Бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 65 жыл

2 Маусым 2020, 19:54 7203

«Байқоңырдың» тарихтағы маңызы

Бүгін адамзаттың ғарышқа жолын ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағының 65 жылдық мерейтойы. 1955 жылдың дәл осы 2 маусымында Байқоңыр ғарыш айлағының жобалары мен ұйымдық құрылымы Бас штаб бастығының нұсқаулығымен бекітілген еді. Бұл күні, сонымен бірге, қала күні де атап өтіледі. Біз атаулы күнге орай «Байқоңыр» ғарыш айлағының өткен тарихына көз жүгірттік.


Ғарыш айлағы жобасы

1955 жылдың 12 ақпанында КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесі №292-181сс бірлескен қаулысымен КСРО Қорғаныс Министрлігінің №5 ғылыми-зерттеу сынақ полигонын құру туралы жобасын бекітті.

Сөйтіп, 1955 жылдың 5 мамырында болашақ ғарыш айлағында алғашқы іргелі тұрғын үйлердің орны белгіленді. Ал 20 шілдеде құрылысшылар ғаламшардағы ең үлкен ғарыш айлағына айналатын нысанның стартты алаңын салуды бастады. Кейінірек, 1957 жылдың он бесінші мамырында ғарыш айлағынан бірінші континентаралық баллистикалық P-7 зымыраны ұшырылып, сәтсіз аяқталса, төртінші қазанда тарихтағы тұңғыш «Спутник-1» жасанды Жер серігі жіберілді. Бір айдан кейін алғашқы тіршілік иесі – Лайка атты ит ғарышқа ұшып, алайда, бірнеше апта бойы өмір сүреді деп болжам жасалған жануар, қатты қызудан есеңгіреп, бірнеше сағаттан кейін өліп қалған. Осылайша, борттағы тірі жаратылыстармен ғарыш экспедициясы сәтті өту үшін тағы үш жыл қажет болды. 1960 жылдың он тоғызыншы тамызында Белка мен Стрелка атты иттер «Спутник-5» серігімен Жерді он жеті рет айналып, аман-сау қайтып оралды. Бір жыл өтер-өтпес уақытта, 1961 жылдың он екінші сәуірінде ғарышқа бірінші адам – бәрімізге белгілі Юрий Гагарин ұшты. Ол мінген «Восток-1» ғарыш аппараты орбитаға шығып, шеңбер жасап, Саратов облысына сәтті қонған еді. Ал бірнеше жыл өткеннен кейін, КСРО Қорғаныс министрлігі ресми түрде 1955 жылдың 2 маусымын полигонның құрылған күні деп жариялады.

Бірінші жарты ғасыр ішінде «Байқоңырдан» әртүрлі мақсаттағы бес жүзден астам ғарыш аппараты мен жүзден астам құрлықаралық-баллистикалық зымыран ұшырылып, олардың отыз сегіз негізгі түрі, сексеннен астам түрленімі мен ғарыш аппараты сыналды.

Бірақ, тоқсаныншы жылдардың басында, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғарыштық ұшырулар саны күрт қысқарып қалды. «Байқоңыр» тәуелсіз Қазақстанның аумағында орналасқанмен, Ресей тарапы пайдаланғандықтан, ғарыш айлағының мәртебесі анық емес еді. 1993-1994 жылдардың қысында ғарыш айлағында мезгіл-мезгілімен электр жарығы ажыратылып, сонымен қатар, жылу және сумен жабдықтау жүйелері істен шыға бастады. Бұл жағдай өз кезегінде, кәсіби мамандардың жаппай көшіп кетуіне, сондай-ақ, ғарыш айлағында жұмыс істейтін адамдар тұрған сол кездегі Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласы халқының екі есе азаюына әкеліп соқты.


«Байқоңыр» атауының тарихы

Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы, негізінен мемлекеттік құпиялар мен Кеңес әскерініңықтимал санатындағы жауларын жаңылыстыру мақсаттарынан құралады. Америкалық барлау қызметі жаңа полигонды әшкерелегеннен кейін, 1957-ші жылдан 1990-шы жылдардың ортасында, құжаттар «Төретам» атауымен жазылып жүрді. Болашақ ғарыш айлағы маңындағы теміржол станциясы, сондай-ақ, Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы ауыл осылай аталған еді. Бүгінгі таңда Байқоңырмен солтүстік жағынан шектесетін Төретам ауылы із жүзінде қалашық болып есептеледі.

Америкалық мамандар 1957 жылы КСРО-дағы жаңа құпия нысанның аталуына қатысты ұзақ ойлана келе, картаға қарап, зымырандарды іске қосуға арналған полигонды Tyuratam Missile and Space Complex деп атау туралы шешім қабылдайды. Бүгінде TTMTR қысқартылған атауы – қазақстандық ғарыш айлағының әлемдегі ең танымал шартты белгісіне айналған.

Бастапқыда болашақ қала бейресми Заря делінсе, 1958 жылдың жиырма тоғызыншы қаңтарында ресми түрде Ленин атауын алды. КейінЛенинск қаласына айналып, 1966 жылдан 1995 жылға дейін осы атқа ие болды. Кеңестік баспасөздерде «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы ашық жазуды адамның ғарышқа алғашқы ұшуынан соң бірден бастады. Юрий Гагариннің арқасында Қызылорда облысындағы құпия полигон әлемдік ғарышкерлер тарихының маңызды бөлігі саналып, 1961 жылдың 12 сәуірінен кейін қазақ тамырымен қатысты сөз шет ел баспасөзінің беттерінде пайда болды.

1995 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ленинск Байқоңыр деп өзгертілді. Бұл атауды ғарыш қаласы іс жүзінде Қарағанды облысының ауылынан алған еді. Ғарыш айлағының тарихы басталған жылдары Кеңес әскері ықтимал жауды алдау үшін Қарағанды облысындағы Байқоңыр ауылына жақын жерде жалған ғарыш айлағын салуға ұмтылған болатын.


Ерекше шарттағы келісім

1994 жылы Қазақстан Республикасымен Ресей Федерациясы арасындағыкелісімшартқа қол қойылды. Оған сәйкес, біздің солтүстіктегі көршіміз ғарыш айлағын жыл сайынғы жалдау ақысын төлей отырып пайдаланатын болып, жалға беру мерзімі жиырма жыл көлемінде белгіленді.

Ресей Федерациясы ғарыш айлағымен қоса қоса, Байқоңыр қаласын, сонымен қатар, оның тұрғындарына қатысты жауапкершілік пен шығынды өз мойнына алды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы елдімекен жергілікті халық арасында «екі мемлекеттің қаласы» деп аталады екен. Бір жағынан, ол жерде ресейлік заңдар үстемдік етіп, ақша айналымында рубльді пайдаланса, екінші жағынан, тұрғындар Қазақстан азаматтығымен жүреді. Сонымен, Байқоңыр уақытша жалға берілген Қазақстан Республикасының маңызды қаласы болып есептеледі.

2004 жылы Ресей мен Қазақстан жалдау ақысын өзгертпеген күйде 2050 жылға дейінгі жаңа келісімшарт жасасты. Сонымен бірге, Қазақстан тарапы бірлескен ғарыштық бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды. Осылайша, сол жылы «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің жобасы туралы құжаттарға қол қойылды.


Отандық ғарышкерлер

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов сияқты қаһарман ғарышкерлерін мақтан тұтады.

Ал ғарыштағы алғашқы қазақстандық 1969 жылы ұшқан Петропавл қаласының тумасы, №13 ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты Владимир Шаталов болған еді. Ал екінші отандық ғарышкеріміз – ақтөбелік Виктор Пацаев ғарыш сапарынан қайтқан кезде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол жер атмосферасынан тыс жұмыс істеген алғашқы астроном ретінде есте қалған.

Сонымен қатар, КСРО кезінде қазақстандық «квотаны» Солтүстік Қазақстан облысы Ольгино ауылында туған Александр Викторенко және Балқаш қаласынан келген Игорь Лончаков пайдаланды. Ресми дерек бойынша әлемдегі бес жүз алпыс алтығарышкердің әрбір үшіншісі сапарын «Байқоңырдан» бастаған екен.

Бүгінгі таңда жалпы алаңы 6717 км2-ты құрайтын «Байқоңыр» кешені – әлемдегі ең ірі әрі табысты қызмет ететін ғарыш айлағы. Онда құрылғаннан бері бес мыңға жуық зымыранды ұшыру жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қаланы дамыту бойынша бірлескен бағдарламаны қабылдады. Мұнда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, жергілікті жылу электр орталықтарын қайта жаңарту, тұрғын үй құрылыстарын жүргізу, кәсіпорындар ашу көзделген.

Еліміз Байқоңырдан алыс емес өңірге туристік ойын-сауық кешенін салып жатыр. Сондай-ақ, қалаға елдімекенді дамытуға инвесторларды тарту үшін еркін экономикалық аймақ мәртебесін беру жоспарланған.

(Суреттер pixabay.com және today.kz сайттарынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: