30 Маусым 2014, 12:00
Мен Құдайдың барлығына күмәнданбаймын,
Құдайдың барлығына сендiргiсi келетiндердiң
дәлел-дәйектерiне күмәнданамын.
Цицерон.
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам,
тағдыр да менi бай қылмас.
Т.Айбергенов.
Кiрiспе орнына
Әзiрге тұрақты қоныс таба қоймаған менiң көшпелi шағын кiтапханамда iшiнде шырақшысы да, қарақшысы да кезiгетiн арғы-бергi белгiлi-белгiсiз ақындардың жыр жинақтарымен бiрге көне Мысыр, Эллада, Рим, Кiшi Азия мен Таяу Шығыстың бағзы тарихынан сыр шертетiн кiтаптар да баршылық. Олар әдетте түркi тарихына қатысты кiтаптармен қатар тұрады. Әртүрлi халықтардың өткенiнен хабардар ететiн осы бiр кiтаптардың сөредегi бейбiт көршiлiгi маған адамзат баласы қанша талпынса да әзiрге қолын жеткiзе алмай келе жатқан татулықтың символы секiлдi.
Бiрде «Евангелиеден» мысал келтiргенiм үшiн, ауылдағы ағамнан ескертпе алғаным бар. Шамасы, ағам менi Ғайса iлiмiмен әуестенiп жүр деп ұғынса керек. Аға ниетiне түсiнiстiкпен қараймын. Бiрақ, амал қанша, қазақ әдебиетi тарихында «Тәурат» пен «Iзгi хабардан» алғаш мысал келтiрген мен емес. Менен бұрын да талайлар келтiрген, менен кейiн де келтiре бермек. Мысалы, жебiрей пайғамбарының қасiреттi өмiрi туралы, түпкi желiсi «библиялық» «Жүсiп-Зылиха» қисса-дастанын иудаизмдi дәрiптедi деп қазақ жазба әдебиетiнiң тарихынан сызып тастай аламыз ба? Сүлеймен, Дәуiт, Мұса туралы әңгiмелердi ше?..
Шындық қиқалауға көнбейдi. Өз кезегiнде мен бабаларымыз «Тәураттан» жекелеген аңыздық желiлердi алып қана қоймай, ретi келгенде оған өз туған топырағында дүниеге келген аңыздарды да еншiлеп берiп отырғандығына сенiмдiмiн. Солардың бiрi топан суға қатысты әфсана деп ойлаймын.
Расында да, жергiлiктi қазақ аңызы топан судың нөпiр толқынында шайқалып келе жатқан Нұх пайғамбардың кемесiн аты дардай болғанмен, көрер көзге қораш Қазығұртқа қайырлатуын қалай түсiнуге болады? Пайғамбар бiткендi түгел иемденiп алған жебiрей, араб туғандармен бәсеке деймiз бе? Әлде орта ғасырлардағы ислам экспансиясы кезiнен қалған жұрнақ па? Керiсiнше, ұлы дiндер мен пайғамбарлардың беделiн былай ысыра тұрып, топан су мен Нұх пайғамбар жайлы аңыз бабаларымыздың төл тумасы едi деген батыл тұжырым жасасақ ше? Сөйтiп, бабаларымыздың бiтiк тастарға ғана емес, «Тәурат» - «Библияға» да авторлық құқығы барлығын қорғауға кiрiссек. Таяу Шығыс пен Кiшi Азия, қашаннан түркi мекенi болған Ұлы Даланың бағзы тарихы мұндай болжамның негiзсiз еместiгiн мегзейдi.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»