15 Қазан 2015, 10:14
Бал арасы балға қажетті гүл шірнесі мен тозаңын жинау үшін тынбастан гүлден гүлге қонады. Негізінен бұл істі «жұмысшы» аралар ғана атқарады. Аралар жайылған кездері ондаған шақырымға дейін алаңсыз ұшып кете береді. Және адаспай өз ұяларын тауып қайтады. Барлауға шыққан ара ә дегеннен шырынды гүл мен шүйгінді шөпті іздейді. Тапқан кезде өздеріне тән белгілермен кейінгілерге хабар береді.
Әр ара өзінің «қоржынына» өз салмағының жартысына жететіндей шірне жинай алады. Олар жинаған шірнесін ұядағы жас араларға жеткізеді. Жас аралар шірнені тор көзшелерге салады. Іле қанаттарымен желдетіп, артық ылғалын жояды. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп, оны балға айналдырады. Көзшелер балға толғаннан кейін ара оны балауыз қақпақшамен жабады. Мұндай бал ұзақ сақталады. Араның бал жинауы өсімдіктердің жаппай гүлдеуіне тұстас келеді, сондықтан әсіресе көктемде жиналған балдың сапасы өте жоғары бағаланады.
Өсімдіктің бір түрінен жиналған бал «бір шырынды», ал бірнеше өсімдік түрінен жиналған бал «көп шырынды» деп аталады. Оны өсімдіктің түріне қарай атайды. Қазақстанда әр ұядан орта есеппен жылына 15 кг-ға дейін, жекелеген тәжірибелі бал ара өсірушілер 180 кг-ға дейін бал жинайды екен.
Ара ұяшықтары
Жоғарыдағы аятты мұқият оқысақ, бал арасына тамаша ұя жасау қабілеті берілгендігін де байқаймыз. Олар ұясын алты бұрышты геометриялық пішінде жасайды. Математиктердің есептеуінше, бал ұяшығын алты бұрышты етіп жасауда үлкен тиімділік бар екен. Алты бұрышты ұяға материал өте аз жұмсалып, балдың сыйымдылығы мейлінше артатын көрінеді. Яғни, бұл өте тиімді ұя жасау тәсілі.
Бал ұяшықтарын жасаудағы аралардың қолданатын тәсілі де таңғаларлық. Аралар бұл іске бірден екі-үш жерден бастап кіріседі. Бәрі бірдей өлшемде алты бұрыш жасап, бұларды кейіннен бір-бірімен біріктіріп әкеліп бал ұяшықтарын тоқиды. Сонда барлығы бір жерден шығады екен. Алты бұрыштардың бір-бірімен шебер жымдастырылғаны сондай, әрбір қабырғаның бөлек тоқылғандығын байқау өте қиын.
Ұяларындағы тазалық, бұзылған жерлерін жөндеу, жас араларды қоректендіру жүйелі түрде іске асады. Егер ұяның іші қапырық тартса, қанаттарын қағып жұмыртқаларын салқындатады. Ал суық болса жұмыртқаны жан-жағынан көлегейлеп жылытады.
Бал шәрбаты
Бал шәрбатын жасау әркімнің қалауына қарай өзгереді. Мәселен, бір литр суға 400 грамм бал қосып, орташа көлемде бал шәрбатын жасауға болады. Бір литр бал шәрбатының құрамы 20 мг. натрий, 204 мг. калий, 24 мг. фосфор, 1200 мг. протеин, 313,6 гр. көмірсу, 60 мг. кальций, 3,2 мг. темір, 0,04 мг. тиамин, 0,28 мг. рибофлавин, 0,8 мг. ниацин мен 16 мг. C витаминнен тұрады.
Бал қанға тез сіңеді, өйткені ол қорытуды қажет етпейді. Бал құрамындағы қант тез сіңетін қасиетке ие. Глюкоза, аминқышқылы, натрийге су қосылғанда, ағза оны өте тез қабылдайды. Осының нәтижесінде ағзадан көп су жоғалтуға апаратын іш өту ауруы тез басылады.
Арамен емдеу
Арамен емдеу медицина ғылымында «Апитерапия» деп аталады. Отандық дәрігер, апитерапия маманы А. Құрманбаевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, арамен емдеуге араның балы, прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы және емдік әсері өте күшті сүт жатады. Ал ара уының құрамында адам ағзасы үшін пайдалы түрлі ферменттер мен аминқышқылдары және милитин бар. Апитерапия арқылы көптеген ауруларды, соның ішінде ревматикалық полиартрит, артрит, ревматизм, жүйке аурулары, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрылыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холецистит секілді ауруларды емдеуге болады. Негізінен емге жұмысшы аралар пайдаланылады. Ара уының шипасы бүгінгі күні толық дәлелденген.
Бал арасының үш тобы
Ара – ара патшасы, еркек ара, жұмысшы ара деп үшке бөлінеді. Жұмысшы араның дене тұрқы кішілеу, өңі қара, басы, кеудесі және жонында сұрғылт сары нүктелері болады. Басы үш бұрыштылау келеді. Басында үш жай, екі күрделі көзі болады. Аузы үлкен, бал жинауға қолайлы, кеуде жағы үш буынды, ор-та буыны үлкен келеді. Екі жұп жарғақ қанаты бар. Үш жұп аяғының тозаң жинайтын себеті болады. Қарын жағы дөңгеленген конус тәрізді, сауыр жағында қара сары түсті 1-4-ке дейін келген қара белдеулер бар. Құйрығында үшкілдеу безі және шанышқы инесі болады.
Бауыр жағында төрт түп балауыз пластинкасының ішіндегі балауыз безі балауыз бөліп шығарады.
Ара патшасының денесі ұзын, қанаты қысқа, көбею органы ерекше жетілген. Еркек ара жұмысшы сәл үлкен, құйрық жағы жұмыр болады. У безі және шанышқы инесі болмайды. Ара патшасы мен еркек араның ауыз қуысы кішкене келеді. Аяғында гүл тозаңдарын жинайтын тозаң себеті, сондай – ақ балауыз шығаратын балауыз безі болады.
Ара топтасып тіршілік етеді. Ара үйірі бір ғана ара патшасы мен бірнеше жүздеген еркек арадан және он мың-даған жұмысшы аралардан құралады. Ара патшасының бірден бір міндеті – жұмысшы араларға гүл тозаңын және бал жинату, балауыз шығар-ту, ұя салдыру, балапан құрт-тарды, ара патшасын, еркек араны бағу, ұяны тазалау сондай – ақ, қорғау міндетін атқарады.
Еркек араның бірден – бір міндеті – ара патшасымен шағылысу. Араның бөліп шығаратын балауызы, улы сұйық-тығы, балы дәрілікке жасалады.
Жинау мен өңдеу – жаз және күз айларында омарта ішіне жиналған балды алу әдістері бойынша сауып алады. Дәрілікке жасалатын балды отқа жылытып, сұйылған сүзгіден өткізіп әзірлей-ді. Бал ақ және сарғылт түсті болады. Жаз, күз мезгілдері тұнық өсімдік майы тектес сұйықтау болып, қыс мезгілінде қоюланып, шекер өңдес іріткі кристаллға айналады. Балы – тәтті, дәмді, усыз болады.
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