БАҚ қызметкерлері кәсіби мереке қарсаңында ерекше балалармен бірге спорт шарасына қатысты, деп хабарлайды El.kz
Елордадағы Паралимпиада жаттығу орталығына жиналған журналистер қауымы, блогерлер және қоларбаға танылса да, ерік-жігері мойымаған жеткіншектер мен олардың ата-аналары бейімделген спорттан көңілді эстафета өткізді. Шара «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен «Саламатты Болашақ» жобасы аясында өткізілді.
«Бәріміз бала болдық, балдәурен балалық шақтың дәмін таттық. Биыл Қазақстанда «Балалар жылы» деп жарияланғанын ескерсек, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры балалардың сенімді серігіне айналғанын айтқым келеді. Мысалға, қазіргі уақытта, жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 14 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қоры әрі қарай да балаларды қолдау мәселесіне айрықша көңіл бөлетін болады. Ал, сіздер, «төртінші билік» өкілдері ретінде, балаларға, әсіресе осы ерекше балаларымызға қатысты өзекті мәселелер туралы тұрақты түрде қалам тербеп отырады деген сенімдемін. Мерекелеріңізбен, қадірлі БАҚ қызметкерлері!», - деді шараның ашылу рәсімінде «Samruk-Kazyna Trust» бас директоры Альфия Адиева.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекованың сөзінше, 2017 жылы жүзеге асырыла бастаған «Саламатты болашақ» жобасында ерекше балалардың ата-аналарының арманын орындау көзделген. Жоба мүгедектігі бар балалар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді проблемаларды шешуге бағытталған.
Сондай-ақ оқу-әдістемелік әзірлеме, мүгедек балалардың психофизикалық жағдайына жаттығу сабақтарының тиімділігі бойынша ғылыми-зерттеу қызметі, бейімделген спорт секцияларын құру кіреді.