Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Тунис делегациясын қабылдады

19 Қыркүйек 2023, 13:00 1721

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Тунис Республикасы ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі Абдел Монем Белати бастаған ресми делегацияны қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Делегация құрамында сонымен қатар тунистік ірі бизнес өкілдері де болды.

Келісім азық-түлік өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың мүмкіншіліктерін қарастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Тунис делегациясының жұмыс сапары Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мырзамен кездесуден басталды. Тунис делегациясының құрамында ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі Абдел Монем Белатимен қатар Тунистің кәсіпкерлер палатасының (UTICA) президенті Самир Мажул де бар. Қазақстан мен Тунис Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері болғандықтан, екі ел делегациясының кездесулеріне АҚИҰ бас директоры, профессор Ерлан Байдәулет те қатысты. Қазақстандық азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеушілермен өзара ынтымақтастықты талқылады.

Сондай-ақ тунистік делегация жергілікті бөлшек сауда компанияларымен кездесіп, Тунистің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін Қазақстанда саудалау мүмкіншіліктерін бағамдады.

Тунис делегациясы Қазақстан Астық өңдеушілер одағы төрағасы Нұрлан Оспановпен кездесті. Бидай, арпа және басқа дәнді дақылдарды Қазақстаннан Туниске тікелей тасымалдау бойынша серіктестік орнату перспективасы қарастырылды. Тараптар сұхбат барысында екі ел арасында делдалдарды қысқартып, тиімді астық саудасын қамтамасыз ететін тасымал тізбегін оңтайландыру жолдарын талқылады.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: