12 Тамыз 2014, 05:50
Адамның өмірінде меңгерген білімі мен ұмтылысы жақсылыққа бағытталған болса, оған іс-әрекет арқылы қол жеткізсе, онда ол ең үлкен жақсылық болуы керек. Өмірде қарапайым адамға да, талғамы жоғары адамға да, сезім мен бақыт қажет. Жақсы өмірде өркендеуді, адамдар бақытпен барабар санайды.
Аристотель
Барлық адамдар бақытты болғысы келеді. Бірақ бақытты болу дегенді көбіміз арман-тілектеріміздің орындалуы деп ұғамыз. Мысалы біз ашыққанда тамақ жегіміз келеді. Тамақ тауып жегеннен кейін, қанағат аламыз да, өзімізді бақытты сезінеміз. Сонда, бақыт біздің тілегіміздің орындалуы болғаны ма? Кез келген тілегіміздің орындалуын бізге бақыт әкеледі деп түсінуге бола ма? Ең алдымен, әрбір адам өзі үшін бақытты болудың не екенін түсініп барып, оған қол жеткізуге ұмтылуы керек.
Тәндік саулық
Біздің бақытымыз – тәндік және рухани саулықпен байланысты екеніне келісетін боларсыз. Шындығында біз қызықты кітапты оқудан, достармен сыйластық қарым-қатынастан қуанышқа бөлене аламыз, бірақ та, аяқ астынан суық тиіп, сырқаттансақ, біз өзімізді бақытсыз сезінеміз. Дені, тәні сау адам болу үшін табиғи заңдылықтармен үйлесімді өмір сүруге үйренуіміз керек.
Рухани саулық
Біз тәнге қажетті тілектерімізді қалай орындасақ, дәл сол сияқты рухани тілектерді орындаудың шынайы жолдарына яғни махаббат пен білімге ұмтылғанымыз жөн. Біз рухани және адамгершілік заңдарын айналамыздан үйренеміз.
Данышпан өзгенің қателігінен сабақ алады. Ойлы адам өзінің жіберген қателігінен сабақ алады. Ақымақты ешнәрсе үйрете алмайды.
Адамдар кейде бақытты болуды, өз өмірінің қажеттіліктерін толық қанағаттандыру деп ойлайды. Бірақ та олар бақытты өмір сүру үшін оның болымсыз екеніне есеп бермейді. Адамның табиғаты мен адам болмысының мәні туралы толғанған көптеген философтар ортақ қорытындыға келді. Сократтың айтуы бойынша, «Саналы түсінбеген өмірдің мәні жоқ». Бұл даналықты ұмытқан ағылшын философы Иеремия Бентам былай деген: «Қанағат алу – бақыт көзі, кез келген қанағаттану сезімі ауырлықтан жақсы, сондықтан қуыршақ ойнау, ақындық тәрізді құнды». Осыған оның досы Милль былай деп жауап берген: «Қанағаттанған шошқа болғанша, қанағаттанбаған адам болған артық; қанағаттанған ақымақ болғанша, қанағаттанбаған Сократ болған жақсы; Ал, егер, шошқа мен ақымақтың басқаша пікірі болса, онда олар жағдайының бір қырын ғана көргені».
Жақсы адам болмай тұрып, бақытты болу мүмкін бе? деген маңызды сұрақ туады. Қара басының қамын ойлаған, азғын өмір сүрген адам бақытты бола ала ма? Адам өмірін қиятындай рахаттан артық, қандай маңызды құндылықтар бар?
Аристотель бақытты рахымшылдықпен тығыз байланыста қараған. Адамдардың отбасы, Отан, махаббат үшін өмірін өлімге тіккен мысалдар бізге белгілі. Бақыт – қанағат алу, рахат алудан да биік, кең көлемді категория.
Сонымен, біз бақытқа сапар шегу үшін табиғат әлеміндегі қағидалармен бірге, рухани және адамгершілік өлшемдерді білуіміз керек.
Адамның адамгершілігі үш нәрсеге негізделеді: рухани саулық, яғни адамдардың ішкі жан-дүниесінің үйлесімділігі, басқалармен үйлесімді қарым-қатынас құра білуі және қойған мақсаттарына жетуі.
«Адамгершілік сабақтары»/ Алматы-2001