16 Қазан 2014, 05:58
Ұлы Даланың сонау Кавказдан Амурға шейінгі төсінде, əрбірі өзіндік тайпа атымен жүрген, түрік халықтары жасаған.
Олардың тек бір бөлегі ғана шығысқа ауып, шоғырланып, “телілескен” - шындығы, бірлікке келіп анағұрлым түріктескен. Ең соңында түрік тілді сақ ұрпағы мемлекет құрып, Түрік қағанатына ұйысқан.
Үйсін ғана емес, жалпы түріктер ежелгі сақтардың басты бұтақтарының бірі. Бейне Жақып Мырзаханов өзінің «Қазақ халқы жəне оның салт-санасы» (Шынжаң халық баспасы. 1992.) деген еңбегінде айтқандай, “Ғұндардың орнын басып, түріктердің құдіретті Көктүрік қағанатын құруы аяқ астынан бола қалған емес. Оны ежелгі осы мекендегі Ғұн тайпаларының өз атамекенінде қалған ұрпақтары мен б. з. б. батыстан шығысқа қоныс аударған тиграхауда сақ ұрпақтарының ұзақ тарихи барыста тоғысуы арқылы қалыптасқан тайпалық одақ (ең дұрысы кəдімгідей мемлекет. - С. Ж.) деп қарау керек” . Ал Үйсін, Қаңлы, Аландар – оның бұтарлары, бір-бір ұлысы ғана. Түрік қағанаты шаңырақ көтеріп, күшейгенше, түрік аты жалпыласқанша талай түрік тілді тайпалар өзіндік тайпа аттарымен (мысалы, Үйсін, Қаңлы, Алан, т. б. деп) жүре тұрған.
Жақып Мырзаханов жоғарыдағы шығармасында, Хəн жылнамаларындағы түрікке қатысты төрт-бес аңызды айта келіп, “Бұл аңыздардың ең тамаша жері -түріктердің ата-бабасы Сақ елінен деп айтуынан тыс, олардың мекені Ғұн елінің солтүстігінде делінуі (Ғұн қағанатының сан тайпаның басын құраған одақ екені есіңізде болар. - С. Ж. ). Бұл б. з. б. IV- III ғасырда батыстан шығысқа ауған тигра- хауда сақтарының Енисей, Абақан, Кем өзендерінің аңғарларына дейін барғанын меңзейді. Аңыздағы Сақ елінің Апам бек заманынан қалған он жеті ұлының бірі Егіл Ныша Чордың төрт ұлының біреуінің жабайы ақ қазға айналып кеткендігі бізді қазақ халқының аты қалай шыққаны туралы аңыздардағы аққуға байланысты аңыздарға жетелейді” деген екен. Əлемдегі кез-келген ұлт тарихының ең алғашқы беттері - аңыз. Өзгенің аңызынан ғылыми дерек тауып, өз халқының аңызына күле қарау келіспес. Бұл аңыздарды ғылыми елексіз қабылдай берелік дегендік те емес, əрине.
Əлбетте, төрт жақтың (батыстық Гередод, т. б., шығыстық Сыма Чян сықылдылар мен түстіктік араб, парсы тарихшылары жəне жергілікті түрік тарихшы-шежірешілер тарапының) бізге кезігіп отырған деректері ара қайшылықтарды салыстыру, талдау, сараптау, айқындау алдағы міндетіміз.
“Түрік” атауының төркіні Алтай тауының пішінінде ме, жоқ Нағыд Түрік Шадтың атына қатысты ма, немесе өзге аңыздардағыдай ма, не басқа лингвистикалық (қазақ тілінде сақ, түрік дегендер - мазмұны жуық сөздер)қисын бар ма, . . . былайғы жерде зерттеуіміз керек. Меніңше ол “түрік” деген -түрік тілді халықтың төл сөзі. Қазақ тілінде қазірге дейін бар. Мағынасы -көтеріңкі, жоғары. Мүмкін ол кезінде, “Төр” (үйдің есігіне қарсыдағы жоғарғы жағы), “Төре” (үстемдік етуші, ақсүйек), “Төрелік” (төре тұқымына тəн қасиет) дегендерден шыққан да болар. Қай тайпа өзін төмен санайды. Күшейген соң тіпті өрлей түседі емес пе. Мұсатай Ақынжанов та: Түріктер“көпшілікті билеп, басқалардың есесінен баюға талпынған, билік айтуға ұмтылған дəулетті адамдар тобы. Сондықтан олар өздерін өздері көтермелеп төрлік деп атады. Төрліктен келе-келе түрік деген атақ пайда болды” деп бұл ойымызды əлдеқашан құптаған болатын. Былайша айтқанда, түрік - еті тірі, сақ, қажыр қайратты деген мағыналарға да ие сөз. Бəлкім ол əу баста “тірік” дегеннен (қазіргі түрік тілділердің талайында бар жанды, сергек мағыналы сөзден) шыққан да болар. Қазір қазақтарда “құлағы түрік”, “қара түрік” деген сөздер əлі де бар.