Бүгін Халықаралық достық күні

30 Шілде 2020, 19:59 8055

Достық мерекесінің маңызы неде?

Бүгінгідей ертең не боларын болжай алмайтын заманда біздің әлем көптеген сынақтар мен қауіп-қатерлерге тап болып жатыр. Олардың алғашқы қатарын: кедейлік, зорлық-зомбылық, адам құқықтарының бұзылуы сияқты бірқатар іс-әрекеттер құрайды. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, әлеуметтік негіздерді бұзып, дамуға кедергі келтіреді, адамдар мен қоғамдарды бөледі.

Осы сынақтар мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін олардың пайда болу себептерін жою қажет. Оған көптеген түрде көрініс табатын ынтымақтастықты білдіру арқылы қол жеткізуге болады. Бірінші кезекте бұл – достық болып саналады. Достық бізді жақындастырады. Біз бірігу арқылы келісімге қол жеткізе аламыз, әлемді жақсартуға тырысатын барлық адамдардың өмір сүруіне қалыпты жағдай жасай аламыз.


Мерекенің қысқаша тарихы

Халықаралық достық күнін атап өту туралы бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ұсынған. Осыдан кейін, 1997 жылғы 20 қарашадағы 52/13 қарарында Бас Ассамблея әлем мәдениетін зорлық-зомбылықты жоққа шығаратын және қазіргі проблемаларды шешу үшін олардың түпкі себептерін жою арқылы қақтығыстардың алдын алуға бағытталған құндылықтар, көзқарастар мен мінез-құлық түрлері ретінде анықтады.

1998 жылы Бас Ассамблеяның 53/25 қарарымен әлем балаларына арналған бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениеттің халықаралық онжылдығы жарияланды. Ол 2001 жыл мен 2010 жыл аралығын қамтыды. Бұл бүкіл әлемдегі балалар қоғамға барлық деңгейлерде зор зиян тигізіп, түрлі зорлық-зомбылық түрлерінен зардап шегетінін мойындады. Ассамблея, сонымен бірге, балаларға бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті насихаттаудағы білімнің рөлін мойындады. Егер балалар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді үйренсе, бұл халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Ал 1999 жылы Бейбітшілік мәдениеті жөніндегі декларация мен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.

Халықаралық достық күні, сондай-ақ, достықтың өзектілігі мен маңыздылығын әлемдегі барлық адамдарда асыл және баға жетпес сезімнің көрінісі ретінде тануға негізделген.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы өзінің 65/275 қарарымен түрлі ұлт пен ел, мәдениет мен жеке тұлғалар арасындағы достық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді шабыттандыра алатынын, оған қоса, мәдени әртүрлілікті құрметтейтін қоғам арасында көпір салуға мүмкіндік беретінін ескере отырып, 30 шілде – Халықаралық достық күні деп жариялады.

Сондай-ақ, қарарда жастарды болашақ көшбасшы ретінде түрлі мәдениеттерді және әртүрлілікті құрметтеуге бағытталған қоғамдық қызметке тартудың маңыздылығы атап өтілген.

Бұл күнді жариялау – бейбітшілік мәдениеті жөніндегі іс-қимыл декларациясы мен бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін, сонымен қатар әлем балаларына арналған бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениеттің халықаралық онжылдығын (2001-2010 жж.) қолдауға бағытталды.

Бұған қоса, Бас ассамблея Халықаралық достық күнін атап өтетін мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және азаматтық қоғам топтарын халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне ықпал ететін және өркениеттер арасындағы үнқатысуды, ынтымақтастық, өзара түсіністік пен татулықты ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар мен бастамалар ұйымдастыруға шақырды.


Мерекелік дәстүрлер

Мереке әлемнің көптеген елдерінде атап өтілетіндіктен, жергілікті мәдениеттің әдет-ғұрпына байланысты онымен байланысты дәстүрлер әр жерде әртүрлі. Мәселен, Ресейде Достық күнінде ұлттар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Қала алаңдарында, импровизацияланған сахналарда жас әртістер ұлттық дәмі бар театрландырылған қойылымдар, түрлі байқаулар мен викториналар ұйымдастырылады. Кейбір мемлекеттерде 30 шілдеде би шайқастары өтеді.

Мерекенің негізгі мақсаттарының бірі – жастарды әртүрлі мәдени ағымдарды, көзқарастар мен өмір салтын қабылдауға бағытталған әлеуметтік іс-шараларға тарту. 30 шілде күні жастардың флешмобтары мен шерулері, арнайы көрмелер мен концерттер дәстүрлі түрде өткізіледі екен.

Сондай-ақ, бірнеше жыл бойы әлемде «посткроссинг» сәтті жұмыс істеуде. Ол – ашықхаттр меен маркаларды алмасудың халықаралық онлайн жобасы. Дәл бүгінгідей пандемия уақытында, карантинде отырған бүкіл әлемдегі мыңдаған адамдарды біріктіретін хобби болмақ.

Қызықты фактілер

Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген Халықаралық достық күні – ынтымақтастық пен бірлікке арналған жалғыз мереке емес. 9 маусым – Халықаралық достар күні, 25 маусым – славяндардың достығы мен бірлігі күні, 3 шілде – құпия достық күні сияқты мерекелер де өзіндік дәстүр-салтымен ерекшеленеді. Күнтізбеде ескі достармен кездесу күні де бар – бұл 26 қыркүйекке сәйкес келеді.

Ал көп ұлттар мен ұлыстарға құшағын айқара ашқан біздің Қазақстанда да достық мерекесі 1 мамырда аталып өтетіні, сонымен қатар, 1 наурыз – ел халықтарының бір-біріне алғыс айту екені көпшілікке белгілі. Аталған мерекелер де достық пен бірлікке шақырып, бейбітшілікке үндейді. Біз аталған достық мерекесіне орай этномәдени бірлестік өкілдерінен мерекенің маңызы туралы сұрап білген едік.


(Суретте: Равиль Валеев)

Равиль Валеев, «Таң» татар-башқұрт мәдени бірлестігінің өкілі:

- Әлемдік күнтізбеге енгеніне көп бола қоймаған мереке жыл сайын дәл осы күні – 30 шілдеде тойланатынынан хабардармыз. Биылғы жылы бұл күн бейсенбіге тура келіп отыр. Шіліңгір шілденің соңғы күндері атап өтілетін Халықаралық достық күні өте жас - бұл мерекені БҰҰ Бас ассамблеясы 2011 жылы жариялаған. Жаңа датаның идеялық негізі Бейбітшілік мәдениеті жөніндегі іс-қимыл декларациясы мен бағдарламасы және планетаның игілігі үшін бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениеттің халықаралық онжылдығы болды БҰҰ мемлекеттік органдарды, халықаралық және аймақтық ұйымдарды Достық күнін атап өтуге, өркениеттер арасындағы үнқатысуды, ынтымақтастық пен өзара түсіністік пен татулықты ынталандыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға шақырған еді.

Бұл мерекенің арқасында біз ұлтымызға, дін мен ділімізге, жынысымызға қарамастан, Жер атты планетаның біртұтас отбасы екенімізді еске аламыз. Ал одан бері қарай әкелсек, көпұлтты Қазақстан елінің біртұтас халқы екенімізді айғақтайды.

Мен осынау жылы да мейірімге толы мерекеде жақындарыңызда, жандарыңызда жүрген адамдарға алғыс айтып, оларға жақсылық жасаңыздар дегім келеді. Дәл қазіргі заманда «мен» деген емес, «біз» деген сөз көп айтылуы керек. Өйткені, бізге көмек қолын созып, қасымыздан табылып жатқан адамдар қаншама?! Барша Қазақстандықтарға зор денсаулық, береке-бірлік, ынтымақ тілеймін!


(Суретте: Ханум Ахмедова)

Ханум Ахмедова, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі:

- Бүгін Халықаралық достық мерекесі тағы келіп жетті. Мен осындай көп ұлт пен этностар мекендейтін кең-байтақ Қазақстан мемлекетінде тұрғаныма қуаныштымын. Тағы бір айта кетерлігі, осынау мейрамды біздің елорадамызда аталып өтілетіні көңілге жағады. Өйткені, бұл – береке мен бірліктің, түрлі мәдениет пен дәстүрлердің тоғысатын күні.

Айтулы мейрамның мен үшін, менің отбасым мен халқым үшін маңызы зор. Нақтырақ айтар болсам, бүгінгі күн Қазақстанның елінің бізге пана берген, қолдау білдіріп, басымыздан сипағанын тағы бір мәрте есімізге салады. Халықаралық достық күнінде біз әлемде жалғыз емес екенімізді, кез келген адамның бауыр саналатынын, адамзаттың бейбітшілікте өмір сүруді қалайтынын ұмытпауға тиіспіз.

Менің бас қаламызда ұлтына, ұстанымына қарамастан ажырамай араласып келе жатқан достарым өте көп. Бұл да болса елдегі ынтымақтың айқын көрінісі десем қателеспеймін. Аталған тамаша мерекеде барлық халықты құттықтай отыра, бейбітшілікте, достықта өмір сүріңіздер, ешқандай жағдай бізді береке мен бірліктен айырмасын деген тілек білдіремін. Қазақстанымыз гүлдене берсін!

(Суреттер yandex.kz сайтынан және кейіпкерлеріміздің мұрағатынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: