Бақ батыр

6 Қыркүйек 2014, 12:38

Бақ батыр туралы аңыз

Алдабергеннің келуімен Назар байдың шаңырағында әлдилеген бөбектің үні шыға бастады. Көптен зарықтырып жүрген перзенті келіп, қыз баланы маңдайынан иіскеп: «Алдабергенге серік болсын. Жаман шақалағым қайда жүрсе аман болсын» деп Аман қойыпты. Назар әкеміз қартайғанда кейінгі алған тоқалынан тағы бір перзент көреді. Ұлды болады. «Перзентсіз едім, Алдабергенім келіп шаңырағыма құт енді. Маңдайыма құдай перзент бітірді. Қызды болдым, амандық тілеп, Аман қойып едім. Енді шау тартқан шағымда менің жұлдызым қайта жанды, басыма бақ қонды» деп шаттанып, Бақ қойған екен. Сөйтіп: «Дәулет келді, Аман келді, басымызға Бақ қонды. Енді өлсем де арманым жоқ шығар» деп тілек қылып, шат-шадыман болыпты ғой Назар бабамыз.  

Десе дегендей-ақ, өңірге танымал жан болады Назар баба. Балалары да алғыр, атын одан әрмен танытады. Алдаберген өсіп-өнеді. Перзентті болып, атын Лаулақ (бір деректерде Даулақ абыл) қояды. Назардың қызы Аман да бой жетіп, бір хан баласына айттырылады. Ал, енді Бақ болса, ерекше жауырынды, кең иықты, нардай зор жігіт болып өседі. Оның сыртқы келбетіне қарап жеңгелері атын тікелей атамай, тергей атап Жалпақ деп еркелете айтатын болған дейді. Осыдан Бақ аты тікелей аталмай, Жалпақ атымен тарихта қалады. Бақтың апасы Аман баяғы өзін айттырған хан әулетіне ұзатылған. Аман апасынан туған сұлтан (Өкінішке орай, әңгіме айтушылар толық атын атай алмай, бірде Қанішер Абылай десе, бірде Тәуке деп отырды) да хан тағына отырып, дәуірлей бастайды. Бұл кезеңде Бақ батыр да қартайыңқырап қалады. Хан жиенінің арқасында дегені орындалып, айтқаны болып тұрған кезі екен. Қазақтың тарихында Салқам Жәңгір атанған хан қайтыс болғаннан соң, оның екі баласы Уәлибақы мен Тәуке таққа таласады. Хан кеңесі Тәукені хан көтеріп, таққа отырғызады. Тәуке де өзінің маңына өзі секілді жаужүрек, алған бетінен қайтпайтын, «Сен тұр, мен атайын» дейтін қас батырларды жинаған. Сондай жандардың бірі, Тәукенің айтулы батырларының бірі болған Бақ батыр. Батырдың жауынан тайсалмайтын көзсіз мінезіне, қайталанбас ерлігіне сүйсінген хан оған Сырдың бойынан қыстау, Қаратаудың теріскейінен жайлау бөліп береді. Бұл кезеңде Тәуке хан Тәшкенді мекен қылады екен. Тәуке өлгенннен соң Бақ батыр Сауран жағына қарай көшіп кетеді. 1723 жылы жоңғарлар Сауранды алғанда Бақ батыр шегінген елмен бірге Хиуа жағына өтіп кетеді. Араға бірер жыл салып, өзінің отаны Сауранға қайтып келеді. Тәуке ханның айтулы батыры болған Бақтың өзінің де тегін адам еместігін, оның артында қалған ұрпақтары, оның ерлік көрсеткен жерлері әлі күнге меңзеп тұрғандай. Қаратаудың Суындық асуынан өткен жерінде «Бақтың бауы» деген бау бар. Жолды жағалай үлкендігі құлаш жетпейтін қарбыздар өседі. Ішін жарсаң еті аппақ, жесең дәмсіз, су татиды. Ал, енді басы таудан басталып, Сауранның түбінен өтіп Сырға құятын өзенді «Бақтық өзені» деп атайды. Осы өзеннің бойымен Бақтың көші жүрген көрінеді. Жайлауы мен қыстауын жалғастырар жол секілді бұл өзен. Бақ (Жалпақ) батырдың Сырдың бойын қыстап жүргенін шежіреші қарттар мақтана айтады. Оның қарауындағы елдің бір сәт балық аулап, маңайын тамақтандырғаны айтылады. Арал теңізінің шығыс бетінде Жалпақ атты арал болған. Қазір теңіз тартылғандықтан жермен теңесіп кеткен. Сол арал Бақ (Жалпақ) батырдың иелігіндегі жерлердің бірі еді деседі.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: