Бүгін - Театр күні!

27 Наурыз 2014, 09:14

...Театр, сен өнердің сәнісің, Жүректерге шуақ берер нәрісің. Үзілісте ғана сөніп жарығың, Үзілісте шымылдығың жабылсын

Бұл –  дүние жүзі бойынша актер қауымы мен театр қызметкерлері тойлап жатқан мереке. Мереке құтты болсын дей отыра, еліміздегі барлық театр ұжымына көрермендер атынан алғыс айтуды жөн көріп отырмын.

Былтырғы мереке мен бүгінгі күннің ортасына зер салсақ, әр ұжымнан  көптеген жаңалықтар мен жетістіктер көреміз. Сөз басын өзіміз күнде барып жүрген  елордалық Қаллеки театрынан бастайын. Аптасына алты күн еңбектеніп, Астана мен қала қонақтарын өнермен сусындатып отырған шаңырақ бұл. Жақында бұл ұжым «Жалын жұтқан Жанна д'Арк» драмасын ұсынды.

Қателеспесем,  бұл шығарма Қазақстанда алғаш рет сахналанып отыр. Қалың елдің ортасынан шыққан қаршадай қыздың рөлін сомдау  Айнұр Бермұхамбетова мен Сая Тоқманғалиеваға бұйырыпты.

Режиссер мен әртістердің арқасында француз халқының басынан өткен жағдай сахналанса да, қазақ  тарихындағы батыр қыздарды көргендей болдық.  Қару ұстап ұрандап, ештеңеден қаймықпаған Жанна әрбір көрерменнің санасын бір сілкіп алғанына күмәнім жоқ.

ҚР  Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Абылай ханның 300 жылдығына арналып  «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың премьерасы болды.

Пьесаның авторы – жазушы, журналист, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Болат Ұзақов. Бұдан бұрын да көрерменге «Кенесары – Күнімжан» спектаклін ұсынған Думан Рамазан мен Болат Ұзақовта ұлттық тандем бар.  «Абылай ханның арманы» қойылымын көрермен жақсы қабылдады.

Басты рөлдерде театр және кино саласын қатар алып жүрген Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қашқабаев сынды танымал актерлер сомдап, ержүрек батырдың парасаттылығын, көшбасшы қасиетін толықтай жеткізе білді.

Бұл қойылымда Қалден Серенді сомдаған Жанқалдыбек Төленбаев пен Боранбай Молдабаевтың  ойыны ерекше ұнады. Актерлердің шеберлігі сондай, Абылай хан мен Қалден Сереннің сахнасында керемет атмосфера орната білді. Бар қазақты біріктірген, ел мен жердің тұтастығын сақтап қалған Абылай хандай тарихи тұлға сомдалған  спектакльден қай көрермен болса да ерекше мақтанышпен шығады.

Қаллеки ұжымының тағы бір керемет жаңалығы – Тәуелсіздік күніне және «Бәйтерек» тобының 10 жылдық мерейтойына орайластырылып, желтоқсанда   «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» мюзиклі сахналанды.  

Басты кейіпкерлерді «Бәйтерек» тобының мүшелері  сомдады.  Қарабай бейнесінде ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сайлау Қамиев, Қодар бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, Жантық бейнесінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнады. Бүгінгі таңда эстрадада жүрген басқа да топтар сияқты он жылдық мерейтойға  ән кешін өткізетін шығар деп жүрген едік, бірақ,  «Бәйтерек» тобы театр өнерін бірінші орынға қойып жүргенін тағы бір көрсетті. Классикалық шығарманы мюзикл ретінде шығарған режиссер Сайлау Қамиевтің батыл қадамы да көптің көңілінен шықты.

Бұл драманы көптеген театрдың қойғанын көрсек те, мюзикл түрінде алғаш рет тамашаладық. Мюзиклде ойнаған Айнұр Бермұхамбетова мен  Алтынай Нөгербек сынды шебер актрисалар да, жас толқын Олжас Жақыпбек пен Гүлфайруз Тәжібаевалар да керемет өнер көрсетті. Актердің бойында өнердің барлық түрі болу керек, осы түста музыкалық театр болғандықтан,  әртістердің ойыны бір төбе ғой, бірақ,  ән өнері керемет  ұнады. 

Бұларға қоса, белгілі жазушы, драматург Әкім Таразидің «Люстра» деген шығармасын  «Үкілі жұлдыз» деген  атпен,  режиссер Әлімбек Оразбеков сахналанды.

Дәл қазіргі қарттар үйі көбейген заманға керек, көмегі тиетін  шығарма. Бұл қойылымды көрсеңіз, әжесін сыйламайтын немере, ұлына қисық тәрбие берген келін сияқты кейіпкерлер арқылы, тәрбие мен сыйластықтың мағынасын терең түсінесіз.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қоржынындағы спектакльдер туралы ұзақ айта беруге болады әрине. Олардың қайсысын алсаңыз да, қоғамдағы өзекті тақырыпты арқалаған, жүрекпен орындалып, көңілден шығып жүрген қойылымдар. Оларға: үнемі премьерадай болып өтетін «Абай» трагедиясы, ешбір қойылыммен тең тұрмайтын, мәңгүрт қоғамды жөнге салатын «Ғасырдан да ұзақ күн»,  эксперимент арқылы жаңашаланып қойылып жүрген «Айман-Шолпан»,   жеті атаны жетік білу шартын түсіндіріп, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлайтын тап-таза, мөп-мөлдір «Қызыл алма», шындықты іздеймін деп шыңырау түбіне кетіп, туған  бауырын мерт қылған Мариосы, испан халқының өмірін алдымызға алып келетін қызуқанды  Висентесі бар «Күн сәулесі түспеген»,  тарихи тұлғамызбен табыстырып, бүгінде шетел асып қойылып жұрген «Кенесары- Күнімжан», өмірдің кей сұрақтарына жауап беріп, кей тұсына үңілдіре түсетін «Гамлет»,  адам баласының құқығы мен мүмкіндіктерін, бастысы мейірімді алға алып шығатын «Ізгілік формуласы», көрерменді поэзиямен сусындатып, өз заманына сыймай кеткен ғасыр ақыны туралы қойылым  «Мұқағали», шеберлік пен әзілге толы «Гамарджоба», ата-анамызды құрметтеп, қадірлеп жүру керектігін тағы бір  түсіндіретін «Кеш», жұмбақтар, әдемі ойын мен әндерге толы «Жұбайлар жұмбағы», қандай қиындық болмасын махаббат жеңіп, сәбилер өмір сүру керектігін көрсететін «Көшкін» сияқты спектакльдерді жатқызар едім. Өз басым театр өнерін өте жақсы көремін. Қаллекидің қазіргі репертуарындағы спектакльдерді ғана емес, архивке кеткен біраз қойылымдарын да жатқа білемін. Өйткені,  әрбір қойылымын бірнеше рет қайталап көріп жүрмін. «Киноға барсаң саған көрсетеді, театрға барсаң сен көресің» деймін үнемі.  Оны  көбі түсіне бермейді. Кей спектакльдердің мәтіндері миыма жатталып қалып жатса, театр деген тірі, әдемі өнерден әр барған сайын сусындап, әр барған сайын актерлердің жаңа бір қырын көріп, ерекше әсер алып қайтамын.

***

Астанада қазақ театрының соңынан ілесіп, өнерге өз қолтаңбаларын қойып, өздерін күн сайын жоғары деңгейде  танытып жүрген Жастар театры бар. Бұл театрдың да тынысы кең, өз көрермені, керемет қойылымдары бар. Қазақ театр өнерінен берік орын алған У.Шекспирдің «Асауға тұсау»  комедиясы биыл осы Жастар теарында сахналанды.

Осындай әлемдік классиканы Бейбіт Құсанбаев,  Әділ Ахметов, Айнұр Рахипова, Дәурен Серғазин, Жандәулет Батай, Азамат Есқұлов сынды әртістер алып шықты. Петручионы сомдаған Әділ Ахметов театр және кино саласын қатар алып келе атқан мықты актер. Осы қойылымда Әділдің біраз есейіп, бір баспалдаққа  биіктегенін байқағандай болдым. Өр мінезді өжет қыз Айнұр Рахипованың физикалық тұрғыдан дайындығы күшті болған сынды, әдемі рөл шықты. Сонымен қатар, береке мен бірліктің, татулықтың, жаңарудың жаршысы, жаңа жылымыз  «Наурыз» мерекесі қарсаңында «Наурыз ару» атты кішкентай көрермендерге арналған ертегі сахналанды. Авторы Сая Қасымбек, режиссері Бекболат Құрманғожаев.

Ертегінің  «Наурыз ару»,  «Күн», «Боран» сынды кейіпкерлері бүлдіршіндерге танымдық жағынан ой қосады.  Жастар театры Астана қаласының Оқушылар сарайының 2- қабатында орналасқан. Уақыт тауып барсаңыздар,   «Меккеге қарай ұзақ жол», «Көк пен жердің арасы», «Көзіме бір көрінсең бала ғашық», «Шырақ жанған түн», «Кармен» спектакльдерін,   «Махаббат миниатюралары» атты театрландырылған концерттік бағдарламаны және әдемі ертегілерді тамашалай аласыздар.

***

Құрметті режиссерлер,  актер қауымы және жалпы театр қызметкерлері!

 Өнерге деген құрмет пен шеберліктеріңізге мың алғыс! Өз өмірінде қайғылы жағдай болып жатса да біреу болып күлетін, олар – сіздер. Ғаламторынан бастап, сан түрлі ғажайыпқа толы, жаһандану жұтып бара жатқан мына ғасырда көрерменді тек шынайы шеберліктен өзге ештеңе селт еткізбесі анық.  Мәңгілікке таңдап алған мамандықтарыңызға деген адал еңбектеріңізге рақмет айтамыз.  Көрерменді өмірмен бетпе-бет алып келіп, сан мың сұраққа жауап тауып қайтаратын, жанға рахат, рухани күш беретін де сіздер! Сіздерге бүгін мереке болса, өнерлеріңізді тамашалап жүрген көрермен қауымына күнде мереке! Мереке құтты болсын!  Бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын!

 

Ендеше,

...Театр, сен өнердің сәнісің,

Жүректерге шуақ берер нәрісің.

Үзілісте ғана сөніп жарығың,

Үзілісте шымылдығың жабылсын  дейміз.

 

Құрметпен, барлық көрерменнің атынан, Әсел Мұздыбай

 

Астана, 27.03.14.

Бөлісу: