Бүгін ҰБТ басталды

3 Маусым 2015, 05:52

Бүгін қазақстандық оқушылардың алғашқы легі үшін ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды.

ҰБТ сынағы 2-маусымнан 8-маусым аралығында жүргізілмек. Бүгін еліміз бойынша 56 пунктте 25 756 түлек өз бақтарын сынады.

Білім беру саласы мамандарының айтуынша, 2013 жылғы ҰБТ сұрақтарының 36 пайызы жаңартылған. Ешқандай мағынасы жоқ сауалдар алынып тасталды. Есесіне 21 мың жаңа тапсырма қосылып отыр. Олардың 3 мыңы логикалық ойлау жүйесіне құрастырылған.

Мемлекеттік гранттарды жеңіп алу үшін түлек бейімді пән бойынша кем дегенде 7 балл, шығармашылық сынақтан 10 балл, басқа пәндерден 4 баллдан жинауы тиіс.

Жазира Дүйсенбекова, ата-ана

Балам Мағжан Рабилов Астана қаласының №38 мектеп-лицейін түлегі. Баламның оқу үлгерімі өте жақсы. ҰБТ-ға бас алмай дайындалды. Жыл бойы мұғалімдері де, өзі де аянған жоқ. Сол еңбегі ақталып, жоғары ұпай жинаса деген аналық тілегім бар. Оқушылардың аудиторияға жайғасқанын, тестіні қалай тапсырып отырғандықтарын сырттағы экрандар арқылы тамашалап отырмыз. Бұл жүйе сәл де болсын қобалжуымызды азайтып, сенімділік береді екен. Балама үміт артып, жоғары ұпай жинайды деген сенімдемін.  

 

Биыл елімізде 124 379 оқушы мектеп бітірді. Түлектердің 70 пайызы  тест тапсыруға өтініш білдірген. Қазақстан бойынша тест тапсыратын 165 пункт жұмыс істеуде. Биылғы жылы ҰБТ-ның нәтижесі мен оқушының аттестатының жылдық орташа бағасы есептеледі.

 

 – Немерем РәбияБану Бақыттегі дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебін тәмамдады, – дейді немересіне алаңдаулы Бану Тәукебайқызы. – Қызым ҰБТ-ға барынша дайындалды. Кейбір пәннен репититор жалдап, мүмкіндігінше қолдауға тырыстық. Бүгін енді баққа да, бапқа да сенетін күн. 11 жыл бойы алған білімін саралап, түйіндейтін сындарлы сәт. ҰБТ-ға дейін тапсырған емтихандарының бәрін өте жақсы бағаға тапсырды. Балам болашақта сәулет өнерін таңдамақ. Архитектура, дизайнерлік мамандықты игергісі келеді. Әуелі Аллаға, сосын балама сеніп тұрмын. Дегенмен, немереме тест деген өмірдің соңы емес екендігін, аз ұпай жинап қалған жағдайда еш қаймықпауын түсіндірдім.

 

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге бюджеттен 1 миллард теңге бөлінген. ҰБТ қабылдайтын барлық пункттерде мемлекеттік, апелляциялық комиссиялар жұмыс істейтіндігін айта кеткеніміз жөн. Министрлікте де апелляция комиссиясы бар. Биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі құпия сақталады. Ұлттық тестілеу орталығы №36 бөлімшесінің басшысы Людмила Гейцманның айтуынша, осыған дейін ашық түрде жарияланып келген тестілеудің қорытындысы жеткіншектер арасында дау туғызып, тестілеуге қатысушылардың басқаларының үстінен арыз айтуы көбейіп кеткен. Сонымен қатар, тестілеуден аз балл жинаған оқушылар жоғары көрсеткіш көрсеткендерге қарап күйзеліске ұшырау да жиілеген.

 

ҰБТ кезінде жинаған балды үйден шықпай-ақ білуге болады. Тест нәтижесі Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланатын болады. Нәтижені білу үшін сайтқа кіріп ЖСН мен түлекке тестілеуе қатысуға құжат тапсыру кезінде берілетін жеке кодты теру арқылы біле алады.

 

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу: