Бакуде қиын кездесу күтіп тұр

28 Сәуір 2014, 11:17

Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалы аясында «Астана арландары» мен әзірбайжандық «Баку оттары» қолғап түйістірді.

Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалы аясында «Астана арландары» мен әзірбайжандық «Баку оттары» қолғап түйістірді. Биылғы маусымда алғаш рет Астана қаласында өткен кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл, әрине, түпкілікті нәтиже емес. Финалға кімнің шығатыны 3 мамыр күні Баку қаласында анықталады.

WSB сериясы басталғалы үздіксіз қатысып келе жатқан қос команда бұған дейін бір-бірлерімен 6 жекпе-жек өткізіпті. Соның төртеуінде әзірбайжандық боксшылар жеңіске жеткен. Биылғы маусымда екі ұжым бір топта өнер көрсетті. Алматыдағы алғашқы кездесуде біздің жігіттер 4:1 есебімен ұтса, қарымта ойында дәл осындай есеппен «Баку оттары» басым түсті.

Қап тауының өкілдері ширек финала Италия клубынан айласын асырған. Алғашы ойында 5:0 есебімен ұтқан әзірбайжандықтар апенин түбегінде жауапты кездесуде 1:4 есебімен жеңілгендеріне қарамастан, жартылай финалдың жолдамасына ие болды. «Астана арландарының» бұл сында Германия командасын айналып өткені (3:2, 5:0) баршаңызға белгілі.

 

49 келі. Теміртас Жүсіпов – Хамза Наметов – 3:0 (49:46, 49:46, 50:45).

Жартылай финалдың шымылдығын ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов пен Хамза Наметов ашты. Теміртас осыған дейін екі жекпе-жек өткізіп, біреуінде жеңіске жеткен. Оның қарсыласы Хаметов қазақстандық жанкүйерге бұрыннан таныс. Бір кездері «арландардың» осы салмақтағы тағы бір өкілі Әнуар Мұзафаровты ұпай санымен ұтқан. Жалпы, Хамза биылғы маусымда төрт рет шаршы алаңға көтеріліп, үшеуін өз пайдасына шешкен екен.

Аса тартысты өткен бұл кездесуде былтыр Азия чемпионы атанған жерлесіміз WSB сериясының тәжірибелі боксшысын жеңу үшін біраз әбігерге түсті. Тіпті қарсыласымен басы соғысып, маңдайы да жарылды. Соған қарамастан Теміртас өз жанкүйерлерінің алдында аянып қалған жоқ. Соңғы раундта аздап шаршап қалса да,  3:0 есебімен қарсыласын айқын ұтты.

56 келі. Мәди Шолақов – Гайрбек Гермаханов – 1:2 (46:49, 47:48, 49:46).

Бұл салмақта бапкерлердің таңдауы Мәди Шолақовқа түсті. Мәди топтық бәсекеде бір жекпе-жек өткізген. Естеріңізде болса, Алматыда өткен кездесуде ресейлік Никита Федорченконы айқын басымдықпен жеңген болатын. Ақтөбелік боксшының қарсыласы – Гайрбек Бүкіләлемдік бокс сериясындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі. Сонау 2011/12 жылдардағы маусымнан бері қатысып келе жатқан Гермаханов алғашқы жылында қарсылас шақ келтірмей, әлемдік рейтингіні бірінші орынмен қорытындылады. Дәл сол жылы әзірбайжандық боксшы жекелей салмақта біздің Қанат Әбутәліпов секілді әлем чемпионы атанды. Биылғы маусымда тек екі рет шаршы алаңға көтеріліп, соның біреуінде жеңіске жеткен.

Алғашқы екі раундта қос боксшы да көп күш жұмсады. Соның нәтижесінде соңғы раундта екеуінің де шаршап қалғаны байқалды. Көбінесе, құшақтасумен уақыт өткізіп жүріп алды. Бұл кездесуде төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Осылайша, Баку жігіттері жалпы есепті теңестірді.

64 келі. Асхат Уәлиханов – Гайбатулла Гаджиалиев – 1:2 (50:45, 46:49,47:48).

«Арландарға» биылғы маусымда қосылған Асхат Уәлиханов әлемдік рейтингіде 3-орында тұрған Гайбатулла Гаджиалиевпен жұдырықтасты. Қос былғары қолғап шеберінің бұл маусымдағы шамалары жобалас. Екеуі де төрт рет шаршы алаңға көтеріліп, үшеуінде жеңіске жеткен.

Асхат алғашқы раундта екінші нөміпмен жұдырықтасты. Содан болса керек, төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Одан соң, жерлесіміз еркін қимылдап әзірбайжандықты тықсырта бастаған. Бірақ кездесу соңында, неге екені белгісіз, төреші Гаджиалиевтің қолын көтерді.

75 келі. Сергей Деревянченко – Сұлтан Мигитдинов – RT (техникалық нокаут).

«Астана арландарының» үздік боксшыларының бірі Сергей Деревянченко ежелгі қарсыласы Сұлтан Мигитдиновті техникалық нокаудпен жеңді. Украиналық легионер осы жобада өз салмағындағы көшбасшы боксшылардың бірі екенін тағы бір рет мойындатты. Негізі, бұл екеуі Бүкіләлемдік бокс сериясының алғашқы маусымында жекелей салмақта әлем чемпионы атағына таласқан. Сол кезде де Сергейдің мерейі үстем болған еді. Әзірге Сұлтанның Деревянченкоға есе қайтарар түрі жоқ.

91 келі. Василий Левит – Абдуқадыр Абдуллаев – 3:0 (49:46, 50:45, 50:45).

Вася осыған дейін бес кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Соған сәйкес, жерлесіміз әлемдік рейтингіде лайықты бағасын алып тұр (2-орын). Бұл екі боксшының жолдары былтыр Алматыда өткен жекпе-жекте түйісіп, жеңіс Левиттің еншісінде қалған. Жерлесімізге шамасы жетпей жүрген Абдуллаев өзге қарсыластарын қоғадай жапырып келді. Ширек финалда Италияның мақтанышы, Олимпиданың екі дүркін күміс жүлдегері, 2007 жылғы әлем чемпионы Клементе Руссоны ұрып жыққан да осы – Абдуқадыр.

Бұл жолы да жерлесіміз әзербайжандықтың мысын басып, сенімді түрде жеңіске жетті. Осылайша, алғашқы кездесу 3:2 есебімен «арландардың» жеңісімен аяқталды.

Қарымта кездесуде өнер көрсететін жұптар:

52 келі. Магомед Абдулхамидов – Мирас Жақыпов

60 келі. Альберт Селимов – Самат Бәшенов

69 келі. Евгений Рамашкаевич – Данияр Елеусінов

81 келі. Михаил Долголевец – Хрвое Сеп

+91 келі. Хаджи Мұртузалиев – Руслан Мырсатаев

Қосымша салмақ:

81 келі : Теймур Маммадов – Әділбек Ниязымбетов.  

Бек Төлеуов. 

Бөлісу: