«Бақыт – бірлігі жарасқан елде»

20 Наурыз 2020, 10:52 4626

Ақын Рафаэль Ниязбектің ел тұтастығы турасында пікірі

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері, Шешен Республикасы Жоғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері Рафаэль Ниязбек еліміздің тұтастығына өзге ұлттардың мемлекеттік тілді біліп, үйренуі маңызды рөл атқаратынын айтады:

   

– Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр, ұйымның мерейтойы құтты болсын! Баяғыда әрбір ауылдың биі, ақсақалдар кеңесімен қатар, бұзығы, ұрысы болатын. Соңғы атағандарым ала жіпті аттаса, би-ақсақалдар оларды ішінара аңдып, жөнге салатын. Солардың жұмысына бүгінгі Ассмаблеяның қызметі келетін секілді көрінеді маған. Біздің елімізде 130 ұлт пен ұлыс өкілдері тең құқылы. Бірақ, өзім айтып өткендей әрбір халықтың өз ішінде басбұзарлары бар емес пе? Ұйым сондай шаруарларды да ұмыт қалдырмай, Қазақстанның шаңырағының шайқалмауы үшін ерен еңбек етіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайға барған сапарында: «Сіздердің балаларыңыз қазақ, орыс, дүнген тілін білуі қажет. Ал мемлекет өз тарапынан мәдениеттеріңізді дамытуға, тілдеріңізді үйренуге, салт-дәстүрлеріңізді сақтауға барынша жағдай жасайды. Бірақ, адамдар мемлекет тілді білуі маңызды. Әсіресе, дәл осындай ауылды жерлерде тұрғанда қазақша білу қажет», – деп баса айтты. Мемлекет басшысының тілдік саясатқа сөз қозғағаны өте дұрыс болды. Қазақ тілі халықаралық тілге айналу үшін осында тұратын барлық ұлттар көмектесуі керек.

Өзім қайғы-қасіреті қазақтікіне ұқсас келетін шешен халқы туралы үлкен кітап жаздым. Соған орай Шешен Республикасының ең жоғары Мемлекеттік ордені «Ұлт намысын» кеудеме тақты. Әрине, мұны мақтану үшін емес, халықтар арасында достықтың алтын көпірін орнату мақсатында айтып отырмын.

«Бақыт қайда барасың?» дегенде, «бірлігі жарасқан елге барамын» депті. Қазақстанда тұратын қай ұлттың өкілі болмасын баянды, бақытты өмір сүремін десе, қазақтың көк туының астында жұдырықтай жұмылып тату-тәтті ғұмыр кешуін тілеймін. Өзбек халқының Тамара Ханум деген атақты бишісіне «дос жақын ба, туыс жақын ба?» деп сұрақ қойыпты. Сонда биші: «әрине туыс жақын, егер дос қыла білсе» деген екен. Көк туымыздың астында тірлік кешіп келе жатқан барлық ұлт бірін-бірі туыстай, достай, бауырдай көрсе деген тілегім бар. Елбасы өзінің бір сөзінде басқа ұлттарға қазақтың төрін бергенін айта келе, ендігі сол жергілікті халықты сыйлау керектігін еске салады. Тағы да Нұрсұлтан Әбішұлының «Біз Тәуелсіздікті қорғау үшін тірі болуымыз керек, тірі болу үшін ірі болуымыз керек, ірі болу үшін білімді болуымыз керек» дегені бар. Еліміздің егемендігі баянды болу үшін ынтымақ, бірлікпен қатар білімділік те қажет екенін естен шығармайық

(Сурет ашық ғаламтор көзінен)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: