30 Тамыз 2015, 03:06
Бүгін Ата Заңымыз қабылданған елеулі күн. Конституция еліміздің әлемдік өркениетке қарай қарышты қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат егемендіктің алғашқы шағында қабылданған болатын. Бұл қазақ жерін мекендеген байырғы жұрттың сан ғасырлық арманы болса, демократиялық даму жолын таңдаған жас республиканың басқа елдермен терезесі тең болып, қанатын кеңінен жаюына мүмкіндік берді.
20 жыл бұрын - 1995 жылдың 30 тамызында жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа бағытта дамуының іргесін қалауға негіз салған тарихи оқиға орын алды – республикалық референдумда тәуелсіз Қазақстанның қолданымдағы, екінші Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияны Қазақстан халқы демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, халқымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып қабылдады. Тәуелсіз мемлекеттігіміздің тірегі болған бұл Конституцияға қоғамдық даму тарихында маңызды орын беріледі. Бұл Конституция еліміздің стратегиялық мақсаттарын анықтаған Ата Заң болды. Конституция Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырумен қатар мемлекеттің басты мақсаттарын, қызметінің түбегейлі қағидаларын, мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгіледі.
1995 жылы қабылданған бұл Конституция тәуелсіз егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан маңызды құжат болып табылады. Бұл құқықтық-саяси құжаттың қабылданылуы Қазақстанның конституциялық құрылысының құқықтық негізін қалады, мемлекеттік-саяси институттардың қызметінің негізі болып табылатын тұжырымдарды орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, әлеуметтік-экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Мәні бойынша ҚР Конституциясы мемлекеттің негізгі заңы әрі жоғары заңи күші бар акт болып табылады. Ол – құқықтық жүйенің фундаменті, мемлекеттің негізгі құқықтық құжаты. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық қоғам, құқық салаларының заңдық базасы, ал оның нормалары басқа нормалар үшін жетекші фундаменттік қағида болып есептелінеді.
Егемен Қазақстанның тарихында орын алған 1993 жылғы Конституциямен қоса, бұл 1995 жылғы Конституция да саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болып табылды.
1995 жылы қабылданған Конституция еліміздің экономикалық, әлеуметтік табыстарға жетуіне, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуіне, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы мен өмір сүруі деңгейінің өсуіне, Қазақстанның демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуына берік тұғыр жасап берді. Олай болса, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясы құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен қоғамды демократияландыру жолындағы тарихи маңызды белес болды. Әрі мемлекетіміздің жаңа экономикалық бағытта дамуының құқықтық негізін қалаған, жалпы адамзаттық құндылықтарды, негіздерді таныған, шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған Негізгі Заң болып табылды.
ҚР Конституциясы – мемлекеттің негізгі ұстанымдарын бекітетін, адамның қоғамда алатын орнын байқататын Негізгі Заң. Оның нормаларын білу, мәнін ұғыну қазіргі кезеңдегі өркениетті елдердің мемлекеттік құқықтық тәжірибесінде қажетті болып табылады. Әсіресе құқықтық мемлекет құруды ұстанған Қазақстан үшін ол аса маңызды, аса қажетті. Себебі, қоғамның конституциялық-құқықтық сауаттылығының жоғары дәрежесі Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде орнықтырудың фундаменті, негізі болып табылады. Конституциялық сауаттылығы, конституциялық-құқықтық санасы жоғары қоғамда, мемлекетте ғана конституцияның жоғарылығы орын алады деп айтуға болады. Ал, Қазақстан Республикасы өзінің Негізгі Заңы – Конституцияда өзін құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде орнықтыратынын бекітіп, оған қол жеткізуді мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның жоғарылығы мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Конституцияның жоғарылығы елімізде мемлекеттік биліктің орнығуы мен жүзеге асуының заңдылығының, адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде өз қолданымын табуының, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметінің заңдылығының алғышарты, негізі болып табылады. Конституцияның жоғарылығы қабылданып және қолданылып жатқан заң актілерінің Конституцияға, оның талаптарына сәйкес келуін мүмкін ете отырып қоғам мүшелерінің (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар) Конституция нормаларын сақтауын, бұлжытпай орындауын шамалайды. Демек, бүгінде Қазақстан құқықтық мемлекет құру бағытын ұстанып отырған тұста қоғамның конституциялық-құқықтық сауаттылығын көтеру құқықтық мемлекет құрудың алғышарты болып табылады.
Жалпы қандай мемлекетте болмасын конституциялық заңдылық режимін қалыптастыру үшін қоғам мүшелерінің құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын, құқықтық білім деңгейін көтеру маңызды болып табылады.
Конституцияның жоғарылығы, үстемдігі Конституцияның, оған негізделген заңның талаптарының барлық қоғам мүшелері үшін (мемлекетті қоса алғанда) теңдей міндеттілігін білдіреді. Себебі, құқықтық мемлекеттің қалыптасуында бірыңғай заңнаманы қоғам мүшелері ретінде барлық тұлғалардың орындауының айрықша мәні бар.
Кез-келген құқықтық механизмнің тиімді жұмыс істеуі үшін оның кепілдіктерін нығайту қажет. Тиісінше конституцияның жоғарылығын, оны сақтау маңыздылығын мойындап қана қоймай оның нормаларының тікелей қолданылуын, барлық қоғам салаларында конституцияның үстемдігін, бұзылмауын қамтамасыз ету үшін оның кепілдіктерін күшейту қажет. Конституцияның жоғарылығын қамтамасыз ету кепілдіктері бірнешеу. Конституцияның жоғарылығының, бұзылмауының бір кепілдігі ретінде идеологиялық кепілдіктерді көрсетуге болады. Конституцияның жоғарылығының, бұзылмауының идеологиялық кепілдіктері – бұл қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық саналығы, құқықтық мәдениетінің жоғарылығы, конституциялық-құқықтық білімділігі. Конституцияның үстемдігі, оның сақталуы белгілі бір шамада қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, конституциялық-құқықтық білімінің деңгейіне байланысты болады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғарылығын, оның нормаларының бұзылмауын, құрметтелуін қамтамасыз ету үшін қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық сауаттылығын, мәдениетін көтеру маңызды, тиімді шара болып есептеледі. Барлық адамдар конституцияның, оған негізделген заңның «құлы» болмайынша мемлекеттегі конституциялық заңдылық, конституциялық құқықтық тәртіп туралы айту бекер. Бұл өз кезегінде қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық сауаттылығының құқықтық мемлекет қалыптастыруда маңыздылығын көрсетеді.
Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең кейінгі ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес. Ал, ұлт ұстазы, хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес.
Айсауле Нұрлыбек