Азық-түлік бағасы бір айда тағы 1,8 пайызға қымбаттады

2 Желтоқсан 2022, 21:14 1353

2022 жылдың қарашасында жылдық есептеуде 19,6% құраған

Елімізде қарашада айлық инфляция деңгейі қазан айымен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 1,4% құрады. Десе де, өткен айда азық-түлік тауарлары тағы 1,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,6 пайызға, ал ақылы қызметтер 0,8 пайызға өскен, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге сәйкес, қарашада Қазақстанда азық-түлік тауарларының ішінде қияр – 41,5%, қызанақ – 26,1%, жұмыртқа – 6,7%, пияз – 5,9%, күріш – 3,5%, қаймақ – 3,4% жаңа піскен жеміс – 3%, тұздалған майшабақ – 2,7%, айран – 2,5%, сүт – 2,4%, кондитерлік өнімдер – 1,6%, ірімшік және сүзбе 1,5% қымбаттаған. Ал сәбіз бағасы керісінше 2,9%, құмшекер 1,9%-ға арзандаған.

Сол сияқты 2022 жылдың қазан айымен салыстырғанда қарашада азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 1,6%-ға өскен. Сонымен бірге өткен айда дизель отыны – 13,9%, тас көмір – 2,6%, ағаш отыны 1,6% қымбаттағаны белгілі болып отыр.

Бұдан бөлек жуу және тазалау құралдарының бағасы 4,1%, жеке пайдаланылатын тауарлардікі – 2,8%, киім және аяқкиім, ыдыс, тоқыма бұйымдарының бағасы 1,6%-ға өскен. Ақылы қызметтердің бағасы да өткен айда 0,8%-ға өскен. Бағаның өсуі қоғамдық тамақтандыру қызметтерінде 2,7%, монша қызметтерінде – 1,9%, шаштараз бен сұлулық салондары қызметтерінде – 1,8%, денсаулық сақтау, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерде – 1,7%, қонақ үй қызметтерінде 1%-ды құрады.

Осылайша, инфляция көлемі 2022 жылдың қарашасында жылдық есептеуде 19,6% құраған.

EL.KZ
Бөлісу: