Бағдарлама нақтылығымен құнды болмақ

1 Наурыз 2014, 10:43

1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан кейін содан туындайтын мақсат, міндеттерді жүзеге асыру үшін бірнеше бағдарламалар қабылдадық.

      1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан кейін содан туындайтын мақсат, міндеттерді жүзеге асыру үшін бірнеше бағдарламалар қабылдадық. Рас, бұл құжаттар белгілі бір рөл атқармады дей алмаймыз. Атқарды. Елімізде тілдердің дамуы да, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы да кеңи түсті. Оған сөз жоқ. Алайда, жоспарланғандар негізінен орындалмай келеді. Ең негізгі кемшілік   мемлекеттік тілді өзінің мәртебесіне сәйкес бағалай алмаушылық, оны басқа тілдермен бір деңгейде ұстау. Конституциялық норманы елемеушілік. Қоғамның тілдік кеңістігіндегі мемлекеттік тіл бағытында қалыптасып отырған жағдаймен санаспау. Батыл қадамға бармаушылық. Тағысын тағы дегендей.

     Осындай себептермен 2001-2010 жылдарға арналған Бағдарламаның негізгі міндеттерінің дені жүзеге аспай қалды. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқарудың тілі ретінде қызмет етуін қамтамасыз етеміз деген орындалмады. Мұны дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Тілдерді дамытудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіреміз деген   едік. Бұл бағытта не істелінді? Жауабын айту қиындау. Тіпті 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-бабының «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде  және біліктілік талаптарына  сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген мемлекеттік тілді дамытудың аса маңызды құқықтық нормасының орындалуы бір министрліктен екіншіге көшіп жүргенде жалпы ұмытылды. Егер мемлекеттік тілдің құқықтық базасын жетілдіреміз десек осылардан бастау қажет болатын. Сонан соң мемлекеттік тілді барлық мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарыныңдағы ісқағаздарының негізгі тілі етеміз  деген міндеттің орындалуы да мәз емес. Жергілікті мемлекеттік ұйымдар іс қағаздарын негізінен аудармашылар күшімен мемлекеттік тілге көшіріп отырғанына мәз болып  жоғары жаққа мемлекеттік тілге көштік деп жалған ақпарат беруден тыйылған жоқ. Осы Бағдарламаның өзі де алдымен орыс тілінде дайындалды ғой. Кезінде «Қазақстан ел бірлігі» доктринасын да қазақша дайындай алмағанбыз. Бұдан ары тереңдемей - ақ қояйық.

     Енді, міне, келесі «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жасалып, жер жерде жұртшылық талқысына салынып отыр. Бұл құптарлық қадам. Халықпен кеңескен әсте кенде болмайды. Бағдарламаның жетістіктері жөнінде айтылып жатыр. Біздер де Бағдарламаның мемлекеттік тілге бет бұрғандығын қолдаймыз. Алайда, мәселеге тереңірек қарасақ, айтар әңгіме  жоқ емес. Тіпті көп. Бірер ойымызды ортаға салайық. Бағдарламаны күрделі өзгерту, жаңаша жетілдіру керек. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Бағдарламаның  негізгі тұжырымдама бағыты айқын емес. Бұрынғылардың әлсіз жалғасы. Екіншіден, Бағдарлама қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік орталардағы тілдік ахуалды, мемлекеттік тілдің жағдайын әсте ескермеген, ауада тұрған дүние. Ең болмаса бүгінгі қиын болып отырған мектеп алды мекемелер мен жалпы білім, Орталық, аймақтық  билік жүйелеріне  қатысты шаралар болуы керек еді. Үшіншіден,   Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріде нақтылық жетіспейді. Өйту керек, бүйту керектер көп те, қалай өйту керек, қандай жолдармен бүйту керек деген ұмытыла береді. Декларативті сарын басым. Бірер мысал келтіре кетейін. Бағдарламаның мақсаттары ретінде: «1. Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы. 2. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке тарату. 3. Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш қуаты» деп көрсетілген. Біздің ойымызша, Бағдарламаның мақсат, міндеттері бұлайша қойылмауы керек еді. Мұндай мәселелерді біз ылғи қойып келеміз. Біздер осы кезге дейін екі бағдарлама қабылдадық қой. Нәтижесі белгілі. Сондай ақ Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері тарқатыла қарастырылған 5-бөлімде бірінші мақсаттың индикаторлары ретінде мыналар аталады:

  Мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі;

  Мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесі;

-         Қоғамдық өмірдің негізгі салаларында мемлекеттік тілге деген сұраныс дәрежесі. Осылай ары кете береді.

     Меніңше, министрлікке статистикалық рөлден гөрі белсенділікке көшкен жөн болар еді. Осы процестерге ықпал етудің тиімді жолдарын іздестірген дұрыс. Мысалы, мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін көбейту үшін қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақша мен мектептердің нақты сандарын көрсету қажет. Сондай-ақ қоғамдық өмірдің негізгі салаларында мемлекеттік тілге сұранысты арттыру үшін оған қажеттіліктің нақты жолдарын ойластыру керек еді.

