оқушы бір психологтың мойнына жүктелген. Бұл да үлкен мәселе. Сол себепті психологтардың, мектеп психологтарының санын көбейтіп, білікті әлеуметтік педагогтердің санын көбейтіп, отбасылармен бірлесе отырып бұл мәселелерді шеше аламыз.

Еңбек жолымды кіші мектеп жасындағы балалардан бастадым. Кейін колледж студенттерімен жұмыс істедім. Еңбек еткен жылдарымда суицидке әрекет жасағандар болмады, шүкір. Бірақ қолдарын кесіп, одан ізі қалған студенттер болды. Бұл баланың суицидке әрекет жасағанын білдіреді. Осы баламен сөйлесіп, диагностика жүргізгенде проблеманың түбі бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа келіп тіреледі. Бұл - диагностика жүргізгендегі ең жоғары көрсеткіш. Міне, барлығы осыдан басталып тұр. Бала мектепте немесе колледжде қатарластарынан жәбір көргенін, буллингке ұшырағанын айтуы мүмкін. Бірақ сұрақ қойып, түп-тамырын анықтағанда бала мен ата-ана арасында тығыз қарым-қатынастың болғаны белгілі болып жатады. Ата-ананың балаға сенімсіздік танытуы, сонымен қатар баланы ұрып-соғып, әлімжеттік жасағанын пайда болады. «Буллер» қайдан пайда болады? Буллер – ол жәбірлеуші. Үйдегі тәрбиеге қарайтын болсақ, егер ата-ана баласын үнемі жәбірлеп отырса, онда бала да жәбірлеуді үйренеді. Яғни бала әлеуметтік ортасына барып, басқа балаларды жәбірлей бастайды. Ал жәбірленуші қайдан пайда болады? Егер ата-ана әрдайым «сенің қолыңнан түк келмейді» деп салыстырып отырса, онда бала құрбан («жертва») болып үйренеді. Енді куәгерлер деген кім? Куәгерлер – олар бақылаушылар. Оларды кім тәрбиелейді? Әрине, үйде. Егер баласына «үндеме», «бірдеңе көрсең, айтпа», «ештеңе болмағандай, жүре бер» десе, осыдан куәгерлер пайда болады. Сөйтіп бала білгенін айтпайды. Менің ойымша, осы себептен де қоғамда проблемалар көбейіп жатыр, - деп ойын айтты Айзада Асқарова.

Психолог атап өткендей, бала қай жерде тұрса да, тұрмыстық жағдайы қандай болса да, егер баланың әл-ауқаты жақсы дамыса, ол қолайлы әрі қауіпсіз ортада болса, онда бала ешқашан суицидке бармайды. Тіпті кейде ауқатты үйдің балалары да суицидке барып жатады. Осы кезде не үшін деп ойлайсың... Бұл жерде көбіне ата-ананың жұмысқа беріліп, баласын назардан тыс қалдырып жатқаны себеп болып жатады. Сол себепті ең бастысы – отбасының әл-ауқаты, бала мен ата-ананың байланысы.

Ата-ана баласын үнемі бақылауда ұстағаны, оны қорғағаны абзал. Екіншіден, баланың күн тәртібін дұрыс құру қажет. Баланың сабағын уақытында оқытып, қалған бос уақытында түрлі үйірмелерге жазу керек. Яғни баланың бос уақытын қалдырмаған дұрыс. Егер бос уақытты дұрыс ұйымдастырып, шынайы сөйлесе білсе, бала жаман әрекеттерге бармайды деп ойлаймын.

2025 жылы мектеп психологтары саны көбейеді

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бала қауіпсіздігін сақтауда қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Жақында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен кеңес өтті. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі, оның алдын алу шаралары, себептерін анықтау және олармен жұмыс істеу талқыланды.

ІІМ деректеріне сәйкес балалар арасындағы суицидтің орташа жасы – 15-17 жас, алайда мұндай оқиғалар 11-13 жастағы балалар арасында да жиілеп барады.

Негізгі себептер — жалғыздық, ата-анамен, туыстармен, құрдастармен қарым-қатынас және буллинг. Сонымен қатар қазіргі жаңа әлемде әлеуметтік желілердің ықпалы да айтарлықтай. Осыған байланысты киберқауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі суицидті насихаттайтын ақпаратты таратуға қатысты 22 фактіні анықтап, 19 материалды жойды, зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпаратты таратуға қатысты 157 факті тіркеліп, 56 интернет-ресурс шектелді, ал 101 материал бойынша ескертулер жіберілді. Осы күндері министрлік Telegram және Meta өкілдерімен балаларды тартуға пайдаланылатын топтарды жою бойынша байланыс орнатты, - деді уәкіл.

Кеңеске қатысушылар балалардың мінез-құлқына назар аударып, ата-аналармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті, бұл балаға көмек қажет екенін қалай түсінуге болатыны туралы кеңес беруге бағытталған.

Әрине мектептердегі балалармен жұмыс мәселесі де талқыланды. Ең алдымен, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету дағдыларын үйрету. Осы айдан бастап барлық мектепте Қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Барлығы 130 сабақ. Сондай-ақ, 110 мектепте келесі жылы барлық мектепте енгізіле бастайтын KIVA антибуллинг бағдарламасының пилоттық енгізілуі басталды. Суицидтік көңіл-күйді, буллинг пен зорлық-зомбылықты уақтылы анықтаудың негізгі бағыттарының бірі – заңға сәйкес ашылған Психологиялық қолдау орталықтарының жұмыс істеуі. Өкініштісі, тәжірибе көрсеткендей, мектеп психологтары психоэмоционалдық жағдайы нашар балаларды анықтамайды немесе анықтаса да, олармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді немесе бұл ақпаратты елемейді. Сондықтан орталықтар мектеп психологтарымен жұмыс істеп, оларды оқытып, әдістемелік қолдау көрсетіп, жалпы балаларды анықтау және кешенді көмек көрсетуді үйлестіру жұмыстарын өз мойнына алады, - деп түсіндірді Динара Зәкиева.

Еске сала кетейік, қаңтардан бастап барлық мектепте 500 балаға 1 психолог болуы тиіс. Қазір 1500 балаға 1 психологтан келеді.

 

Айдана Мұрат
Бөлісу: