25 Тамыз 2014, 11:37
Қазақ елі 1991-жылдың 16-шы желтоқсанында тəуелсіздігін жариялаған күні қазақ халқының бойындағы ғасырларға созылған сағыныш сезімі тұтастай нұрлы үмітке айналды. Көпке ұзамай елдің үміті ақталды. Ата жұрт құшағын шетте жүрген бауырларына айқара ашты. Шеттегі бауырлар елге оралып, аңсау мауқын басқысы келген ағайындар қатарында иран қазақтары да елмен қауышу сəтін асыға күтті.
Тəуелсіздіктің арайлы күндері басталып егемендік күні жарқырай берді. 1992- жылдың қаңтар айының 29-шы күні Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Респуликасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың келісім- шартына қол қойылды. Араға көп уақыт салмай Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасында елшілігі ашылды. Иранның Қазақстандағы тұңғыш елшісі болып Рəсул Ислами мырза 1992-жылдың қыркүйек айының 15-ші күні Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевқа сенім хатын тапсырды. Сөйтіп Иран елшісі өзінің дипломатиялық міндетін атқаруға кірісіп кетті. Бұдан кейінгі уақытта екі елдің жақындасу қатынастары жедел түрде дами түсті. Оған дəлел 1992-жылдың қараша айының 29-шы күні елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының шақыруымен Иран жеріне алғашқы ресми сапарын жүзеге асырды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев көптеген маңызды мемлекеттік қатынастар саласындағы құжаттарға қол қойды. Сонымен қатар Иран елінің президенті Əли Акбар Һашеми Рəфсəнжанидің иран қазақтарының ата-мекеніне өз қалаулары бойынша көшулеріне келісімін алды. Бұл қазақтар үшін үлкен табыс пен мақтаныш болды. Елін аңсап жүрген қазақтардың көңілін тағы бір рет шаттық кернеді. Президенттің сол сапарында Иран елінің астанасы Тегеран қаласында Қазақстан Республикасы елшілігінің ашылуына да уəделесті. Соның нəтижесінде 1993- жылдың қыркүйек- қазан айларында Тегеранда Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. Бұл қадам иран қазақтарының да ата жұртына сапар шегуге ашылған алғашқы заңды бастамасы болды. Ирандағы қазақтың алғашқы елшісі болып Мырзатай Жолдасбеков қызмет атқарды. Екі елдің келісілген уəделестігі бойынша иран қазақтарының елге оралуларының алғы шарттары жасалды. Солайша иран қазақтарының алғашқы тобы 1995-жылдың күзінде Каспий теңізі арқылы кемемен қазақ топырағы Ақтау қаласына жетті. Сол жылы иран қазақтары үшін арман гүлінің бүршік атқан жылы болды.
Бұл көштің іске асуымен иран қазақтары психологиялық тұрғыдан қарағанда көрінбей оның жанын байлап тұрған бұғаудан құтылып, рухани азаттыққа қол жеткізді.