      Сонан соңғы бір мәселе Бағдарлама жасаушылар басты мақсатты айқындағанда бірінші, екінші мақсаттарды тікелей мемлекеттік тілге қатысты айтып келеді де,  үшінші мақсатқа келгенде «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш қуаты» деп тайқып шыға келеді. Дамыған мемлекеттік тіл мәдениеті  деп жазуды жоба дайындаушылар қазақ тіліне қимаған. Мемлекеттегі тіл мәдениеті алдымен мемлекеттік тілдің дәрежесімен айқындалатынын ұмытпаған абзал. Жоба дайындаушылардың мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің құнын түсінбеуін осымен делелдеуге болады. Мұндай кемшіліктерді әлі де жалғастыруға болар еді. Бірақ оны біз мақсат етіп отырған жоқпыз. Оған  уақыт та тар. Айтарымыз Бағдарламадағы іс шаралардың нақтылығына ерекше көңіл бөлген жөн, құжатымыздың құндылығы да осында болмақ. 

     Бағдарлама нақты нәтижесімен де бағалы емес пе? Мен Бағдарламаның соңғы тарауын, оны іске асыру кезеңдерін қайта-қайта оқып, қандай нәтижеге қол жеткізетінімізді түсіне алмадым. Бағдарламада былай жазылған: «Бірінші кезеңде (2011-2013 жылдары) тілдерді одан әрі қолдану мен дамытудың нормативтік құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруге бағытталған

іс-шаралар кешенін өткізу болжанады». Болмаса «Бағдарламаның үшінші кезеңінде (2017-2020 жылдар)  басқа тілдердің қолданылуын одан әрі сақтай отырып, қоғам өмірінің барлық салаларында мемлекеттік тілге сұраныс дәрежесіне, оның тиісінше қолданылу сапасына  және меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу болжанады». Біздер  2020 жылы да мемлекеттік тілге сұраныс дәрежесін зерттеумен айналысамыз ба? Сонда қашан мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдаймыз? 2030 жылдары ма? Әлде одан арырақ па? Ол кездері тек орысша оқып, орысша тәрбиеленген,  ағылшынша, батысша жетілген ұрпақ жалпы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қарсы шығатын болады. Бұған депутат кезінде А.Айталының Сайлау туралы Заңға Парламентке үміткер қазақ азаматтары  өз тілін білуі міндетті деген бап еңгізейік деп ұсыныс жасағанда ең бірінші орыс тілді қазақ депутаттар қарсы шыққаны дәлел бола алады.

    Бағдарламаның тағы бір кемшілігі оның негізін жасаушылардың жалпы мемлекеттік тілдің бүгінгі өткір проблемаларын білмейтін орыс тілділер екендігінде. Осындай себептерден Бағдарламаның, бейнелеп айтқанда, табаны жерге тимеген. Сондықтан бұл Бағдарлама да бұрынғылардың аяғын құшады деген күдік бар екенін жасыра алмаймыз.

   Сонан соң Бағдарлама мемлекеттік деп аталыпты. Біздің ойымызша, бұл құжат әлі мұндай мәртебеге жете қойған жоқ. Бір ведомствоның жасаған бағдарламасына мемлекеттік деп дардай ат қойып, оны Үкіметтің бекітуінің реті жоқ. Шынына келгенде, бұл бағдарлама Экономика, Қаржы, Байланыс және ақпарат, әрине Білім министрлерімен бірге жасалуы қажет болатын. Ол жоқ. Бұл бір кабинетте отырған екі-үш адамның «творчествосы». Қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақша, қазақ мектептерінің, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы ана тіліміздің мәселелерін Білім министрлігімен біріге отырып, батыл шешілпейінше біздің ұрандарымыздың жұғымы болмайды. Сондықтан Бағдарлама сынаржақ болып шыққан.

      Бағдарламаны жасағанда мемлекеттік тілдің тағдыры шешілетін әлеуметтік орталарды – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мекемелерін, оқу орындарының жүйесін назардан тыс қалдырмау тағы бір себеппен қажет еді. Ол, өздеріңізге белгілі, бүгін қазақ отбасының құрылымы күрделі өзгерісі. Шындыққа тура қарасақ, балалардың ана тілін біліп өсуіне лайықты отбасында әлеуметтік орта жоқтың қасы. Сол себепті оқыған жастарымыздың арасында орыс тілділер «мен тек орыс тілінде сөйлейтіндерді айтып отырмын) жеткілікті. Қазақ тілінде сөйлемей, орыс тілінде сөйлегенді мәдениеттілік деп түсінетіндер қатары әлі азаятын емес.  Бұл, әсіресе, қыз балалардың арасында. Әсілі, қыз балаларымыз мен аналарымызды өз тілінде   өз тілімізде сөйлетпей, балаларымыз, әсте, ана тілінде сөйлемейтін шығар. Ал бүгінгі орта мектептегі, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы орыс топтарының басым көпшілігі қазақтың ұл қыздары болып отыр және бұл азаймай тұр. Қазақ мектептеріндегі балаларымыздың өзі сабақтан тыс уақытта орыс тілінде сөйлейді.

    Сонымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» ең басты кемшілігі оның нақтылығы  мен мақсаттылығының айқын еместігінде. Сондықтан бұл да  мемлекеттік тілге қажеттілікті туғыза алмайды. Біздің осы кезге дейін түсінбей келе жатқан бір мәселеміз бар. Ол ондаған, тіпті жүз деген жылдар теперіш көріп келген, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебеге ие болғанына 20 жылдан асса да оның бауырын аударма тіл дәрежесінен көтере алмай отырғанын тек бағдарламамен шешеміз деген қате түсініктен арыла алмай келе жатқандығымыз.

   Осыларды айта отырып, Бағдарламаның атын да бағытын да күрделі өзгерту керек. Оны «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту және  жаппай мемлекеттік тілді қолдануға көшудің 2011-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп атауды ұсынамыз. Және жұмысты «Тіл туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізуден бастаған дұрыс. Бұл өзгерістер  қазақ тілінің пайдасына шешіліп және мемлекеттік тіл туралы заңға құқықтық баспалдақ болуы керек. Мысалы, жоғарыда айтылған Заңның 23-бабының  үшінші бөлігін заңдастыру. Сонан соң келер жылдың екінші жартысында, болмаса 2012 жылы басында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңды қабылдаған жөн. Сонан соңғы алты жылды екі кезеңге бөліп, оның алғашында қаракөздеріміздің толық мемлекеттік тілді меңгеруін қадағалап, екінші үш жылдықта өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді өз мамандықтарына сәйкес игеруіне қол жеткізу қажет. Меніңше, мемлекеттік «Тіл туралы» Заң да осыларды ескеруі керек.

         Егер біз айтып отырған ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тапса, қоғамда үлкен резонанс туғызар еді. Мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды қабылдауға бұлайша бет бұрудың өзі қоғамда жаңаша тілдік  саясатты туғызады. Бұл әсте демократияға қарсы емес. Басым көпшіліктің мүддесімен санасу өркениетті елдердің барлығына тән. Қазір осындай заңның бірнеше жобалары бар.

       Мұндай Заң жобасын Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ  профессорлары дайындаған болатын. Бұл Астана, Алматыда қоғамдық ұйымдардың, қазақ тілінің жанашырларының бірнеше талқысына салынды. Жиналысқа қатысқандар осы жобаны қазірге дейінгі жасалғандардың ішіндегі бірден бір сәттісі деп атады. 2008 жылы Заң жобасын дайындаған топ жобаны бүгінгі заман талабына сәйкес жетілдіру бағытында кез келген саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуге дайын.

        Рас, мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдаудың аса күрделі екенін түсінеміз. Алайда, ғасырлар қордаланған жағдайдан тек мемлекеттік «Тіл туралы» Заң ғана алып шыға алады. Оны қабылдауды қажет екендігі туралы конституциялық норма да бар. Негізгі заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида мемлекеттік «Тіл туралы» Заң жобасын жасауға құқықтық негіз еді және ол Конституциядан кейін көп кешіктірілмей қабылдануы қажет болатын. Алайда, бірінші кезектегі ел бірлігі мәселесі бізді басқа жолды таңдауды қажет етті. Қазір жағдай тіптен өзгеше. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық күй орнықты. Демографиялық жағдай сонау 1997 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Елімізде мемлекеттік тілге деген өзге этнос өкілдерінің көзқарасында күрделі оң өзгерістер белең алды. Оларда да жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік  қалыптасып отыр. Былайынша айтқанда,  мемлекеттік «Тіл туралы» Заң  қазақ халқына ғана емес, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін басқа этнос өкілдеріне де қажеттілікке айналды. 

        Қазір посткеңестік кеңістіктегі елдер түгел дерлік мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдады. Біздер артта қалып отырмыз. Бірақ мұны Бағдарлама жасаушылар бұрын да, қазір де еске алғысы келмеді. Бұл үлкен қателік. Арамызда мемлекеттік тіл мәселесін қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң арқылы шешеміз деген қате түсінік те жоқ емес. Бұл Заңның мақсаты да, тұжырымдамасы да бөлек. Оның алдына қойылған міндет те басқа. Сол себептен бұл Заң қазақ атымен аталып отырған мемлекетте мемлекеттік тілдік орта жасай да алмады, жасай да алмайды. Ол мемлекеттік тілге шынайы қажеттілікті туғыза алмай отыр.

         Сөз соңында тағы да айтарымыз – Бағдарлама стратегиялық болжамдарымен қатар тактикалық нақтылығымен, айқын мақсаттылығымен құнды болатынын ескерген жөн. Осы бағытта мемлекеттік «Тіл туралы» Заң болмай, қазақ тілінің көсегесі көгереді деп айту қиын. Тіл мәселесімен көптен айналысып жүрген азамат ретіндегі менің бүгінгі Бағдарлама жобасына қатысты  ойым осылар.  

//Қазақстан zaмan, №38 (809), 39 қыркүйек, 2010жыл.

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу: