Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні

4 Маусым 2022, 09:08 6398

4 маусым – елімізде мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. 1992 жылы дәл осы күні мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның елтаңбасы, туы мен гимні бекітілді. Биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды El.kz

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. 

Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде - әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Кейін, 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді. 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті жаңа мемлекеттік гимнін бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. 

Айта кетейік, 2007 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Бөлісу: