Бүгін «KADEX-2016» көрмесі басталды

2 Маусым 2016, 10:34

Әскери көрме

Бүгін елордада «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ашылды. Әлемнің отыз бес елінен үш жүзден аса әскери техника өндіретін компания соңғы өнімдері бірегей бастамаларын ала келді. Көрменің алғашқы күні экспозицияларын ұсынатын павильондармен таныстырудан басталды.

 

Көрме аясында іскерлік бағдарламалар, яғни, халықаралық әскери ғылыми-техникалық конференция, тұсаукесер, дөңгелек үстелдер ұйымдастарылды. Демонстрациялық және іскерлік бағдарламалар негізгі міндетке қол жеткізуге, яки, қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің үдемелі, қарқынды дамуына, инвестицияны тартуға, жетекші халықаралық өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

 

«Beretta» итальяндық компаниясы өз өнімін, яғни, ARX160A3, ARX300 шабуылдағыш винтовкаларын, APX тапаншасы мен өзге де атыс қару-жарағы және жеке қорғаныс құралдарын көрсетті. Сондай-ақ Sako (Tikka TRG 22/42 TRG -M10) мерген винтовкалары мен оған қоса берілетін өзге де керек-жарақтар ұсынылды.

 

ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери техника саясаты департаментінің бастығы полковник Бақыт Құрманбаев «Сарбаз» әскери газетіне «KADEX-2016» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің мән-мағынасы туралы берген сұхбатында: «Көрменің практикалық пайдасы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ғана емес, күллі ел игілігіне жарайды деген үміттеміз. Төртінші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің артықшылықтарын былай тізбелесе болады: біріншіден, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешендерінің, екіншіден, кәсіпорындардың дамуын жетілдіреді, ілгерілеуіне қосымша жағдай жасайды. Екіншіден, жетекші шетелдік компаниялар мен отандық тауар өндірушілердің әскери-техникалық ынтымақтастығы нығая түседі. Бұны да үлкен жетістіктер қатарына қосуға әбден болады. Өйткені, ынтымақтастық артқан сайын, тәжірибе алмасамыз. Тәжірибе алмасқан соң, өнімдеріміздің сапасы да жоғарылай бермек. Ал үшіншіден, спектрін анықтау үшін өзге өнімддерді сатып аламыз. Және, ең бастысы, Қазақстан Республикасының қару-жарағы мен әскери техникасы халықаралық аренада осы беделді іс-шара арқылы оң имиджге ие болады, беделіміздің биіктей түсуіне әсер етеді» – дейді.

 

Ал, «KADEX» көрмесінің экономикалық тиімділігін полковник Бақыт Құрманбаев былайша түсіндіреді:

«KADEX» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінде жасалған хаттамалардан, ынтымақтастық туралы меморандумдардан және келісім-шарттар айқын прогресс байқалады. Сондай-ақ қаржы көрсеткіштерінің өсуі көрменің имиджіне оң әсерін тигізуде. Тағы айта кетерлігі, «KADEX-2016» көрмесін жылдағыдан ұлғайта түсу жоспарланды. Біз қатысушы компаниялардың санын 310-ға, оның еліміздегі қатысушыларын 100-ге, шет мемлекеттердікін 210-ға көбейтсек деп ниеттенген едік. Алайда, қазіргі уақыттың өзінде бұл көрсеткіштен біз асып түстік. Бұл – үлкен жетістік. Көрме қорытындысында 35-ке жуық әр түрлі келісім-шарттарға қол қою жоспарланған, ниет хаттамаларының және ынтымақтастық туралы меморандумдардың нәтижесін жалпы сомасы 2.7 млрд АҚШ долларына жеткізсек дейміз.

 

Бүгін көрме павильондарында әскери техниканың ең соңғы үлгілері салтанат құрды. Меймандар мен қатысушылар дүркін атыс зымыран жүйелерінің ең соңғы үлгілерін, заманауи радиоэлектрондық күрес және авиациялық техниканың әртүрлі типтерін тамашалады.

 

«Бүгін біз «Град» ҰМ-21 ДАЗЖ жаңғыртылған ұрыс машинасын ұсындық. Ол барлық заманауи стандарттарға сай келеді. Жаңғырту барысында қазіргі заманғы технология қолданылған. Толыққанды автоматтандырылған, оқ атудың дәлдігі жоғарлатылған, спутниктік және автоматтандырылған жүйесі де бар. Ұрыс алаңындағы төзімділігі алдыңғы маркаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сынамадан өткізген соң біз оны еліміздің Қарулы Күштері ұрыс машиналарының сериясына кіреді деп күтудеміз. Көрме өңірлерге және өзге де елдерге шығу мүмкіндігін береді. Мұндай іс-шаралар өте пайдалы. Бұл жерде өзге елдердің әскери өнімінің жаңа үлгілерімен танысып, олардан тәжірибе жинақтап, нәтижесінде өз мүмкіндіктерімізді арттыруға әбден болады», – деді «Қазтехнологиялар» компаниясының бас маманы Андрей Карыпов.

 

Астана төрінде өтіп жатқан «KADEX» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі 5 маусымға дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттер Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметіне тиесілі  

 

 

Бөлісу: