"Баба тіл" дастаны

3 Қыркүйек 2014, 13:49

Бұдан әрі жырау қазақ тілінің қалыптасу тарихына тоқталады. Қазіргі қазақ тілінің байлығы бір ғасырдың ғана жемісі емес, мың жылдан артық уақыттың жемісі дей келе, түрік тектес халықтар тілдерінің ішіндегі ең сөзге бай, дамыған тіл дейді.

Көлемі 325 шумақ «Баба тіл» дастанының бізге жартысынан көбі жетті. Алайда Жейхұндария, Сейхұндария, Еділ­Жайық өзендерінің бойларын, Кердері, Атырау теңіздері жағаларын, Орал тауы мен оның батыс, шығысын, Батыс және Шығыс Сібір аймақтарын, Алтай тауын, Тянь­Шань тауын мекендеген түрік жұрттарында Х­ХІ ғасырда, яғни Хорезм шахы Мұхаммедтен әлдеқайда бұрын сонау Алаша ханның тұсында ислам дінінің толық орнығып, салтанат құрғанын, араб әрпінің негізінде Түрік ғарпі пайда болып қалыптасқанын баяндаған «Баба тіл» дастаны шумақтарының түсіп қалғаны, яғни естен ұмытылғаны кімді де болса қынжылтарлық жайт.

 

Керей ханның кезінен

Екінші рет таңба іске асқан.

Арабтың ғарпін негізге ап

Қазақша жазу құрасқан.

 

Таза қазақ тілінде

«Жеті жарғы» жазылған.

Әз Тәукедей ханымыз

Жоқ еді елді аздырған.

 

Өткенге дейін Әз Тәуке

Қолданды ел қазақ таңбасын

Осы күнде сұлтандар

Қолға алды татар жазбасын.

 

Үш жүз жылдан аса уақыт

Қазақша жазды ел жазуын.

Сөйте тұра көрдің бе

Бектердің бүгін азуын?! –дейді де, «Сұлтандарға ермеңдер, қазақша жазуларыңды тастамаңдар» деп ескертеді.

Дастанның бір топ шумақтары баба тілді – ана тілді қадірлеуге, құрметтеуге, пайдалануға, тазалығын сақтау туралы насихатқа арналған. Жыраудың бұл насихат сөздерін өзінен артық сөзбен жеткізу қиын, сондықтан үзінді келтірейік:

Баба тілді сақта деп

Айтып тұрмын жалпыға.

Ақындардың  жырларын

Салып көр деп талқыға.

 

Кезің жетті, үш жүзім,

Ашатын анық көзіңді.

Түріктің басқа ұлынан

Кем санама өзіңді.

 

* * *

 

Осы тілді жек көрген

Дүниеден қалар құр.

Бағаласаң шынымен,

Баба тілің асыл-дүр.

 

Пайдалан қазақ сөзіңді

Жазғанда өз қалпында.

Туған тілді құрметте,

Кір жұқтырмай салтыңа.

 

Бұдан әрі жырау қазақ тілінің қалыптасу тарихына тоқталады. Қазіргі қазақ тілінің байлығы бір ғасырдың ғана жемісі емес, мың жылдан артық уақыттың жемісі дей келе, түрік тектес халықтар тілдерінің ішіндегі ең сөзге бай, дамыған тіл дейді. Ақынның бұған дәлелі – тіліміздің оралымдылығын, бірнеше мағына беретін сөздердің көптігі және көптеген сөздердің бір мәнде келетіні, яғни синонимдік қатардың көптігі.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, қорыта келгенде, Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлының қазақ тарихынан да, қазақ әдебиеті тарихынан да өз орнын алатын уақыты жетті.

«Иә, өлмейтін жан жоқ. Абай бабамыздың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегеніндей, қазақ халқының үш ғасырлық жүрекжарды жыры «Елім­айдың» авторы – Қожаберген жырау өз халқымен мәңгі бірге жасайды. Қожаберген есімі Әз Тәуке хан, Абылай хан,  Әбілқайыр хан, Бұқар жырау, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би сияқты ұлтымыздың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады» (М.Қ. Қозыбаев, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының директоры. «Дауылпаз баба – Қожаберген» Қожабергентану проблемалары хақында).

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: