Бағдат Мүптекеқызы: Бүркітшілік - қазақтың бренді

15 Мамыр 2017, 12:40 12317

Қыран – еркіндікті жақсы көретін текті құс

Құсбегілік өнерге жай әуестік танытып, спорт ретінде ғана қарау аздық етеді. Ұлтымыздың болмысын анықтай түсетін текті өнер, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі екендігін түсіне білуіміз керек. Саятшылықты қайтсек дамытамыз деп жүретін бір топ азаматтар Қазақтың спорт және туризм академиясында бас қосқан еді. Рухани жаңғыру: «Саят» ұлттық спортының бүгінгі жайы мен келешегі» тақырыбында өтіп, саятшылыққа байланысты қабылданған ережелер мен өзгертулерді сөз еткен ғылыми семинар-кеңеске республикамыздың әр аймағынан келген бүркітшілер, спорт комитеті және әр облыстың басқарма мамандары қатысты. Өзекті мәселелерді талқыға салумен басталған отырыс екінші күні табиғат аясындағы шеберлік сағатына ұласты. Қырғауылды ауылында жалғасын тапқан бұл шарада «Топжарған», «Ұшар» ансамбльдері өнер көрсетіп, бүркіт баптап, құс салған сері жігіттер шеберлігімен тәнті етті.

Аталмыш іс-шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушы этнограф, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы бүгінде «құсбегілердің анасы» атанып кеткен. Текті өнер қанында бар қыран мінез қазақ қызы міне 30 жылдан астам уақыт бүркітшілікті жаңғыртумен, дәріптеумен айналысып келеді. Ұлт құндылығын насихаттап жүрген этнографты саятшылықтың өткені мен бүгіні жайлы әңгімеге тартқан едік.

–  Саятшылық өнердің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен ойып орын алатыны ежелден белгілі. Мына тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары Шәкәрім атамыздың қолына бүркіт ұстап түскен суретін ең бірінші болып «Егемен Қазақстан» жариялаған еді. Бұл кейін табылған құнды суреттер киелі өнерді ақын-жырауларымыз да ерекше дәріптегенін көрсетеді. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Абылай ханның өзі 500-ге жуық бүркіт ұстаған екен. Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп сынды дарабоздарымыз да саятшылықтың жөн-жосығын біліп, ата дәстүрден қол үзбей келді. Ең соңғы қазақтың сал-серісі Сәкен Сейфуллин деп айтар едім. Өйткені ол кісінің көзін көргендер: «Сәкеннің қыран құсы болатын. Жұмыстан келгенде сол қыранды сипап мауқын басушы еді» деп айтатын. Міне осындай тұлғалардан кейін, кеңес дәуірінде саятшылық өнер біршама уақыт тоқтап қалды десек болады. Кейін өзіміздің Қытайдағы қандастарымыз, Шәкен аталарымыз бастаған бір топ бауырлар елге оралғанда өз бүркіттерімен бірге келген. Осыдан кейін ел өзінің рухани байлығын іздей бастады. Жоғалған дүниесіне қайта оралды. Міне, соның әсерінен сексенінші жылдары республикада тұңғыш рет осы Алматы облысының Дегерес деген ауылында екі гектар жер алып, екі бөлме үйдің іргетасын қалап, құсбегілердің басын қосатын орталық құрдық. Сол кезде мынау «Жерұйық» деген этнографиялық үлкен ұйым құрылды. Ол мына наурыз меркесінен бастап, қазақтың салт-санасын жаңғыртуды қолға алған ұйым еді. Бұл істе марқұм Заманбек Нұрқаділовтың еңбегі зор. Сол кісінің қолдауымен 1989 жылы орталық стадионда ең алғаш бүркітшілердің халықаралық фестивалі өтті. Келесі жылы дәл сондай іс-шара ипподромда да ұйымдастырылған еді. Содан кейін он жыл өткізіп, міне, Нұра ауылында «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебін аштық. Әбен Тоқтасынұлы, Айтбай Жетібайұлы, Шәкен Ошанбаев,  Байжүніс, Сейтжан секілді бүркітші ағаларымыз осы бастаманың бел ортасында болып, саятшылықтың ілгері дамуына күш салды. Биыл міне, сол мектепке отыз жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біраз шаруаларды атқардық. Еліміз үшін қиын кезеңдерде де, дәстүрден қол үзіп қалмау үшін осы Нұра ауылында бүркітшілердің басын қосып, жарыс өткізіп тұрдық. Бүгінде бұл үрдіс дәстүрге айналған. Жыл сайын құсбегілер арасында «Сонар» республикалық сайысын өткізіп тұрамыз. Осы тұста бізге қолдау білдіріп, қол ұшын беріп жүретін ағаларымыздың тағы бірі, өнердегі белгілі тұлға – Нұрлан Өнербаевтың көмегімен 2005 жылы Алматыда «Қыран» федерациясын құрдық. Бұл қор құрылып, қаражат бөлінгеннен кейін, ең бірінші, бүркітшілердің ортақ киім үлгісі әзірленді. Сол тұста, «Қазақ құсбегілері» деген тұңғыш кітап жарық көрді. Қыран құсқа қажетті құрал-жабдықтар жасайтын шеберханалар пайда болды. 2007 жылы Англияда бүкіл дүниежүзілік құсбегілердің фестивалі өтті. Соған Қазақстаннан делегация болып он үш адам бардық

Талғамы биік, текті құс

Кезінде ерлеріміз жүйрік атқа мініп, қыран құс пен құмай тазыны серік етіп, екі-үш ай бойы саятшылықпен айналысқан. Дегенмен, бүгін заман басқа. Бірақ, мына біздің жігіттеріміздің қолына ұстап жүрген қыраны – сол бабаларымыздың мұрасы. Қазір Алматы облысында қырыққа жуық құсбегі бар. Ал жалпы, елімізде олардың саны жүзге жуықтады. Біз мына құсбегілікті тек спорт түрі деп қабылдамауымыз керек. Бұл – біздің дәстүріміз, тарихымыз, рухани дүниеміз. Шыны керек, бір құсты ұстаудың өзі бір әйелді асыраудан да қиын. Бүркіттің тамағы, қажетті құрал-жабдықтары қыруар қаржы тұратындығын мына бүркіт баптап жүрген жігіттер жақсы біледі. Бүркіт аптасына бір қойдың етін жейді. Сонда жылына шамамен бүркітті асырау үшін бір миллион теңге қаржы кетеді. Әрі құстың өзі де талғампаз, мінезді болады. Оның бабын таба білу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қыран ұстаған адам салауатты өмір салтын сақтаған, ішімдік, темекі атаулыны аузына алмайтын жан болуы тиіс. Себебі, бүркіт – тым   сезімтал құс. Аздаған түтінге қақалып, өліп кетуі мүмкін. Ал ішімдік дәмін сезсе, қырандық қасиетінен айырылады. Сондай-ақ қыранының кекшіл келетінін де ұмытпаған жөн. Иесі дұрыс қарамаса, кегін алмай қоймайды. Жалпы, қыран – еркіндік, бостандық атаулыны жақсы көретін, тек биіктерде ғана қалықтайтын асыл текті құс. Не себептен қазақ өзінің ішкі жан дүниесін қыранға теңейді?! Асыл қасиеттердің барлығын осы киелі құстың бойынан көрген халқымыз желбіреген көк туға да қыранның бейнесін салды. Бүркіттей түз тағысын үйретіп, аңға салу тек қазақтың ғана қолынан келген. Қазір шетелдіктер бұған тамсанып, таңдай қағуда. Әлемде құсбегілікпен айналысатын елдер бар. Ал дәл бүркіт баптаудың әдіс-тәсілін білетін қазақ қана. Сондықтан, халқымыз кейде ақсүйек өнер деп атайтын бүркітшілікті қазақтың бренді қылып қалыптастыру керек.

Ғалымдардың айтуы бойынша, бүркіттің көзі адамның көзінен жүз есе өткір келеді екен. Ол көкте самғап жүріп, бірнеше шақырым қашықтықтан олжасын көріп, тұтқиылдан дөп басады. Сондай-ақ, қыранның есте сақтау қабілеті демықты. Тарихта бұғы, аю сынды ірі аңдарға түскен қырандардың болғандығына қарап, бұл құстың жүректілігіне таң қаласың. Осындай түз тағысымен үнсіз ұғыса білу – қазақтың қанында бар қасиет. Бүркітшілікке ден қою арқылы халқымыз табиғатқа жақындығын сезінген. Болмысымыздың айнасы болған құндылықты қадірлеумен қатар, оны ұлттық бренд дәрежесіне көтеретін уақыт келді.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: