Азия жамбы ату федерациясының алғашқы конференциясы өтті

15 Сәуір, 14:31 591

14 сәуірде Шымкент қаласында Азия жамбы ату федерациясының алғашқы конференциясы өтті. Бұл конференция 14-18 аралығында Шымкент қаласында өтетін жамбы атудан ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты қарсаңында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияда сары құрлықтың 10-нан аса федерациясы Азиялық федерацияның мүшелігіне енді.

Мүшелікке ену отырысы Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Тайланд, Моңғолия, Сауд Арабиясы және Қазақстан жамбы ату федерация өкілдерінің қатысуымен өтті.

Алғы сөз конференция модераторы, Қазақстан Республикасы жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Маратұлының Азия жамбы ату федерациясының алдағы 5 жылдық жұмыс жоспарының таныстырылым сөзімен басталды.

Тарих беттерінде айрықша із қалдыратын, ерекше оқиғаға бірге куә болып отырғанымызға қуаныштымын. Бүгін бас қосуымыздың басты себебі 2024 жылы құрылған Азия жамбы ату федерациясының басшылық құрамын дауыс беру арқылы анықтау. Және алдағы 5 жылдық жоспарымызды ұсынып, ақылдасу, - дейді ҚР жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Маратұлы.

Бақдәулет Маратұлының ұсынысымен Азия жамбы ату федерациясының президенті лауазымына ҚР жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Сайдуллаұлы ұсынылды. Бұл ұсынысты барлық федерация өкілдері бірауыздан мақұлдады.

Азия федерациясының вице-президентіне Қытай Халық Республикасының өкілі Джанг Ли сайланып, федерацияның бас төрешісі қызметіне Оңтүстік Африкалық Амали Рачке сайланды.

Ресми кездесудің жалғасы жамбы ату спортының әлемдегі даму қарқыны жайында болды. Сөз кезегін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев алып, ел астанасында қыркүйектің 8-14 аралығында өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоспарымен таныстырды.

Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты жамбы атуды 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарының қатарына ену. Жиынға қатысушылар осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге келісті. Енді жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізілетін болды. Ұлттық спортымызды халықаралық аренада дамытуға қызығушылық танытқан елдердің көп болуы бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында өтеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: