Қазіргі Қазақстанның дәстүрлі толеранттылығы

23 Қазан 2014, 04:57

Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің орталығы! Әрбір ел өзі жайында осылай деп мәлімдеме жасай алмас.

Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде конфессиялық әртүрлілік қалыптасты, оның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі діндер де (ислам, православиелік хистиандық), сондай-ақ, бұрын Қазақстанда болмаған дәстүрлі емес діни ағымдардың жаңа ұйымдары да болды. Көзқарастардың, мәдениеттер мен дәстүрлердің осындай әртүрлілігіне қарамастан, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы қоғам өміріне бүліктер мен тәртіпсіздіктер алып келетін ұлттық немесе діни негіздегі қақтығыстарды жеңе білген жалғыз мемлекет болып қалып отыр. 

ӘЛЕМДЕ БАЛАМАСЫ ЖОҚ СЪЕЗД

Конфессияаралық және ұлтаралық келісімді қалыптастырда бірнеше жылдан бері Астана қаласында өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері съездерінің ролі орасан. 2012 жылы кезекті төртінші съезд өткізілді. Өткенге бұрылып қарайтын болсақ, форум тақырыбының, оған қатысушылар санының қалай өзгергенін байқаймыз, бірақ та, ең бастысы, осы іс-шараның мәні ғана өзгерген жоқ – ол түрлі дін өкілдерінің арасындағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің төрт съезінің хроникалы оқиғаларын қорытындылай келе, ол қазіргі әлемдегі басты әрі өзекті мәселелер мен проблемаларды біртіндеп және жүйелі түрде күн тәртібіне шығарғанын айтуға болады. Саммиттің жұмысы барысында осы мәселелерді талқылау нысанына айналдырған шараға қатысушылар қоғамдар мен мемлекеттердің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сақтау деген басты мақсатты алға қоя отырып, жаһандану жағдайындағы әлемнің түрлі жаңа қауіп-қатерлеріне қарсы қоятын тиісті тетіктерді жасауға тырысты. Одан қалды, төрт съезд кезінде салтанат құрған үнқатысу алаңының арқасында діни жетекшілер әрдайым осынау ғаламшарымыздың келешегі үшін өзара түсіністікке, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырып, халықтарға, қоғамдарға, мемлекеттерге үндеу тастады.

ЕКПІНДІ ЖҰМЫСТЫҢ ЕКІ ЖЫЛЫ

Алғаш құрылған кезден бастап Агенттік өз қызметін еліміздің рухани саладағы қауіпсіздігіне ықпал ететін ведомствоның басты міндетін шешуге жұмылдырды: ол – дін саласындағы жаңа Заңды дайындап, іске асыру. Жаңа Заңның қабылдануы уақыттың талабы, мемлекетіміздің дін саласындағы өзінің стратегиялық бағытын айқындаған кезең болды. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 4551 діни бірлестік жұмыс істеп тұрған. 2012 жылдың 25 қазан күні аяқталған қайта тіркеу нәтижесінде олардың саны 3088-ге дейін қысқарды. Діни бірлестіктер саны үштен бірінің азаюы бірқатар себептер бойынша өздерінің заңдылығын дәлелдей алмаған бірлестіктер есебінен орын алды. Жалған діни құрылымдар мен құрылтайшылық құжаттарында дәлелсіз мәліметтерді ұсынған бірқатар діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткізілген жоқ.

Отандық сарапшылардың жұмыстары негізінде діни бірлестіктерді жаңаша жіктеу үлгісі ұсынылып, соның арқасында конфессиялар мен деноминациялар саны 46-дан 18-ге қысқарды. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында біздің алдымызға еліміздің дәстүрлі және мәдени нормаларына сәйкес келетін қазақстандықтардың діни санасын қалыптастыру туралы аса маңызды тапсырманы қойған болатын.
Агенттік алдындағы басты мәселелердің бірі – діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу бойынша жұмыстар болып табылады.
Агенттік жүргізіп отырған ақпараттық-насихат жұмыстарының елеулі бөлігі Қазақстан азаматтарын дәстүрлі емес діни және жалған діни ағым ағымдардың ықпалынан қорғауға, радикалды діни идеологиялардың таралуына қарсы күресуге бағытталуда.
Бүгінде Агенттік Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысуда.

ҚХА – ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ИНСТИТУТЫ

Конфессияаралық және ұлтаралық келісімді қалыптастыруда елеулі роль толеранттылық пен Қазақстанның қалыптасу институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясына лайықты түрде берілуде. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың су жаңа саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы концептуалды идеяны айтқанына 21 жыл толады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен қолға алынған этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі – ҚХА – Президенттің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен құрылды. Содан бері өткен 17 жылдың ішінде Ассамблея Президент жанындағы консультативтік-кеңес органынан модернизацияланған Қазақстан қоғамының толыққанды саяси институтына айналды. Бұған 2008 жылдың 20 қазанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы дәлел бола алады. Онда «Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлiн арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қазақстандық азаматтық бiрдейлiктi және бәсекеге қабiлеттi ұлтты қалыптастыру процесiңде Қазақстан Республикасында этносаралық келiсiмдi қамтамасыз ету болып табылады», – деп тұжырымды түрде айтылған. Ал Ассамблеяның негізгі міндеттері тізімінде бірінші кезекте «Этносаралық қатынастар саласында мемлекеттiк органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиiмдi өзара iс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келiсiмдi және толеранттықты одан әрi нығайту үшiн қолайлы жағдайлар жасау» делінген. Осы айтылғандар негізіндеҚХА туралы заң актісінде толеранттылық қағидасы жатқандығын көреміз. Қазіргі заманғы түсініктегі толеранттылық – бұрығныдай тек төзімді болу ғана емес, ол тұжырымды түрде ерекшеленетін басқа ұстанымдағы, бірақ екі жақта мүдделес болып табылатын ортақ құндылықтары бар адамға деген жылы ниетті қатынас.
ҚХА-ның негізгі институттарының бірі ретіндегі толеранттылық туралы оның қызметіндегі «нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге деген қатынасына, нанымдарына немесе кез келген өзге де жағдайларына қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi» деген қағидасы дәлел болады.
Қазақстан Республикасның мемлекеттік, ұлттық саясатының негізгі бес қағидасының ішінен Ассамблеяның өзі атсалысқан «Толеранттылық пен жауапкершілік» қағидасын айрықша бөле-жара атауға болады. Бұл қағиданың жалпы қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтіндігіне дәлел ретінде БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Қазақстан түрлі этностар бір жерде бейбітшілікте өмір сүретін, этникалық әртүрліліктен жамандықты емес, жақсылықты көре білетін мемлекеттің үлгісі бола алады», – деген сөздерін келтіруге болады Ассамблея құрылған кезден бастап Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оған тұрақты төрағасы болуы Ассамблеяның әлемдік қауымдастықтағы беделін арттыра түседі. Әлемдегі жетекші саясаткер Маргарет Тэтчер республикамыздағы толеранттылық саясатының нәтижесін бағалай келе: «Тәуелсіздік алған кезден бастап Сіздің алысты көре білетін саясатыңыз еліңізді бостандыққа апаратын жолға алып шықты. Бәлкім, пессимистер Сіздің еліңіздегі этникалық және діни әртүрлілік қақтығыстардың туындауына себепші болып, Қазақстанды әлсіретеді деп ойлаған шығар. Алайда, бәрі керісінше шығып отыр, Қазақстан өзінің әртүрлілігінің арқасында гүлденуде, ол өзіндегі әртүрлі дәстүрлер мен діндер байлығының арқасында одан сайын мықты бола түсті. Сіздер бұл жағынан көпке үлгі боласыздар», – деп жазды.

ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ДОКТРИНАСЫ

Ассамблеяның басты мақсаты туралы айтқанда, әлбетте, оның мемлекеттік ұлттық саясаттың негізі болып табылатын Ұлттық бірлік доктринасын іске асыруға атсалысқаны жайында сөз қозғау орынды. Қазақстанның ұлттық бірлігі докстринасында айтылғандай, «Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды». «Әртүрліліктегі бірлік» болып табылатын Қазақстан халқының толеранттылығы біздің ортақ жетістігіміз, ал этностар арасындағы келісім – біздің басты жетістігіміз, делінеді Доктринада. Басқа кез келген бағдарламалық құжат секілді, Доктрина үш негізгі қағидаға негізделеді. Бірінші негізгі қағида – әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының - Қазақстан Республикасының - ортақ екенін ұғыну. Екінші негізгі қағида – этникалық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру. Ұлттық бірліктің үшінші негізгі қағидасы – іріктіруші және бекітуші бастау ретінде Ұлт Рухын нығайту және дамыту. Осы үш қағиданың барлығы ұлттық бірлік идеясына негізделген. Бүгінде Президентіміз құрған әрі басқаратын Ассамблея этномәдени қауымдастықтарды біртұтас Қазақстан халқы етіп біріктіретін демократияның өкілетті органы ғана емес, сонымен қатар, интеграция арқылы Қазақстан халқының этномәдениетін, тілдері мен салт-дәстүрлерін сақтап, дамытып отырған толеранттылық институты. Кез келген қоғамныңбасты міндеті – әлеуметтік теңдікті сақтау, қандайда формадағы экономикалық, саяси қақтығыстарды, дағдарыстарды болдырмау. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінде діндер емес, адамдар мен мемлекеттер бір-бірімен жауласуда», – деген болатын. ХХІ ғасырдағы жаһандану және ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс жағдайында әлемдік қауымдастықта бір миллиардтан астам жұмыссыз бар, олардың төрттен бірі – оқыған азаматтар. Жұмыстың жоқтығынан әрі қазіргі әлемдік қауымдастықтағы әлеуметтік кепілдеменің төмендеуінен рухани құндылықтардың, гуманизмнің әсіресе жастар арасында дағдарысқа түсуі қарқын алады. Соның салдарынан, біржағынан, кез келген жолмен баюды көздеген көзқарастар, діни құндылықтар мен ғұрыптарды қорлау белең алса, екінші жағынан, кейбір жағдайларда терроризмге ұласып кетіп жатқан діни экстремизм күшейеді. Қоғамның рухани өмірінің саласы болып табылатын дін қашан да имансыздық пен ашкөздіктің жолын тосатын кедергі болды, сондай-ақ, ол халық дәстүрі мен ғұрыптарыныңданалық қайнары болып табылады. Осыған орай, қазіргі таңдағы діннің ролін айтып өткен Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында халықаралық қатынастардың тиімді моделін ұсынып, оны «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» деп атады. Бұл дағдарыстан сенімді қорғалған, тиімді әлемдік валютасы бар, сауда мен ынтымақтастықтың әділетті жүйесі орнаған гүлденген жаһандық экономика. Бұл – жоғары технологиялар барлық адамдардың бақыты мен аман-саулығына қызмет ететін әлем. Бұл – аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің мығым негіздері орнаған, халықтар мен мемлекеттер арасындағы әділеттілік пен сенім әлемі. Бұл – барлық түйткілдер келісім мен құрмет негізінде шешілетін ұлттардың төзімді қоғамдастығы. Бұл – ядролық қару қаупінен құтылған, жаппай қырып-жою қаруынан азат біздің ғаламшарымыз. Одақ құлағаннан кейін қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тарту арқылы басқа ядролық державаларға деген сенімді қатынасы мен толеранттылығын паш етті. Көптеген көрнекті саясаткерлердің пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған G-GLOBAL идеясы мен формасы ғаламдық халықаралық ынтымақтастық пен толеранттылық үшін ғаламшарымыздағы бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін паш етеді. «Біз этносаралық келісімнің өзіндік моделін жасадық, – деп мәлімдеді Президент. – Сондықтан да біздің қоғамымызда 20 жылдан астам уақыттан бері рухани өрлеу үрдісі жалғасуда».

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БОЛМЫСЫ МЕН РУХЫ

Қазақ халқы ғасырлар бойы өзге дін өкілдеріне деген сыйластығымен және толеранттылығымен ерекшеленді. Қазақтардың мәдени-этикалық дәстүрлерінен мұра ретінде жеткен, бір жерде өмір кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің рухани өмірлеріне деген төзімді қатынас қазіргі және келешек өмірімізде азаматтық бейбітшілікті сақтауға жақсы негіз болып табылады. Әсіресе, Баласағұни, Қ.А. Яссауи, әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Мағжан Жұмабаев, Ыбырай Алтынсарин сынды қазақ ойшылдарының, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский, А.П. Чехов сияқты орыс жазушыларының пәлсапалық еңбектерінде толеранттылық пен рухани келісім идеялары сайрап жатыр.

Енді, міне, бастан өткерген жылдарды артта қалдырып, бүгінде еліміздегі орын алған жақсы өзгерістер Қазақстан халқының этникараралық татулығы мен үйлесімі арқасында сәтті жүзеге асқандығын сеніммен айта аламыз. Бейбітшілік пен тыныштық әрбір үйдің төріне енді. Қазіргі күні Мысырдағы, Сириядағы жағдайларды, мигранттар ағылып келіп жатқан Еуропа елдеріндегі жағдайларды көріп отырып, ашық мемлекеттік стратегия болған кезде бірлік пен әртүрлілік түсініктері бір-біріне қайшы келмейтінін, керісінше бірін-бірі толықтыратынын мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен көрегенділігіне тағы бір аңғарасың. Және біз осыған анық көз жеткіздік. Еліміз бүгінде қақтығыстар мен қайшылықтардың індетін жоятын өзіндік бір шипа іспеттес. Оның үстіне, Қазақстан бүкіл әлемге достық пенкелісімнің үлгісін паш етуде. 
Өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп жазады: «...Қазақстан формальді түрде ғана емес, санасы тарихи тұрғыдағыдіни төзімділікке құрылған Қазақстан халқының болмысы мен рухы бойынша, іс жүзінде де зайырлы мемлекет болып табылады». Және бүгінде әрбір қазақстандықтың қай ұлттан болғанына қарамастан, өз ана тілін оқып-үйренуі, өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауы үшін елімізде барлық жағдайлар жасалынып отырғандығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салмақты саясатының арқасы екендігі бесенеден белгілі. Түрлі конфессиялар арасында өзара сыйластық, төзімділік және сенімді қарым-қатынас нығаюда. Бүгінде біз Қазақстан Республикасы 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері үшін туған үй болып табылатындығын бір ауыздан мойындаймыз. Және біз бүгінде Қазақстан Еуразияның өркениеттілік палитрасын бойына жиған бірегей ел екенін әрі этникалық, мәдени және діни әртүрлілігіне қарамастан, елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалғанын да мойындаймыз. Енді алдағы уақытта осы этникалық және діни әртүрлілікті сақтап қалу ғана емес, оны кейінгі ұрпаққа табыстаудың да маңызды екендігін түсінеміз.

Бөлісу: